Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік комиссия төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес, Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы мен ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірлесіп, жоспарлы аудит жұмыстарын жүргізген болатын. Оның қорытындысымен анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою және болдырмау бағытында іс-шаралар жоспары жасақталды. Соның шеңберінде білім беру саласы қызметкерлеріне арналған жиын өткізілді.

Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

Жиынды Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Руслан Бектемір кіріспе сөзбен ашып, мақсаты мен маңызына тоқталды. Күн тәртібіндегі мәселе жөнінде Тексеру комиссиясының мүшесі Асылан Құмаров баяндады.

Оның айтуынша, аудит барысында анықталған заң бұзушылықтар негізінен бюджет кодексінің, мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, сәулет саласындағы заңнамалардың бұрмалануы, сондай-ақ, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік  жүйесіндегі нормативтік-құқықтық актілер талаптарының сақталмауы салдарынан орын алған.

Жыл сайын білім беру саласына мемлекеттен қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, талдау нәтижелері көрсеткеніндей, бірқатар білім беру мекемелерінің басшылары қолданыстағы заңдылықтар мен талаптарын жете білмегендіктен, біліктіліктерінің жеткіліксіздігінен ішкі қаржылық  жұмыстарды дұрыс үйлестіріп, ұйымдастырмайды. Сол үшін де әкімшілік және тәртіптік  жауапкершілікке тартылып жатады. Араларында қызметінен босатылғандары да кездеседі.

Кемшіліктердің белең алуына себепші жайттарға үңілсек, көбінесе  білім беру мекемелерінің басшылары қандай ма құжатқа болмасын өзінің құзырындағы бірінші болып қол қою құқығын есепшілеріне сеніп тапсырады да, электрондық нұсқасын тексермейді. Содан келіп, мекеме қызметкерлеріне тиесілі қаражатты артығымен  аударып алу фактілеріне жол беріледі. Сол сияқты, бюджеттік өтінімдерді жасақтау барысында оны дәлелдейтін құжаттары болмаса да, жоғары тұрған басқару органының ауызша нұсқауы негізінде тапсыра салу, оған қоса жыл соңында қаржы бөлімдерінің ауызша берілген нұсқауы бойынша дебиторлық-кредиторлық берешектерді жасыру немесе бюджет қаражатын игеру мақсатында артық ақша аударып жіберу жағдайлары ұшырасады.

Бұдан бөлек, мамандығы немесе дипломы сәйкес келмейтін мұғалімдердің білім беру мекемелерінде жұмыс жасауы өз кезегінде білім сапасы мен үлгерім деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Аудиттік тексерумен қамтылған кейбір нысандарда «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптарының өрескел бұзылғандығы әшкереленді. Яғни, коммуналдық меншіктегі мүліктерді қаржы бөлімдерінің шешімінсіз, жоғарыдан берілген ауызша нұсқама негізінде мекеменің балансына өткізіп, тозығы жетпеген мүлікті өздерінің шешімімен есептен шығарып жіберген.

Аудитті жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын бұзу фактілерінің орын алғандығы айтылды. Бұған басты себеп болған фактор – заң талаптарының дұрыс меңгерілмеуі. Тапсырыс беруші мен әлеуетті өнім беруші тараптар арасында жасалған келісім-шартта  көзделген міндеттемелердің уақытылы немесе толыққанды орындалмағандығына қарамастан, бұл жөнінде сот органдарына ешқандай талап-арыз жолданбаған, өсімпұлды өсіру жөнінде ұйғарым жасалмаған. Мұндай жағдай тексерілген 50 мектептің 45-іне  тән болып отыр.

Баяндама бойынша ой-пікір, ұсыныстар айтылды. Әңгіменің түйіні – қандай да болмасын заң бұзушылықтың сыбайлас жемқорлыққа жетелейтіндігіне немесе соған апарар жол болып табылатындығына тірелді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button