Жасындай жарқылдаған ғұмыр
Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Жыл сайын жеміс ағаштары бүр жарған мамыражай мамыр айында Жер-Ана бір күрсініп, қанқұйлы соғыста қыршын кеткен боздақтарын үнсіз еске алады.
Ал, сол сұрапылдан аман-сау жеңіспен елге оралған жауынгерлер шинелін шешпестен соғыстан бүлінген шаруашылықты қайта қалпына келтіруге білек сыбана кірісіп, бейбіт өмір майданында да алғы шептен көрініп еді. Солардың бірі – соғыс және еңбек ардагері, бұл күнде арамызда жоқ Темірхан Бимақовты Атырау жұртшылығы ұмыта қоймаған болар. Өйткені, оның артында сөзі мен ізі, әке даңқын аспандатар тәрбиелі ұрпақтары қалды.
Киелі Қызылқоға топырағында 1924 жылы дүние есігін ашқан Темірхан Бимақұлы өрімдей он сегіз жасында оқ пен оттың ортасына түсем деп әсте ойламаған еді. Ол 1942-1943 жылдары Гурьев қаласындағы жаяу әскер училищесінде оқып, лейтенант шенімен майданға аттанады. Соғыс өрті өршіп тұрған 1943 жылы наурыз айында 1-ші Украина майданы құрамындағы 53-ші атқыштар дивизиясына қарасты 475-ші атқыштар полкының сапында алғаш рет ұрыс алаңына кіреді.
Қаруластарымен бірге талай кескілескен шайқастарға қатысып, жаудың бетін қайырған қайсар рухты қазақ жігіті намысты қолдан бермей, соғыс тактикасын меңгерген білікті офицер ретінде майданның алғы шебінде жасындай жарқылдады. Әсіресе, тарихта аты қалған Ұлы Отан соғысындағы шешуші шайқастардың бірі – Днепрден өту кезінде жан беріп, жан алысып, неміс басқыншыларының алдын ала ойластырылған ұрыс қимылдарының жолын кесіп, Жеңіске бір табан жақындай түсті. Қаншама боздақ су түбіне батты, қаншасы оққа ұшты?!
Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Аузынан ажал бүріккен автоматтар мен зеңбіректер бір тынбай сақылдап, Днепр өзені қанға боялды. Соған қарамастан өршелене алға ұмтылған өр рухты жауынгерлер жаудың сағын сындырып, шабуылдарына тойтарыс берді. Сол бір аласапыран шақта аға лейтенант Темірхан Бимақовтың сол жақ қолы мен иығына оқ тиеді. Ұрыс алаңында қан жоса болып, естүссіз жатқан жас офицерге атыс саябырсыған сәтте соңдарынан жеткен далалық медсанбат дәрігерлері емдомын жасап, көп қан жоғалтқан оны жедел жылжымалы әскери ауруханаға жеткізеді.
Тәңірінің назары түскен Темірхан ағамыздың көрер жарығы бар екен, госпитальда ұзақ жатып емделген ол әскери медициналық- сараптамалық комиссияның ортақ ұйғарымымен соғысқа жарамсыз болып, елге оралады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін Темірхан Бимақұлы 2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «19411945 жылдары Германияны жеңгені үшін», басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Тумысынан талантты, зерделі, парасат пайымы мол азамат соғыстан кейін Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, Қызылқоға ауданындағы Энгельс кеңшарына есепші-экономист болып қызметке орналасады. Білімге, өмірге құштар жан өндірістен қол үзбей жүріп, көршілес Орал қаласындағы ауылшаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кеңшардың бас экономисіне дейін лауазымды қызметке жоғарылаған Темірхан Бимақұлы шаруашылықтың рентабельділігін арттыру, шығынды азайту мақсатында бар білігін, күш- жігерін жұмсап, шаруашылықты өгіздей өрге сүйрейді.
Соның нәтижесінде шаруашылық сонау өткен жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары республика, одақ көлемінде атағы дүрілдеп, қатарынан бірнеше дүркін социалистік жарыстың жеңімпазы болып, одақтың Ауыспалы Қызыл Туын иеленген. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, оның тағы бір қырын айтпай кетуге болмайды. Жаратылысынан адалдықты ту еткен арлы азамат ара-тұра «байқамай» болып қалатын былық-шылыққа, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа көз жұмбайлықпен қарай алмайтын.
Шаруашылық бойынша халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметін де мінсіз атқарып, мемлекет қаржысына құныққандарға қылбұрау салып, халық алдында аймаңдай етіп әшкерелегенін көз көргендер әлі айтып жүр. Ол сонымен қатар, аудандық, облыстық газеттерге үзбей экономикалық сараптама материалдарын жариялап, өзінің қалам қарымын да танытып үлгерген.
Ол туралы әр жылдарда қалам тартқан Қазақстанның құрметті журналисі Төлеген Жаңабаев былай дейді: «Ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін экономикалық тақырыптарды жазуға келгенде алдына жан салмайтын. Қағазға түсірген әрбір цифрын бұлтартпас дәлелдермен, нақты мысалдармен талдап жазады. Сондықтан, жазғандары оқырмандардың көңілінен шығатындай жатық, түсінікті болып шығады». Азаматтың бір арманы ізін жалғастырар артына өнегелі ұрпақ қалдыру болса, Темірхан ағамыздың бұл маңызды іске де аса жауапкершілікпен қарап, жолы болды десек, қателеспейміз.
Құдай қосқан қосағы Фарида екеуі шаңырақта төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан өрбіген немере-шөберелер де бұл күнде өмірден өз орындарын тауып, ұрпақ сабақтастығы жалғасуда. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген осы. Екі майданның жауынгерін мәңгі есте қалдыру үшін Атырау қаласындағы «Өркен» ықшам ауданындағы бір көшеге соғыс және еңбек ардагері Темірхан Бимақовтың есімі берілген. Сол әке есімімен аталатын көшенің тазалығына, инфрақұрылымдарының жаңартылуына соңында қалған ұрпақтары мүдделілік танытуда. Сөйтіп, айбынды, айдынды әкенің өшпес даңқы ғасырларға жалғасары сөзсіз.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ