«Жасыл ел» ХХ еңбек маусымы басталды
Атырау қаласындағы «Тұрғындар қалашығы» шағынауданындағы саябақта облыс бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының ашылу салтаны өтті. Салтанатты іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арыстанбек Ғалымов, мамандар, аудандық жастар ресурстық орталығының басшылары, облыстық штаб мамандары, жобаның аудандық үйлестірушілері, Атырау облысының ауылдық округтеріндегі сарбаздар қатысты. Мерекелік іс-шараның басында сарбаздарға арналған интеллектуалдық QUIZ ұйымдастырылды.
Іс-шараны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арыстанбек Ғалымов құттықтау сөзімен ашты. Сарбаздарды жобаның ашылуымен құттықтаған ол алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ашылу салтанатына қатысқан сарбаздар өнерлерін ортаға салды. Жобаның соңын «Инфо Орталық» ҚБ басшысы Заманбек Құрақбай қорытындылады.
Биылғы ХХ еңбек маусымы Атырау облысы бойынша 12 маусымда басталды. Маусым айы бойынша аудандар және Атырау қаласының ауылдық округтерінде 325 сарбаз көгалдандыру және құрылыс бағыттары бойынша жұмыс жасап жатыр. Жаз айларының соңына дейін осы жоба бойынша 1000 жасты, соның ішінде 200 NEET санатындағы жасты уақытша маусымдық жұмысқа тарту жоспарланған.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ