«ЖАСЫЛ ПАКЕТ» – ЖАҢА ЖОБА
Шараның тұсаукесер рәсіміне қатынасқан жобаның дайындаушылары бұл бастаманы жан-жақты талдап, арнайы аймақтық семинар ұйымдастырды. «Жасыл пакетті» апробациялауға қатысатын жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің қатысуымен өткен басқосуда бұл жобаның тарихы мен күтілер нәтижелер туралы айтылды.
Жоба менеджері Татьяна Шакированың айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, оны сақтау үшін маңызы мол бастама орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары үшін лайықталған мультимедиялық білім беру қоры болып табылады. «Жасыл пакет» компакт дискі, мұғалімге арналған екітілді әдістемелік құрал және мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған «дилеммалар» карточкалық ойындарды қамтиды.
Айта кету керек, бұл жоба халықаралық дәрежеде танымал. Ең алғаш рет 2000 жылы Польша үшін дайындалса, 2009-2012 жылдар аралығында Орталық Азия елдері үшін жасақталған. Ал, 2011 жылы оның базалық үлгісі республикалық «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығында кешенді саралаудан өткізіліп, ҚР Білім және ғылым министрлігімен оқу үрдісінде пайдалануға ұсынылды. Бүгінгі күні тұсауын кесіп отырған жобаның жаңашылдығы екі тілде дайындалғаны болып табылады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейінгі «Жасыл пакет» 25 тараудан тұрса, қазір арнайы Қазақстан үшін қосымша үш тақырып қосылып отыр.
Жобаның тұсаукесерін тамашалаған сәтте оның оқушы санасына тез сіңуге лайықты, әрі қызықты етіп дайындалғанына куә болдық. Расында да құрастырушылардың сөзіне сүйенсек, бүгінгі күннің мәліметі бойынша Орталық және шығыс Еуропаның, Орталық Азияның 18 елінде 40 мыңға жуық мұғалім мен төрт миллион оқушы «Жасыл пакетті» қосымша білім беру қоры ретінде пайдаланып отыр.
Жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілмекші әдістемелік құрал қаламыздағы он сегіз мектептің оқыту жүйесінде қолданылатын болады. Бір күнге созылған семинар соңында қатынасушы мұғалімдерге халықаралық дәрежедегі арнайы сертификаттар тапсырылып, «Жасыл пакеттер» сыйға тартылды.
Гүлжан ӘМІРОВА.