«Zhastar up» – жастарға арналған жоба
Қазіргі жастар компьютерге сауатты ма? ІТ технологиясынан хабарлары бар ма? Сұраныстағы тілдерді қаншалықты меңгерген?
Бұл туралы «Zhastar up» жобасы аясында «Пресс Центр Азия» қоғамдық қорының Атырау қаласында ұйымдастырған семинары барысында сөз болды. Оған жастар арасында белгілі блогерлер Яков Федоров пен Өркен Кенжебек және Қазақстан жастар конгресінің өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жаңа технологияны бизнесте, оқуда және күнделікті өмірде қолдану жайы тақырыпқа арқау болды.
— Жиырма бірінші ғасырда барша әлем индустриалды сатыдан ақпараттық кезеңге өту үрдісінде тұр. Бұған дамыған елдер әлдеқашан өткенімен, посткеңестік және Азия, Африка, Оңтүстік Америка мемлекеттері әлі толықтай көше алған жоқ. Ол үшін қоғамның ақпараттық-коммуникативті технологияларды қолдану қабілеттілігін арттыру қажет. Әр адам мобильді қосымшалар, сайт пен компьютерлік бағдарламаларды қалай қолдану керектігін білуі тиіс, — дейді блогерлер. Оның үстіне, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жанындағы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жастарға зор қолдау танытып отыр. Ол ел аумағында әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды іске асырады.
Жалпы, жастардың белсенділігін арттыру мақсатында осыған дейін де талай жобалар жүзеге асты. Ал, «Zhastar up» жобасының артықшылығы неде? Оның аясында еліміздің алты аймағында ақпараттық технологияларды үйрету бағытында семинарлар өтіп тұрмақ. Соңында оқушылар мен студенттер өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
А.ШАМАР.