Жастар арасында пікірсайыс турнирі өтті
Бүгін Абай орталығында облыстық ішкі саясат басқармасы мен Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан – таза аймақ» акциясы аясында жас пікірсайысшылардың турнирі өтті.
Турнирдің негізгі мақсаты – қатысушылардың ойлау, сөйлеу және дәлел келтіру дағдыларын дамыту. Мұндай іс-шаралар жастардың талқылау мен пікір алмасу қабілеттерін жетілдіруге көмектесіп, өз пікірін сенімді түрде жеткізуге және басқа көзқарастарға құрметпен қарауға үйретеді.
– Бұл іс-шара қоғамдық мәселелерді талқылауға және түрлі көзқарастарды тыңдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Сонымен қатар, пікірсайыс турнирлері қатысушылардың лидерлік қасиеттерін дамытып, логикалық ойлау қабілетін жақсартуға және өз ойларын тиімді жеткізуге көмектеседі. Турнир 14-25 жас аралығындағы жастарды қамтып, әр командадан 2 адамнан құралған 12 команда арасында өтуде, – дейді Атырау қаласы Жастар ресурстық орталығы Кеңес беру бөлімінің маманы Нұрмұхан Абдоллаұлы.
Өңір жастары арасында өткен пікірсайыс турнирінің жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталды: І орын – 70 000 теңге, ІІ орын – 50 000 теңге, ІІІ орын – 30 000 теңге.
Сонымен қатар, үздік спикерге 30 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық беріліп, қалған қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Тоғжан ЕРМЕК