Атырауда Зидан өсіп келеді

зидан куалик Жаңалықтар

Ағымдағы жылдың ақпан айында Атырау облыстық перзентханасында  Зидан есімді балақай дүниеге келді. Ал, тегі оның – Зинеден.  Жуырда туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізген.

зидан куалик

Сәбидің атасы немересін әлемдік футбол тарихында есімі ойып тұрып орын алатын Зинедин Зиданның атымен атаған екен. Өзі де спортпен шұғылданады.

Сәбидің анасы Малика Зинеденованың айтуынша, қазіргі таңда нәрестенің де, өзінің де жағдайы жақсы.

зидан фото

– Зидан – біздің үшінші сәбиіміз. Үлкен қызымыздың есімі – Айзере, одан кейінгі ұлымыз – Даниял. Зидан өмірге келгенде салмағы – 3,500 келі, бойы 52 см болды. Атам, негізінен, екінші баланың есімін «Зидан» деп атағысы келді. Бірақ, оның сәті түспеді. Сөйтіп,  үшінші бала ұл болса, немересіне Зидан есімін беретінін айтып жүрді.  Енді арманымыз орындалды, – дейді жас ана.

Айта кетсек, Зинедин Зидан — атақты француз футболшысы. Қазіргі таңда испандық «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері қызметін атқаруда. Зидан кәсіби мансабын франциялық «Канн» клубында бастап, кейін «Бордо» командасында өнер көрсетті. Алайда, оны бүкіл әлемге танымал еткен – «Ювентус» пен «Реал Мадрид» командалары. Ал, өткен жылдың 4 қаңтарында Зидан «Реал Мадрид» командасының бас бапкері болып тағайындалып, алғашқы маусымда ол команданы Чемпиондар Лигасының финалынан бір-ақ шығарды. Естеріңізге сала кетсек, 29 мамырда өткен додада Мадридтің қос командасы финалда кездескен еді. «Реал» пенальти сериясында ұтып, Зидан Чемпиондар лигасында жеңіске жеткен алғашқы француздық бапкер ретінде есімі тарихқа енген болатын. Сол жылы тамызда Зидан «Реалмен» УЕФА-ның Суперкубогын, ал, желтоқсанда клубтық әлем чемпионатын да ұтып алды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз