ЖАСТА БЕРГЕН ТӘРБИЕ ЖАС ҚАЙЫҢДЫ ИГЕНДЕЙ…

Ерте жастан жүктіліктің алдын алу және қыздар тәрбиесін жандандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы осы мәселеге арналды.

Тәрбие мәселесіне қатысты білім беру орындарында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Алайда, «әттеген-ай» деп жататын тұстарымыз да аз емес. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауованың хабарлауынша, жасөспірім қыздар арасында ерте жастан жүкті болып жатқандар санының ең көбі – Атырау қаласында. Дәлірек айтқанда, өткен оқу жылында 16-18 жас аралығындағы 22 қыз жүкті деп тіркелген. Оның 21-і тұрмысқа шығып білім алуда, 14-інің баласы бар. Жетеуінің аяғы ауыр. Жылыой ауданы бұл бағыттағы есепті нөлдік көрсеткішпен бергенімен, Құлсары гуманитарлық жекеменшік колледжінде 11 қыздың жүкті болғаны анықталды.

Сондай-ақ, аймақта қыздар тәрбиесін зерттеу жұмыстары нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылғандардың 64, дін жолындағы оқушылардың 71,5 пайызын қыздар құраған. Бұл көрсеткіш бүгінгі тәрбиенің ақсап бара жатқанын дәлелдейді.

Мәселеге ерекше маңыз берген комиссия төрағасы Ш.Мұқан ұлттық құндылығымыздың ұйытқысы – қыздар тәрбиесін жандандыру керектігін алға тартты.

– Үйде берілген тәрбие қоғамда нәтиже бермей жатыр. Жасөспірім қыз жүкті болып қалған жағдайда оны өзектен теуіп, сыртқа итеру керек пе? Әлде бауырға басып, түзу жолға салған жөн бе? Осыны айғақтайтын кез жетті, – деген ол жуырда бұл тақырыпта облыс аналарының үндеуі жарияланатынын айтты. Сонымен қатар, ата-ана мен мектеп арасында тығыз байланысты нықтай түсу қажеттігі де тапсырылды. 

Жиын барысында жасөспірімдер арасында психобелсенді заттарды тұтынудың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар да тыңдалды. Белгілі болғандай, облыстық наркологиялық диспансерінде былтыр есепке тіркелген жасөспірім саны 16-ны құрады. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда төмен көрсеткіш.  Десек те, салауатты өмір салтын насихаттауда кешенді шараларды арттыру қажеттігі алға қойылды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз