Жарнама
Жаңалықтар

Жасанды интеллект – білім мен ғылымның жаңа бағыты

Жасанды интеллекттің ғылымдағы маңызы зор. Қазіргі жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті болу үшін оны терең меңгеріп, тиімді пайдалана білу қажет. Онсыз алға жылжу мүмкін емес. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойы аясында Филология факультеті, Шетел тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: сын-тегеуріндері мен эволюциясы» атты VI Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясында жан-жақты айтылды.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін бұл ғылыми шара пәнаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жасанды интеллекттің қазіргі қоғамдағы рөлі мен білім беру процесіндегі ықпалын терең талдауға бағытталған.

Конференция физика-техникалық ғылымдар және ақпараттық технологиялардағы, жаратылыстану ғылымдарындағы, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы жасанды интеллект деп аталатын үш негізгі секция бойынша жұмыс істеді.

Пленарлық отырысқа БАӘ, АҚШ, Польша, Түркия, Жаңа Зеландия секілді елдердің жетекші ғалымдары қатысып, өз елдеріндегі тәжірибе, зерттеулер мен көзқарастарымен бөлісті. Заманауи ғылым мен технологияның дамуы, әсіресе жасанды интеллекттің білім беру жүйесіне тигізетін әсері кеңінен талқыланды.

Университет ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев жасанды интеллект – білім мен болашақтың өзегі, ал бұл конференция ғылыми ортада ашық пікір алмасудың маңызды алаңы екенін атап өтті.

Шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған – аталған университеттің Шетел тілдері кафедрасы. Кафедраның кәсіби ұйымшылдығы мен үйлесімді жұмысы конференцияның табысты өтуіне үлкен сеп болды. Ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Досмағамбетова мен оның орынбасары, гуманитарлық ғылымдар магистрі Мейрамкүл Тлеулинованың еңбегі айрықша аталды.

Жамила Жамбылқызы – білім мен ғылымды шебер ұштастырып, ұжымды жаңа идеялар мен жобаларға жұмылдыра алатын көшбасшы. Ол кафедраның халықаралық байланысын нығайтуда, жас мамандарды ғылым жолына баулуда зор үлес қосып келеді.

Ал Мейрамкүл Бейсенбайқызы – кәсіби жауапкершілігі жоғары, жаңашыл көзқарастағы ғылыми ұйымдастырушы. Конференцияның халықаралық деңгейде өтуіне оның да қосқан үлесі зор.

Кафедра ұжымы түгелдей іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысты. Баяндамалардың басым бөлігінің ағылшын тілінде ұсынылуы конференцияға халықаралық сипат беріп, шетелдік қатысушыларға ғылыми пікір алмасуға ыңғайлы орта қалыптастырды.

Л.АЛИЯРОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы

Сурет: Ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button