Жасанды интеллект адамнан да ақылды
Алыста жүрсе де, бірін-бірі лезде тауып алатын роботтар, коммуналдық қызмет түрлерін ұялы телефон арқылы басқарып, домофон мен пәтер есігін кілтсіз-ақ қашықтықтан ашып-жабу, көзі нашар көретін немесе жанарынан айырылғандарға арнайы Chat GPT бағдарламасын ұсыну, желатиннен зиянсыз пластик ыдыс өндіру, бананның қабығын өңдеу арқылы жаңа өнім шығару…
Иә, бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруге болады. Бұрын үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген озық технологиялардың жемісіне қазір қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын жағдайға жеттік. Атыраулық ІТ-мамандар мұндай жаңашыл бағдарламаларды ойлап тауып, оны біртіндеп қолданысқа енгізіп те үлгерген. Ал, өткен аптаның жұма күні ресми түрде ашылған Atyrau hub осындай бастамаларға қолдау көрсетпек.
Мұнайлы өлкеге – 59 ваучер
Бүгінде жоғары жылдамдықты интернет қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Жарық, су, газ секілді кең жолақты ғаламтор желісінсіз күнделікті өмірді елестету қиын. Әрине, кейде жүйедегі ақаулықтардан жылдамдық төмендеп кеткенінде оны тезірек қайтадан қосуға күш салатынымыз рас. Соның нәтижесінде инновациялық жобалар іске асырылып, жаңашыл бағдарламалар қолданысқа енгізілуде. Атыраулық ІТ-мамандар да заманауи технологияларды меңгере отырып, тың идеяларды қолға алды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі – «Астана Хаб». Ол IT-саланы дамыту орталығы болып табылады. Мұнда технологиялық компаниялардың еркін дамуы үшін акселерациялық бағдарламалар жасалады. Қазір хабта 1500-ге жуық IT-компания болса, оның ішінде Атырау облысынан 10 резидент қатысады екен.
–Бүгінде елде IT мамандарына сұраныс артып келеді. Ол үшін Хаб IT саласында білікті кадрларды даярлауға бағытталған «Tech Orda» бағдарламасын әзірледі. Ол 18 бен 45 жас аралығындағы Қазақстанның барлық тұрғынына ІТ-мамандығын тегін игеруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, маман даярлау уақыты бір жыл немесе екі жыл емес, шамамен 4-6 айды құрайды.
Мысалы, бағдарламалау мектептеріне гранттар (ваучерлер) беріледі, биыл еліміздің 79 IT-мектебі білім алушыларға 178 курс ұсынды. Атырау облысында осы бағдарлама бойынша 2 IT-мектеп іріктеліп (EdScale, BrainCode), 59 ваучер бөлінді. Республика бойынша биыл біз 3500 ваучерден 40%-ға жуығын (1000 ваучер) жасанды интеллект бойынша мектеп және жоғары оқу орындарының мұғалімдерін дайындауға бөлген болатынбыз.
Президент 2026 жылға қарай IT-қызметтердің экспортын 1 млрд. долларға дейін жеткізуді тапсырды. Өңірлік хабтың ашылуы еліміздің IT саласын дамытудағы өңірдің сандық пен сапалық үлесін айтарлықтай күшейтеді деп ойлаймын,-дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин.
Вице-министр айтып өткеніндей, қалалық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыру және ақылды технологияларды енгізу мақсатында елімізде Smart City тұжырымдамасы қолға алынды.
–Атырау қаласында 109-бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Өткен жылы автобустардағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 99,75 пайызға жеткен. Жалпы былтыр қолма-қол ақшасыз тәсілмен 36 320 329 дана билет сатылып отыр.
Қала аумағында 38 814 бейнебақылау камерасы қызмет атқаруда, оның 5331-і Жедел басқару орталығына қосылған. Өткен жылы 40 589 қоғамдық құқық бұзушылық тіркелсе, соның жартысы камералардың көмегімен (20 061) анықталыпты. Өткен жылы Атырау қаласы ақылды қалалар рейтингінде 17 орынды иеленді,-деді Қаныш Төлеушин.
Онлайн сервистер дамып келеді
Желідегі қолжетімділік – уақыт талабы. Сондықтан, қазіргі уақытта қызметтердің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі, оның 86 пайызы eGov Mobile платформасында бар екен. Министрліктің мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, 51-ден астам мемлекеттік қызмет түрін Egov арқылы ғана емес, сонымен қатар ең көп қолданылатын банктік қосымшалар арасында да алуға мүмкіндік туып отыр.
– Өзіңізбен бірге көптеген құжатты алып жүру қажеттілігі телефонда 34 сандық құжаттың болуына байланысты өзектілігін жоғалтып отыр. Бұл тізім халықтың сұраныстары мен ұсыныстары бойынша артады. «Үлкен деректер» функциясын пайдалану біздің азаматтарымызды мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ анықтауға және қолдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда олардың белсенді қызметтерінің саны 42,3 млн-ға жеткен. Қазақстан онлайн сервистерді дамыту бойынша көшбасшы 10 елдің қатарына кіреді, — дейді Нәдір Шамұратұлы.
Министрлік «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп «Egov Mobile» мобильді қосымшасында «Интернетке қосылу» жаңа қызметін іске қосыпты. Енді пайдаланушылар жеке тұлғаны тіркелген мекен-жайы арқылы қызметтерге қосылу үшін «Қазақтелеком» АҚ-ға автоматты түрде жіберілетін қосымшадан желілік инфрақұрылымның бар-жоғын тексеру арқылы өтінімді тікелей жібере алады. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «Invisible Government» тұжырымдамасын іске асырамыз, оның қағидаты белсенді форматта қызметтердің барынша санын ұсына отырып, мемлекеттік органдардың азаматтарымен өзара іс-қимылды барынша азайтуға бағытталған. Ол үшін азаматтардың қатысуымен фокус-топтар әрбір мемлекеттік қызметті талдайды және оны халыққа көрсету процестерін қайта қарайды. Өмірге келгеннен бастап зейнетке шыққанға дейінгі 9 нақты кезең негізге алынған. Нәтижесінде процедуралар саны 605-тен 175-ке дейін төмендеген. Яғни, әрбір азамат енді мемлекеттік органға бару санын 119-дан 21-ге дейін төмендетіп, қажетті құжаттарды 102-ден 11-ге дейін қысқартты,-дейді Нәдір Құрымбаев.
Коммуналдық қызметтер – Ек.gov.kz-те!
Келешекте су, жылу, жарық есептегіш құралдарының көрсеткіштерін мамандарға жіберіп отырудың қажеттігі болмайды. Сондай-ақ, өзіңіз кеңседе отырып-ақ пәтер есігі мен домофон кілттерін ұялы телефондағы арнайы платформа арқылы ашып, жабуға мүмкіндік тумақ. Жақында атыраулық ІТ-мамандар осындай платформа жасап шығарыпты. Қазірдің өзінде қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірі аталған платформаны қолданып, игілігін көре бастаған.
Ал, ол үшін осы бағдарламалар «миына» енгізілген есептегіш құралдарды орнату керек. Ек.gov.kz жобасының құрастырушысы, директоры Жеңіс Бекбасаровтың айтуынша, егер Е.gov.kz арқылы әкімшілік мәселелерді шешсек, Ек.gov.kz-пен коммуналдық сұрақтарды қарастыра аламыз. «Біздің платформа арқылы үйдің есігін ашып, жаба аласыз. Тіпті, өзіңіз жұмыста немесе басқа жерде болсаңыз, салқындатқыш жүйені де сөндіруге мүмкіндігіңіз болады. Ал, су, жылу, жарық есептегіш құралдарының көрсеткіштерін автоматтандырылған жүйе өзі жібереді. Сол себепті осы бағдарламаларымызды «көтеретін» арнайы камералар мен өлшеу құралдарын шығарып жатырмыз. Осы хабтың ашылуы бізге үлкен қолдау болары сөзсіз. Өйткені, біз кейбір бастамаларымызды іске асыру үшін «Астана Хаб»-тың көмегін пайдаландық. 2022 жылы арнайы бағдарламалардан өттім. Осылайша, коммуналдық мәселелерді қолымыздағы ұялы телефонның көмегімен шешетін күнге де жетіп келе жатырмыз. Платформамызды «Апстор» мен «Гугл пейден» жүктеп алуға болады. Бұл бағдарламаға жеті құрастырушы қатысты»,-дейді Жеңіс Бағытжанұлы.
Атап өтерлігі, Ек.gov.kz-ке шетелдіктер де қызығушылық білдіріпті. Атыраулық жоба сәтті жүзеге асса, ол алдағы уақытта еліміздің өзге өкілдері мен басқа мемлекеттерде де қолданылуы мүмкін. Оның үстіне, осы бастаманы іске асыру үшін жоба құрастырушылары есептегіш құралдарды өзімізден шығаруға жұмыстанып жатқан көрінеді. Өйткені, импорттық өнімнің бағасы отандық тауардан үш есе қымбат екен. «Баршамызға белгілі, облысымызда өлшеу құралдарына шикізат көзі бола алатын қажетті түйіршіктер өзімізде өндірілуде. Мұның барлығы қорымызды толықтырары сөзсіз. Демек, бізден бағасы қолжетімді есептегіш құрал алып, платформамызды қондыру арқылы өлшегіш көрсеткіштерін жіберіп отыруға болады. Сөйтіп, біз «Атырау-Жарық», «Атырау су арнасы», «Атырау жылу жүйелері» секілді кәсіпорындармен интеграцияланамыз. Бұл бастама оларға да тиімді болады. Себебі, бақылаушы мамандар қысқарады.
Меніңше, автоматтандыру, цифрландыру жүйесін енгізу арқылы нарықта тұрғын үй бағасы түседі. Мысалы, «Атырау су арнасы» халыққа 100 пайыз көлемде су беріп отыр, бірақ, олар соның 40 пайызының ғана ақшасын қайтарып алады екен. Болашақта цифрландыру арқылы олар судың қайда кетіп жатқанын бақылап отырады. Әрине, платформамыз ақылы. Монетизациядан байқағанымыз, қазірдің өзінде 60-тан астам қолданушымыз бар»,-деп нақтылады Жеңіс Бағытжанұлы.
Р.S: Atyrau hub-тың қызметімен танысқаннан кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин тұрғындармен кездесті. Атыраулықтар тарапынан қойылған сұрақтардың қатарында Азғырды интернетпен, ұялы байланыспен қамту мәселесі болды. Көршілес елмен шекаралас аумақта орналасқан Асан, Үштаған елді мекендерінде жағдай мүлдем қиын көрінеді. Сондай-ақ, ІТ саласына мамандар даярлау үшін сұраныстағы кадрлар жайы сөз болды.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ
*Сіз не дейсіз?
Нұрлыбек Аталықов,
Atyrau hub-тың аймақтық менеджері:
Мақсатымыз – ІТ қауымдастық құру
– Біз бір ай бұрын техникалық түрде ашылған болатынбыз. Сол уақыттан бері бірнеше шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, республикалық хакатон өтті. Содан бері ІТ қауымдастық құру мақсатында көптеген шара қолға алынды. Atyrau hub-тың басты мақсаты – осы жерде атыраулық ІТ-компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу. Ал, бұл салаға жаңадан келгендердің стартап жобаларына көмектесу парызымыз. Atyrau hub – Astana hub-тың Атыраудағы филиалы болып саналады. Мәселен, мұнай-газ секторында біздің ІТ-мамандар шетелдік Qatar Gas секілді пилоттық жобаны жүзеге асырған. Мұнайлы өлкеде АтырауТехСервис, Norsec сынды ірі компаниялар табысты еңбек етуде. Олар да ІТ-дың дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Нұржан Мұхамбетқали,
flilia.com жобасының авторы:
Маман ұсынып, бонус ал!
– Стартап жоба ретінде жаңа бастаманы қолға алдық. Norsec компаниясымен бірлесіп flilia.com жобасын жүзеге асырудамыз. Яғни, бұл платформада сіз ІТ-компаниялар арасында жақсы мамандар ұсына отырып, өзіңізге бонус ала аласыз. Бір жағынан қарағанда, біз хедхантер, ликдельн және тағы басқа белгілі платформаларға ұқсағанымызбен, біздің өзіндік ерекшеліктеріміз бар. Қазірдің өзінде Аviata, Beeline, Kcell, Freedom секілді алпауыт компаниялар бізбен жұмыс істей бастады.
Ең бастысы, ІТ-компанияларға қажетті мәліметтердің барлығын бізден ала алады. ІТ саласындағы он компанияның алтауы біз арқылы өздеріндегі бос жұмыс орындарын жариялап, қажетті қызметкерлерді жұмысқа қабылдады. Яғни, олар кадр іздеуге уақыт жоғалтпайды. Оның үстіне біздің платформада ұсынылатын мамандардың кәсіби шеберлігі жоғары деп айта аламын. Бонустарды кәсіпорын немесе компанияның өзі ұсынады. Кейбір белгілі компаниялар әрбір қызметкер үшін кем дегенде 1000 АҚШ долларын беруге дайын. Қазірдің өзінде бір мыңға тарта қолдануышымыз бар. Қуантарлығы, әр күн сайын қатарымызға 100 пайдаланушыдан қосылуда.
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА