Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

ЖАС ОТБАСЫ: жәрдем жеткілікті ме?

Atr.kz/19 шілде, 2019 жыл. Елімізде жас отбасыларды қолдауға бағытталған бағдарламалар баршылық. Оларға пәтер де берілуде, қызмет те ұсынылуда. Әйтеуір, қабылданған құжаттарда мін жоқ. Қағаз бетінде бәрі қатып-ақ тұр. Ал, шынайы өмірде ше?

Көмек  қолжетімді ме? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республикада 340 мыңнан астам көп балалы отбасы бар екен. Соларда кемі төрт, кейбірінде сегіз сәбиден тәрбиеленуде. Бұл деген тұтас еліміздің байлығы емес пе?

Қазақ даласына қаптап қоныстанатын қандастарымыз осылар. Ертеңгі күні ұлтымызды ұятқа қалдырмайтын ұрпақ қой. Әйтсе де, соларды жанжақты қолдауда ағаттық жіберілген тұс көп. Сәби өмірге келгенде берілетін жөргекақының жетімсіздігін айтушылар бар. Дамыған мемлекеттерде қандай екенін қайдам, бірақ, бұлай деушілер де бір дерекке сүйенген шығар. Сонда біздегі аналардың алақанына аз ғана теңге түсетін болғаны ғой.

Қане, есептеп көрелікші. Жыл басында хабарланғанындай, қазір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2525 теңге көлемінде бекітілді. Мұны тілге тиек етіп отырғанымыз – барлық әлеуметтік көмектің осы мөлшерге байланысты екендігі. Сонымен, биыл бірінші, екінші және үшінші сәби өмірге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы 38 АЕК немесе 95950 теңге. Тоғыз ай анасының құрсағында жатқан баланың бағасы осы. Аз ба, көп пе – оны өзіңіз пайымдай беріңіз.

Ал, төртінші немесе одан кейінгі сәби дүние есігін ашқанда 63 АЕК немесе 159075 теңге төленеді. Бұл да жеткілікті деп ешкім айта алмас. Кейбіреулердің бір айлық жалақысы емес пе? Сонда өмірге адам әкелу тым арзанға бағаланып жүрген жоқ па? Рас, егіз, үшем немесе төртем болса, әрқайсысына бөлек беріледі. Бірақ, мұндай жай тым сирек кездеседі ғой.

Одан әрі, бөбегі бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақының жарытусыз екендігін ешкім жасырмайтын шығар. Қолдағы деректермен мұны да таразыға тартып көруге болады. Мәселен, жұмыс істемейтін әйелдерге биыл бір жасқа дейінгі бірінші баласы үшін 5,76 АЕК немесе 14544 теңге беріледі. Екіншісіне – 17195, үшіншісіне 19821 теңге ұсынылады. Бағамдап көріңізші, осыған өмір сүру мүмкін бе?

Жиырма мыңға да жетпейтін жәрдемақы жұмырға жұқ болмайды ғой. Төрт немесе одан да көп баласы барларды да жарылқағаны шамалы, небәрі 22473 теңге. Қай жыртыққа жамау болар екен? Мектеп бітірген бойда немесе жоғары оқу орнын тәмамдаған тұста тұрмысқа шыққан қыздардың қандай кінәсі бар? Егер қызметке орналасып үлгермесе, онда жұмыссыздық мәселесінің шешілмегені емес пе? Табақтай дипломмен тентіреп жүргендер аз ба?

Қыздар тұрақты іс тетігін тапқанша бала туу жасынан асып кетеді. Бұл құбылыс демографиялық тоқырауға соқтырып, тұтас ұлтта қартаю үрдісін шапшаңдатады. Көрдіңіз бе, бір мәселенің салмағы бұдан да «ауыр» екіншісін жетектеп жатқанын. Декретке дейін жұмыс жасаған әйелдердің де шекесі шылқып жатқан жоқ. Мұны да есептеп көруге болады. Олардың соңғы екі жылда тапқан табысы 24 айға бөлініп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіледі. Мұның бәрінен он пайыздық зейнетақы жарнасы ұсталады.

Мәселен, бірінші жылғы жалақы 100 мың теңге болып, екінші жылы 150 мыңға өсті делік. Сонда жоғарыдағы есептеулерден соң жәрдемақы 50 мың теңгені құрайды екен. Бұдан 5000 теңге зейнетақы

қорына аударылады. Қолға тиер 45 мың теңгемен өмір сүріп көріңіз. Аяққа тартса, басқа жетпейтін қысқа көрпе тәрізді ғой. Бала күтімінде отырған әйелдерді зейнетақы жарнасынан босатса ше? Мұны мемлекет міндетіне алса қайтеді? Бес мың теңге далада жатқан жоқ, бүлдіршіннің бір кәдесіне жарар еді. Сәбиі толық аяқтанбай-ақ жұмысқа шығып кетіп жүрген әйелдер осындай

жетіспестікті бастан кешіп отыр. Ал, бүгін ана сүтін қанып ішпеген бала ертең саулығы жақсы болып өсе ме? Үйде қараусыз қалған кішкентайлардың тағдыры кімге тапсырылмақ? Елімізде орын алған оқыс оқиғалар осындай олқылықтардың салдары емес пе? Егер айлығы шайлығына жетіп отырса, сәбиінің жанында отырмас па? Демек, жөргекақы мен жәрдемақы мөлшерін көбейткен дұрыс.

Қазір республикада 280 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Биыл елімізде балалы отбасыларды қолдауға 67 млрд. теңге бөлініпті. Әрине, қомақты қаражат. Бірақ, әрқайсысына шаққанда теңізге тамған тамшыдай ғана. Бұған жоғарыда келтірілген есептеулер дәлел.  Қайран,  менің өз үйім! Иә, Жиренше шешен осылай деп керілгенде аяғы тізесіне дейін қырық жамау күркесінен сыртқа шығып жатады екен. Бірақ, өзінің мекені. Оны ханның салтанатты сарайына да ауыстырмайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, басында баспанасы бар жас мамандар ештеңеге алаңдамай, ел мүддесі үшін жұмыс жасайды екен. Әрине, солай. Жалдаған пәтерінің қожайынының қас-қабағына қарап кешкен күнің құрысын. Кішкене балалары болса, тіпті маңына жуытпайтын көрінеді.

Рас, республикада бұл бағытта бірнеше бағдарлама бар. Мәселен, биыл НұрСұлтан, Алматы және Шымкент секілді ірі қалаларда жастар үшін жыл сайын бір мың шамасында пәтерді пайдалануға беру көзделген. Бұдан басқа аймақтар да тыс қалмас. Жалдамалы болғанымен, өз меншігіндегі мүлік.

Кейін сатып алу тетігі қаралған. Немесе ұжымдағы жастарды үймен қамтамасыз еткен кәсіпорындарға ынталандыру шарасы жоспарланған. Шынында да, қажетті маманның әлеуметтік мәселесін шешу сол өндіріс ошағының міндеті емес пе? Неге оны мемлекет мойнына жүктейді? Енді бюджеттік мекемелер қызметкерлері үшін бастапқы жарнасыз пәтер ұсыну тетігі қолданылмақ. Мұның бәрі, әрине, жақсы қолдау. Тек солар барлығына қолжетімді ме?

Бүгінде «Жас отау» бағдарламасы біраз қиындыққа душар болды. Ипотекалық жүйе де кедергілерге кездесті. Жалпы, о баста бұларды қолға алғандағы мақсат – бір үйдің ақшасымен екіншісін салу. Яғни, осындай әдіспен баспаналы болғандар дер кезінде жарнасын төлеп, келесі құрылысқа жол ашуы керекті. Іс жүзінде бұлай болмай шықты. Алдымен, артында қоры жоқ жас отбасылар бастапқы мөлшерді де көтере алмады.

Одан әрі, әр айдағы тиісті төлем төленбеді. Соның салдарынан салынған үйлер өтпеді, жұртшылықтың салы суға кетті. Ендігі үміт – жаңа бағдарламалардың жүйелі жұмыс жасауы. Әрине, «алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып қарап отыру да жастарға жараспайды. Әр күн соны жаңалығын алдымызға тосуда. Жұмысшы мамандығына сұраныс артты. Неге бәрі жоғары оқу орнын бітіруі керек? Барлық адам инженер болуы міндетті ме?

Сонда көлік жүргізушіні, темір пісірушіні, ағаш шеберін қайдан табамыз? Көше тазалаушыны да тыстан тасимыз ба? Әрине, бұл – өз алдына бөлек тақырып. Әйтсе де, жұмыссыз жүрген жастарға ой салатын нәрсе. Бүгінде жас отбасындағы кикілжіңнің көбі толымды табыс пен басыбайлы баспананың жоқтығынан болады. Тығырықтан шыға алмаған кейбір жұбайлардың аражігі ажырап кетіп жатқандығы да содан. Мемлекет мұны да ойлауы керек.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

P.S.

Біз жас отбасыларға, әсіресе, сәбилі аналарға қатысты жоғарыда айтылған проблемалардың бірқатарын кезінде Парламент депутаттарының құлағына салғанбыз. Мардымды жауап болмады. Әйтсе де, тағы да назар аударғандары абзал.

Елбасының «Біздің жас отбасыларға, олардың денсаулығы мен әлеуметтік инклюзивтілігіне қолдау көрсету саласындағы көзқарасымызды айтарлықтай өзгерту маңызды» деген сөзін ұмытпалық. Демек, қолданыстағы заңдылықтарға да толыққанды толықтырулар қажет-ақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button