ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТӘЛІМГЕР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Atr.kz/4-наурыз, 2019 жыл. Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үш ай көлемінде сынақ мерзімінен өтеді.
Бұл туралы ӨКҚ – да өткен брифингте мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Руслан Тұңғышбаев мәлімдеді.
– Тәлімгер – қызметшіге таңдаған мамандығын игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді. Қызметшіге жұмысын тиімді жүзеге асырудың, сондай-ақ қойылған міндеттерді өздігімен шешудің оң үлгісі болып табылады. Оны ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тартады, салауатты өмір салтын жүргізуге үгіттейді, жалпы мәдени және кәсіби зерденің дамуына көмектеседі, патриотизмге тәрбиелейді. Тәлімгерге қойылатын басты міндет жас мемлекеттік қызметшінің бойында адамгершілік, жауапкершілік, бастамашылық, тәртіптілік, кәсіби шеберлік сияқты қасиеттерді қалыптастыру, — дейді Руслан Тұңғышбаев.
Бүгінде облыс бойынша мемлекеттік органдарда 392 мемлекеттік қызметші тәлімгерлер резервінде тұр. Бұл резерв кәсіби шебер, ұжымда беделі бар, үйрету, тәрбиелеу жұмысына бейімді мемлекеттік қызметшілерден құрылған.
Айта кетейік, Атырау облысында жылдық қорытынды бойынша 185 мемлекеттік қызметші тәлімгер болып бекітілді.
Дереккөз: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.