Жарнама
Жаңалықтар

ЖАС ҚАЙРАТЫ ЕЛІМНІҢ!..

Жастармен жасалған қылмыстың жалпы саны былтырғы жылмен салыстырғанда азайғанымен, біреудің мүлкін ұрлау фактілері өсіп отыр. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Мұрат Демегенов баяндады. Баяндамадан білгеніміздей, облыс бойынша ішкі істер органдарының бақылау есебінде 500-ден астам жасөспірім, 239 қолайсыз отбасы бар. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бүгінгі таңда 98 мыңға жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 42 мыңнан астамы, яғни 43,1 пайызы – 16-29 жас аралығындағы жастар. Жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысымен облыс бойынша қылмыс деңгейі 0,5 пайызға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс саны 9,1 пайызға төмендеген. Мұндай қылмыстар Атырау қаласы мен Жылыой, Құрманғазы аудандарында жиі кездеседі екен.

  Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысқа қарсы батыл күресу керек. Бұл реттегі жұмыстарды жандандыру керектігін облыс әкімінің бірінші орынбасары қадап айтты.

Бүгінде елімізде жалпыхалықтық спортты дамыту арқылы дені сау және саламатты ұлтты қалыптастыру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Кеңес отырысында одан әрі жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастыру  мәселесі қаралды.

 Балалар мен жасөспірімдердің, жастардың спорт секцияларына  қатысуын қамтамасыз ету мақсатында Атырау қаласында 5 спорт мектебі мен облыстың барлық аудан  орталықтарында 7 спорт мектептері ақысыз қызмет көрсетуде.

Бүгінгі күні облыстың спорт мектептерінде спортпен шұғылданушылар саны 10550 адамды құрайды. Облыс әкімінің  қолдауымен «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ашылса,  Құрманғазы ауданы Шортанбай, Байда елді мекендерінде жедел құрастырмалы, Атырау қаласы Нұрсая мөлтекауданында салынып жатқан спорт кешендерінің де құрылысы аяқталуда.

— Мақат ауданының Доссор поселкесі мен Қызылқоға ауданының Миялы селосында «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның демеушілігімен салынған спорт кешендері мемлекеттік коммуналдық меншігіне беріліп, жастарға спорттың түрлерімен шұғылдануға  ықпал етуде, –деген дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов облыста дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты ашу және спортшыларды оңалту, сауықтыру, дәрігерлік бақылау мақсатында  дәрігерлік дене шынықтыру-сауықтыру диспансерін басқарманың теңгеріміне беруді ұсынды.

Бұқаралық спорт елімізде жыл сайын қарқын алып, қанат жайып келеді. Спортпен айналысатын адамдардың саны да артуда. Осы орайда, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи мемлекеттік тапсырыс шеңберінде аула клубтарын дамыту, қысқы кезеңдерде Жайық өзені үстінен жасанды хоккей алаңдарын ұйымдастыруда жастар ұйымдары үлкен қолдау көрсететінін айтып, ұсыныс тастады. Өз кезегінде  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов қысқы спорт түрлері бойынша академия ашылып, оның жанында балаларға арналған шорт -трек,  мәнерлеп сырғанау үйірмелері тегін қызмет көрсететінін жеткізіп,  бұқаралық  спортты дамыту бойынша ұсыныстарға қолдау білдірді.

Жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы тәрбие жұмысы немесе студенттік бөлімдерді құру қажеттілігі туралы баяндаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи қазіргі уақытта арнаулы оқу орындарындағы  студенттер санының жыл сайын артып отырғанын айтты. Студенттер саны артқан сайын тәрбие жұмысы да еселене жүргізілуі тиіс. Сондықтан, жастар саясаты мәселелері басқармасы оқу орындарындағы жастар ісі комитеттері Кеңесін құрды.

— Алайда, кейбір оқу орындарында тәрбие ісі бөлімдерінің жоқтығын айтқым келеді. Жастар ісі комитеттері басшылығына қоғамдық негізде қосымша жүктемемен бекітілген жас мұғалімдер аталған кеңестің күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға, шешім қабылдауға, берілген ұсыныстар мен тапсырмаларды орындауға көп жағдайда құзыреті жетпейді. Осыған орай, жастар саясаты мәселелері басқармасы арнаулы орта оқу орындарында жастар істері жөніндегі инспектор штаттық бірлігін енгізіп, тәрбие бөлімдерін ашуға ұсыныс береді, — деген Мейірім Жоламанұлы бұл бөлімге әлеуметтік педагог, психолог, бастапқы әскери дайындық жөніндегі оқытушы-ұйымдастырушыны бекітіп, инспекторды басшы етіп тағайындаса, жастар тәрбиесі саласында толық жұмыс жасауға және жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізуге болатынын айтты.

Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі Кеңестің 2015 жылға жұмыс жоспарымен таныстырды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректоры Бейбіт Мамраев «Оқу орындарында білім беру мен тәрбие жұмыстары бөлек қарастырылмайды. «Мен білім берем, ал сен тәрбие бер» деген әңгіме болмайды. Сол себепті, білім беру мен тәрбие тұтастығын бұзбау керек», — деген пікірін айтты.

Кеңес барысында, сондай-ақ, Жылыой және Исатай аудандары әкімдерінің өз өңірлері бойынша  ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының орындалысы мен аудан әкімдері жанындағы жастар істері жөніндегі Кеңестердің жұмысы туралы баяндамалары тыңдалды.

Кеңес отырысында қаралған мәселелердің бәрі де бүгінгі таңда маңызды екенін облыс әкімінің орынбасары Ғ.Дүйсембаев атап көрсетіп, олар бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, шешім алу керектігін айтты. Тиісті ұйымдарға өз салалары бойынша жұмыстар жүргізуге нақты тапсырмалар берді.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button