Атырауда 46 769 дана газет-журнал таратылады

kazpocta5949ff6553f6d Жаңалықтар

Ойындағыны дөп басатын мақала көрсе олжаға кенелгендей қуанатын оқырманның бүгінде «Қазпоштаға» өкпесі қара қазандай. Олар газет-журналдарының уақытылы жеткізілмейтіндігіне өкпелі.

Доссор өткелі 56 «А» мекен-жайының тұрғыны Ғалымбек Қажымов облыстық «Atyraý» газетіне бір жылға жазылған көрінеді. Алайда, жылдың басынан бері басылымның бірде-бір саны қолына тимеген. «Бұлай жалғаса берсе, газет таралымы күрт төмендейді» деген жанайқайын жеткізген қала тұрғыны Әбіловке де биылдыққа газет келмеген.

…Оқырманның базынасы орынды. Газет тасымалын дұрыс жолға қоймай, баспасөз де ілгері баспайды. Осыған орай, мерзімді баспасөзді таратушылардың тыныс-тіршілігімен танысу, басылымның оқырманға жеткенге дейінгі процесін білу мақсатында «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Нұрдәулет ЛЕСБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

Contents
  1. – Нұрдәулет Сайлаубекұлы, бүгінде «Қазпошта» қызметіне көңілі толмайтын әлеуметтің қарасы қа лың. Шалғай ауылдардағы оқырмандар да ақша төлеп жазылған газет-журналдың уақытында қолға тимейтінін айтады. Бұл немқұрайлылық па? Әлде сіздердегі жүйенің солқылдақтығы ма?
  2. – Облыс бойынша қанша дана газет-журнал таратылады? Атырау қаласы мен аудандарда қанша бөлімше бар? Олар хат тасушылармен, арнайы көлікпен қамтылған ба?
  3. – Бұдан бірнеше жыл бұрын тыңнан түрен салып, трансформация бағдарламасы аясында жаңарып, жаңғыруды қолға алып едіңіздер. Заманауи технологиямен ұштастырған бастамаларыңыз нәтижесін бермеді ме? Бүгінде жағдай қалай болып жатыр?
  4. – Жалпы курьерлердің міндеті мен қызметін тарқатып айтып бересіз бе?
  5. – Бір кездері компания басшылары мен қатардағы қызметкерлерінің жер мен көктей жалақы айырмашылығы ел арасында қызу талқыланған еді. Мүмкін, газеттің уақытында иесіне жетпеуіне осы мәселе әсер етіп отырған шығар…
  6. – Өзіңіз газет оқисыз ба? Қандай басылымдар үстеліңіздің үстінде жатады?
  7. – «Қазпошта» – тасымал қызметін атқаратын жалғыз ұлттық компания. Атынан-ақ көруге болады, «Ұлттық» мәртебе берілген соң компания бюджеті халықтың салығымен де толығуда. Сәйкесінше, салық төлеуші әрі пошта қызметін пайдаланатын әр азаматтың мемлекеттен қаржыландырылатын компания қаржысының жұмсалуын білуі тиіс. Осы орайда, халық алдында жиі есеп бересіздер ме?
  8. – Облыстық деңгейде есеп беру жоспарларыңызда бар ма?

– Нұрдәулет Сайлаубекұлы, бүгінде «Қазпошта» қызметіне көңілі толмайтын әлеуметтің қарасы қа лың. Шалғай ауылдардағы оқырмандар да ақша төлеп жазылған газет-журналдың уақытында қолға тимейтінін айтады. Бұл немқұрайлылық па? Әлде сіздердегі жүйенің солқылдақтығы ма?

– Газетті дер кезінде тарату – біздің міндетіміз. Оның артында іздеушісі, оқырманы бар екендігін де білеміз. Осы себепті басылымды барынша ертерек таратуға күш саламыз. Десе де, кейбір шалғай ауылдарға газет кешігіп қалып жатады. Оған себеп – көлік жүргізушілері мен курьерлердің жетіспеушілігі. Техниканың аты техника, кейде көлік бұзылып, тұрып қалатын кездер болады. Ондай жағдайда өзге аймаққа бөлінген көлікті күтуге тура келеді. Сонымен бірге, ауа райының қолайсыздығы да бұл мәселеге әсер етпей қоймайды. «Қазпоштаның» заңдылығына сай, курьерлар газет-журнал, хат салуға арналған арнайы пошта жәшігі жоқ үйлерге газетті тастап кете алмайды. Сондықтан, халықтың арасында наразылық туындап жатады. Осыны ескеріп, тұрғындар пошта жәшіктерін орнатып қойса, дұрыс болар еді. Жер үйдегі иттердің өзі проблема. Көп қабатты кодталған үйлердің есігін аша алмай, әр пәтерге хабарласып немесе сыртқа адам шыққанын күтіп тұратын жағдайлар көптеп кездеседі. Ішіне кіргендерімен, көбі есіктерін ашпайды. Амалсыз тағы есік сыртына қыстыруға тура келеді. Сыртта тұрған газетті басқа адамдар алып кетуі мүмкін. Бірақ, халықтың базынасы орынды. Мұндай проблема барын мойындаймыз.

– Облыс бойынша қанша дана газет-журнал таратылады? Атырау қаласы мен аудандарда қанша бөлімше бар? Олар хат тасушылармен, арнайы көлікпен қамтылған ба?

– Облыста 46769 дана газет-журнал таратылады. Әсіресе, облыстық «Atyraý» газеті оқырмандарының саны көп. Қазіргідей, ғаламтордың дамыған заманында жоғары сұранысқа ие болып отырған газет редакциясына респект! Атырау қаласы мен аудандардың барлығында, тіпті ауылдық елді мекендерде де пошта бөлімшелері жұмыс жасайды. Облыс орталығында 40 курьер қызмет етсе, аудандардағы саны 66-ға жетті. Бізде көлікпен қамту мәселесінде проблема жоқ. Дегенмен, әлі күнге 10 курьер мен 8 көлік жүргізушінің орны бос тұр.

– Бұдан бірнеше жыл бұрын тыңнан түрен салып, трансформация бағдарламасы аясында жаңарып, жаңғыруды қолға алып едіңіздер. Заманауи технологиямен ұштастырған бастамаларыңыз нәтижесін бермеді ме? Бүгінде жағдай қалай болып жатыр?

– Жаңа өзіңіз де айтып отырсыз, «Қазпоштаның» қызмет көрсету сапасына көпшіліктің көңілі толмайтын. Үнемі сыннан көз ашпайтын. Компания бөлімшелері ұзынсонар кезектен, қызмет көрсету сапасы дау мен жанжалдан арылмағаны да белгілі. Бір сөзбен айтқанда, тиімділігі нашар құрылымға айнала бастады. Сол себепті, өз қызметіне заманауи технологиялар енгізді. Тұтынушыларға заман талабына сай қызмет көрсету мақсатында бұл іске алғашқылардың бірі болып, білек сыбана кірісті. Оның нәтижесінде пошта қызметінің аясы кеңейді. Электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдайтын және жөнелтетін гибридті пошта, сәлемдемелер мен халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын «Юнистрим», жеделдетілген хаттар мен сәлемдемелерді қабылдайтын және жеткізетін, жеделдетілген ақша аударымы сынды қызмет түрлері көрсетіле бастады. Сонымен қатар, біреу білсе, біреу білмес, біздің құрылым – екінші деңгейлі банк. Халық пошта бөлімшесіне келіп, «Евразия», «АТФ», «Хоум», «Альфа» банктерінен несие рәсімдей алады. Аталған қаржы мекемелерімен арада арнайы келісімшарт барын да айта кетейін. Сонымен қатар, тұрғындар сәлемдемелерін www. post.kz сайты арқылы бақылап, қай жерде келе жатқанын біліп отырады. Бүгінгі таңда пошта желісі бизнес пен халық үшін электронды сауданы, көлік-логистикалық сервисті, сонымен қатар, қаржылық қызметтерді дамытудың тиімді құралы болып отыр.

– Жалпы курьерлердің міндеті мен қызметін тарқатып айтып бересіз бе?

– Қазір хат, газет-журнал тасымалдаушы пошташы «курьер» деген атаумен алмастырылды. Олар арнайы бекітілген өтеулі қызмет көрсету келісім-шартымен жұмыс жасайды. Біздің міндет – газетті уақытылы тарату болғандықтан қызметкерлеріміз күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр. Баспаханалардан басылымдарды алып келген соң іріктеу бөлімі оны облыс орталығындағы әрбір бөлімшеге, әр ауданға бөліп, арнайы көлікке салып жібереді. Әрі қарай учаскелердің жауапты курьерлері жеткізіп береді.

– Бір кездері компания басшылары мен қатардағы қызметкерлерінің жер мен көктей жалақы айырмашылығы ел арасында қызу талқыланған еді. Мүмкін, газеттің уақытында иесіне жетпеуіне осы мәселе әсер етіп отырған шығар…

– Пошташылардың жалақысы өте төмен емес. Өзге өңірлермен салыстырғанда, Атырау облысындағы жағдай көшілгері. Курьерлерде арнайы еңбекақы болмайды. Олар қанша газет таратып, қанша сәлемдемені жеткізді, соған байланысты табыс табады. Одан өзге күнделікті кепілдік берілген төлем төленеді. Таситын газеттің санына байланысты да еңбекақы белгіленеді. Көлік жүргізушілерінің еңбекақысы 30 пайызға өсті. Алдағы уақытта қызметкерлердің еңбекақыларын ұлғайту мәселесі қаралып жатыр. Несие рәсімдеп, тұрғындарға шот ашу қызметін көрсеткен оператормамандарға бонустар төленеді. Түнгі ауысымда қызмет еткен уақытына да қосымша үстемеақы қосылады. Филиал қызметкерлері кәсіптік шыңдалудан өтеді, оқиды. Әр пошта қызметкеріне өз бетінше білім-біліктілігін жетілдіру міндеті жүктелген. Пошташылардың кәсіби мерекесіне орай «Үздік пошташы» конкурсы тұрақты өткізіледі.

– Өзіңіз газет оқисыз ба? Қандай басылымдар үстеліңіздің үстінде жатады?

– Әрине, газет оқимын. Мен Тараз өңірінің тумасымын. Бұл қызметке келгеніме төрт айдай уақыт өтті. Облыспен танысуды облыстық «Atyraý» газетінен бастаймын. Әр ауыл мен аудандардағы атқарылып жатқан жұмыстарды, тарихты, салт-дәстүрімізді, танымал тұлғаларымызды дәріптейтін мақалаларды оқу үшін шаңырағы киелі, айтары айшықты облыстық газеттің әр шыққан санын қарап отырамын. Сонымен бірге, аудандық «Кең Жылой», «Қызылқоға» газеттерін де парақтап шығамын. Басылымды таратып отырғаннан кейін оны оқымай отыра алмаймыз ғой. Елімізде не болып жатқанын әрбір адам білуі керек. Ғаламтордағы ақпараттан гөрі газет-журналдың ақпараты анық, нақты әрі сенімді болады.

– «Қазпошта» – тасымал қызметін атқаратын жалғыз ұлттық компания. Атынан-ақ көруге болады, «Ұлттық» мәртебе берілген соң компания бюджеті халықтың салығымен де толығуда. Сәйкесінше, салық төлеуші әрі пошта қызметін пайдаланатын әр азаматтың мемлекеттен қаржыландырылатын компания қаржысының жұмсалуын білуі тиіс. Осы орайда, халық алдында жиі есеп бересіздер ме?

– Айтуыңыз орынды. Аудандарда аудан әкімінің есебі кезінде «Қазпошта» АҚ-ның аудандардағы бөлім басшылары да қатысып, өздерінің жұмыстары жайында жан-жақты айтып жүр. Көпшілік көкейіндегі сауалдарды бүкпесіз қойып, жауаптарын да алады. Көптеген сұрақтар компанияның дамуы, өркендеуі жайында ғана емес, сонымен бірге компания жұмысшыларының жалақысы, маман тапшылығы сияқты көптеген көкейкесті тақырыптарды қозғайды.

– Облыстық деңгейде есеп беру жоспарларыңызда бар ма?

– Күні кеше «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтың қабылдауында болып, жұмыс барысынан хабардар етті. Біз есеп беруге қашан да ашықпыз. Ашықтық бар жерде адалдық, тазалық бар. Ашықтықты ту еткен компанияның халық алдындағы беделі де жоғары болады. Ең бастысы, бұл бұқараға да, компанияға да тиімді. Біріншіден, өзіміздің негізгі жұмыстарымызбен таныстырып, көптің көңілінде кірбің қалмас үшін ашықтықты қамтамасыз етеміз. Себебі, бүгінгі күні ел арасында неше түрлі әңгімелер жүріп жататыны жасырын емес. Сондай «сәуегейліктің», сырттай тон пішудің орын алмауына есеп беру, кездесу, баспасөз мәслихаты бірден-бір тосқауыл қояды дер едік. Екіншіден, компания басшылары жалпы халықтың қандай ой-пікірлері мен талап-тілектері бар екенін зерттеп біле алады. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспарларын белгілеп, болашаққа бағдар жасайды. Үшіншіден, баспасөз арқылы оқырмандардың да өз ойларын жеткізуіне мүмкіндігі бар.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз