
Жәрмеңке жас мамандарға жол ашады
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жас маман – 2025» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты — университеттің 2024-2025 жылғы түлектерін жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету. Жәрмеңкеге 170-тен астам мекеме шақырылып, оның ішінде 130-дан астам білім мекеме мен кәсіпорын, серіктестіктер қатысты. Жұмыс беруші мекемелер бос жұмыс орындарына орналасудың негізгі талаптары мен ережелерін түсіндірді.

Биыл аталған оқу орнын екі мыңға жуық студент тәмамдағалы отыр. Оның ішінде 900-ден астамы педагогикалық бағыттағы мамандықтар бойынша бітіріп жатыр. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар, химия, арабтану, журналистика, әлеуметтік ғылымдар, экономика, бизнес, құқық салалары бойынша да мамандар даярланып шықпақ.

Биыл алғаш рет педагогикалық мамандықтар бойынша жәрмеңке барлық мамандық иелерімен бірге бір алаңда өтті. Бұл өз кезегінде еңбек нарығында болашақ мұғалімдердің сұранысқа ие екенін көрсетеді. Университеттің IV курс студенттерінің 90 пайыздан астамы педагогикалық білімді бағалау тестінен сәтті өтіп қойған. Енді санаулы күндерден кейін дипломдарын алған соң, мектептерге жұмысқа орналасуға дайын.
– Облыста жаңа мектептер салу белсенді жүріп жатқандықтан, педагог кадрларға сұраныс жоғары. Жәрмеңкеге облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері, мектеп директорлары қатысып, түлектермен тікелей байланыс орнатты. Педагогтардан бөлек, өзге сала мамандары да белсенді түрде жұмысқа орналасып жатыр. Әсіресе, IT саласындағы студенттер оқу барысында қосымша біліктілік курстарын аяқтап, нақты дағдыларды меңгеріп үлгерген. Көпшілігі дипломдарын күтпестен, еңбек нарығына қадам басып отыр, — деді университеттің проректоры Асхат Шүкіров.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне бағын сынауға келген екі шет тілі мамандығының түлегі Анель Тастанова бұл іс-шараның түлектер үшін үлкен мүмкіндік екендігін айтты.
– Мен екі шет тілін меңгердім, бұл маған халықаралық компаниялармен еркін байланыс орнатып, кәсіби мүмкіндіктерімді кеңейтуге жол ашатынына сенемін. Мұнда әртүрлі салалар бойынша жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, өзімді таныстыруға жағдай жасалған. Мұндай іс-шаралар жастардың өз орнын табуына көмектеседі деп ойлаймын. Болашақта білімімді іс жүзінде қолданып, қоғамға пайдалы маман болуға ұмтыламын, — деді жас түлек. Қалалық №44 мектеп-гимназиясының директоры Абай Ақмұрзиев бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандармен кездесіп, олардың кәсіби әлеуетіне баға берді. Ол білім беру саласындағы мүмкіндіктер туралы айтып, білікті түлектерді өз ұжымында жұмыс істеуге шақырды.

Ұйымдастырушылар бұл жәрмеңке жас мамандарға өз саласына сай жұмыс орнын табуға үлкен мүмкіндік беріп, университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ