Жаратылыстану – ағылшын тілінде

жаратылыстану 1 Білім

Білім саласындағы жаңа реформаның бірі – жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту. Тәжірибені іс жүзінде қазір Атырау қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған  №30 мектеп-гимназиясының мұғалімдері бастап кетті.          

Біз осыған орай ұстаздар қауымын әңгімеге тартқан едік. 

жаратылыстану 1

Жұмыс қалыптаса бастады

Оқушылардың сабақты меңгеруі қалай,

оқу үлгеріміне кері әсер етпей ме?

Гүлфара ЕСЕНҒАЛИЕВА,

ағылшын тіліндегі информатика пәні мұғалімі:

– Біздің мектебіміз  үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды 2007-2008 оқу жылынан бастады. Алғашқы жылдары физика пәні ағылшын тілінде, қазақ тілі орыс сыныптарында қазақ сыныптарының бағдарламасымен, орыс тілі қазақ сыныптарында орыс сыныптарының тереңдетілген бағдарламасымен оқытылып, Қазақстан тарихы орыс сыныптарында қазақ тілінде жүргізілген. Ал, қазіргі таңда география, информатика және биология пәндері де ағылшын тілінде оқытылып жатыр. Өз тәжірибеміз көрсеткендей, ағылшын тілінде пәндерді оқыту үшін кезең-кезеңмен енгізетіндей үш жылдық жоспар құрылған. Алғашқы кезеңінде арнайы мамандарды курстардан өткізу, оқу бағдарламаларын дайындау, оқулықтардың алғашқы жобаларын жасақтау, қазақ-түрік лицейлерімен байланыс жасап, тәжірибе алмасу, терминологиялық кітапшалар құрастыру сияқты жұмыстар мен бірнеше іс-шаралар атқарылды.

Екінші кезеңде бұл пәндер «Терминология» факультатив сабағы ретінде жүргізілді. Бұл кезеңде мұғалім өз шеберлігі мен білімінің арқасында сабақ беру процесін дамыта отырып, әдістемелік іс-тәжірибесін шыңдай түсті. Бұл біздер үшін түсінікті болғанмен, ата-ана және оқушы үшін тың нәрсе. Сондықтан, алғашқы екі кезең олардың да адаптациялық кезеңі деуге болады.

Үшінші кезеңде толықтай негізгі пән ретінде оқытылып, оқушыға баға қойылады. Бірақ, ескеретін жағдай – ағылшын тілінде пәндерді оқыту гимназия сыныптарынан таңдалынып алынған сыныптарға ғана енгізілді.

Алғашқы енгізілген жылдары факультатив ретінде болғандықтан, оқу үлгеріміне көп әсер еткен жоқ. Негізгі пән ретінде енген уақытта қиындықтар туа бастады. Өйткені, оқушылардың барлығының ағылшын тілін игеру мүмкіндігі әртүрлі. Бірақ, оқушының пән бойынша негізгі білімі жеткілікті болса, әрине, мұғалім әділ бағалауға тырысады. Қазіргі уақытта біраз қалыптастық.

жаратылыстану 2

Маман және оқулық жетіспейді

– Оқу кешенін жүргізу барысында қандай қиындықтар кездеседі? Оны шешу жолдары қандай?

Лаура ҚАСАНОВА,

ағылшын тіліндегі география пәнінің мұғалімі:

– Оқыту барысында ең басты кедергі – оқулықтың жоқтығы. Бірақ, оқулық жоқ болса да, оқытатын материалды алдын ала дайындап, оны аударып, берілетін тапсырмаларды парақшаларға шығарып әкелеміз. Әрине, мұғалімнің біраз тер төгуіне тура келеді.

Былтырғы оқу жылында берген тапсырыс бойынша  география, физика, биологияға  қатысты оқулықтар мен әдістемелік құралдар келді.  Сонымен қатар, ғаламтордағы кейбір сайттардың  электронды кітаптарын қолданамыз және «Zambak»  және  «Logman» баспаларының оқулықтарын пайдаланамыз, әсіресе, «Bilimland.kz» сайты ерекше көмектеседі.

Екінші кедергі – маман мәселесі.  Сондықтан, мектеп әкімшілігінің ұсынысымен жаратылыстану пәндері мұғалімдерін ағылшын тілі курстарына жіберіп, ағылшын тілінің мамандарын жаратылыстану бағытындағы пәндерге жоғары оқу орындарына сырттай оқуға түсіріп, қайта даярлау жүргізілуде. Мысалы, менің негізгі мамандығым ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, бірақ, осы жоба негізінде  былтырдан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің география бөліміне сырттай оқуға түстім. Биыл келген жас маман Салтанат Дәулетова да өз мамандығы  ағылшын тілі, бірақ, қазіргі таңда биология мамандығында жоғары оқу орнында сырттай оқып жатыр.

жаратылыстану 3

Лицейден тәжірибе алдық

– Сабақ беруде қандай ерекше тәжірибеге сүйенесіздер?

Айзада СӘТБЕРГЕНОВА,

ағылшын тіліндегі физика пәнінің мұғалімі:

– Республикамыздағы  басқа үш тілде оқытатын мектептермен тығыз қарым-қатынас жасап, түрік лицейлерінің тәжірибелерін қолданамыз. Ал, әдіс-тәсілдерді шебер қолдану – әр мұғалімнің ізденісінің жемісі. Бүгінде оқушылардың ұмтылысы, сол арқылы білім, ғылым, таным процестеріне мүмкіндік алуы – қазақ жастарының алдындағы тағы бір мүмкіндік ретінде бағаланары сөзсіз. Ақпарат алмасу, білім алу, танымды кеңейту – ағылшын тілін меңгерудің пайдалы жақтарының бірі.

Ағылшын тілінің ендігі бір мүмкіндігі жастарымыздың тек білім алып қоймай, ағылшын тілі арқылы шетелдік білім беру орындары мен ұйымдарында тәжірибе алмасуына, жұмыс істеуіне жағдай туғызып отырған ахуалмен байланысты. Бұл – қазіргі қоғам үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан, қандай қиындық болса да, біз нық қадам жасап, ілгері жүруіміз қажет деп есептеймін.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз