Батыржан МАНСҰРОВ: «Жат ағыммен күресте бірігуіміз керек»

shutterstock 257937392 Жаңалықтар

Ата-анадан безіну арқылы отбасы институтын әлсірету, ұлттық салт-санаға қарсы шығу, дәстүрімізді жоққа шығару, әулие, зират мәселесінде дүдәмалдыққа салу – ислам атын жамылған жат ағымдардың көздеген басты мақсаты. Бүгінгі сұхбатымыз жат идеялардан туындап отырған өзекті мәселелерге арналып отыр.

Бір кездері өзін өмірге әкелген ата-анасын қарттар үйіне апарып тапсырып жат-қандар да, үлкендерден жерініп, іргесін аулақ салушылар да өзіміздің қаракөздеріміз. Экстремистік, радикалдық сипаттағы ағымдар ушықтырып жіберген ең үлкен қасірет осы болды. Әңгімемізді ата-анадан бе-зінудің  шариғаттағы үкімінен бастасақ.

Иман

Алланың разылығы – ата-ананың разылығында

– Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін» деген қанатты сөз бар. Өйткені, жасы үлкенге құрмет көрсету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу, қамқорлық көрсету – біздің ықылым заманнан жалғасқан ата дәстүріміз. «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деп өсиет еткен де өзіміздің қазағымыз.

Ойланып көріңізші, қазақтың дархан даласында осыған дейін «Қарттар үйі» немесе «Жетімдер үйі»  болып па еді?! Жоқ, керісінше, ата-бабаларымыз жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай, мәселені бір рудың, ақ шеңберінде шешіп отырды. Кешегі жиырмасыншы ғасырдың 50-60 жылдары еңбекке жарамсыз немесе қамқорсыз қалған жандарға сая болу мақсатында ашылған мекемелер дәл қазір бала-шағасы бар қариялардың күнелтетін ордасына айналып үлгерді. Бұл жақсылықтың нышаны емес.

Құран Кәрімде: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» деп бұйырады («Исра» сүресі, 23-аят). Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр» деп ескерткен.

Сондықтан, әрбір перзент мына нәрселерді ескеріп жүруі керек. Ата-анаға жанашыр, мейірімді болу. Оларды қатты жақсы көру.  Қуаныштарына ортақ болу.  Қайғы-мұңдарын, дерттерін бөлісу. Көп сөйлегендері үшін оларға ренжімеу. Сөгістеріне, ұрсуларына, жаз-ғыруларына ашуланбау. Олардың разылығын алуға тырысу және ренжітуден қатты қорқу. Исламдағы бұлжымайтын заңдылық осындай болуы керек.

Әр мәзһабтың ерекшелігі неде?

Экстремистік сипаттағы ұйымдардың туындатып отырған екінші мәселесі – мәзһаб мектептеріне мүлде күмән келтіру. Асылында, мәзһабтардың географиялық таралу ерекшелігі сақталуы керек емес пе?

– Бір күні ардақты сахаба хазірет Омар (р.а.) «Пайғамбары бір болған Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбеті қалайша түсініспеуші-лікке барады?» деп, өз-өзіне сұрақ қояды. Осы сұрақтың жауабын сұрау үшін Абдулла ибн Аббасты шақыртып, одан «Бұл үмбеттің Пайғамбары (с.ғ.с) бір, құбыласы бір, кітабы бір бола тұра қалайша таласады?» деп сұрайды. Сол кезде Абдулла ибн Аббас былай деп жауап береді: «Уа, мүминдердің әміршісі! Құран біздің кезімізде түсті. Біз оны оқыдық және түсіндік. Бірақ, бізден кейін бір қауым келеді, олар Құран оқиды, бірақ не үшін түскендігін білмейтін болады. Осылайша, түсініспеушілікке барады».

Бұл оқиға нені меңзейді? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірісінде діннің мәселелерінде ешқандай проблемалар болған жоқ. Кез келген шариғи мәселелердің тетігі туындай қалса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларға жол көрсететін. Алайда, Алла Елшісінің (с.ғ.с.)  дүниеден өтуінен кейін, ислам діні әлемге кең қанат жайып, әртүрлі ұлт пен мәдениеттерге жолығу салдарынан, бір дінді түрліше түсіну орын алды. Міне, осыны білген ислам ғұламалары Құран және сүннеттің аясында шариғи мектеп қалыптастырып, төрт мәзһаб негізін қалады.

Бірақ, мәзһаб ұстанбаушылардың бүгінгі әрекеті қоғамды бүлікке итермелеуде. Қарап отырсаңыз, өзара ынтымақ пен татулыққа шақырып, дұшпандықтан сақтандыратын исламнан асқан дін кемде-кем. Демек, төрт мәзһабтың арасындағы кей айырмашылықты мұсылмандар арасында араздық туғызу үшін пайдалану дұрыс емес. Қараңыз, егер белгілі бір халық байырғы кезеңнен арнайы бір мәзһабты ұстанып келген болса, ол жерге басқа мәзһаб көзқарасын тарату қандай қажеттіліктен туындауы мүмкін? Мұның соңы адамдарды дүдәмалдыққа алып келмей ме? Демек, мәзһабтардың географиялық таралу ерекшелігі сақталуы керек.

Әулие де, шырақшы да дінге томпақ келмейді

– Адасушылар таратқан «ілім» салдары, соңғы кездері әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен әулиелер тақырыбында да көрініп жүр. Әулиелерге деген көзқарас қандай болуы керек? Шырақшы дегеніміз кім? Оның исламдағы орны қаншалықты ай-қындалған?

– Біріншіден, «әулие» ұғымы дінімізге де, халқымызға да таңсық сөз емес. Араб тілінде «уәли», яғни жақын, дос деген ұғымнан шығады. Ал, шариғаттағы мағынасына келсек, күнә істеуден бойын алыс ұстайтын, Жаратушыға шынайы құлшылық ететін және Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеттеріне берік, тақуа болған кісі айтылады. «Әулие» осы «Уәли» сөзінің көпше түрі. Мәселен, «Юнус» сүресінде «Біліңдер! Расында Алланың достарына (уәлилеріне) қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақиретте де қуаныш бар» делінген.

Демек, Алланы жақсы көрген және тұтас өмірін тақуалыққа арнаған әулие кісілер – өзгелерге өнегелі жандар. Өкінішке орай, кейбіреулер «әулиеге құрмет» көрсетуді «кісі басына табынушылықпен» асыра сіл-теп жібереді. Десек те, әулие кісілерге тірісінде қалай құрмет көрсетілсе, дүниеден өткеннен кейін де рухына дұға жасап, қабірін зиярат етуге болады.

Ал, шырақшы дегеніміз кім? Асылында, шариғатта «қорым, мазар (қауым, кесене) шырақшысы» деген міндет пен қызмет жоқ. Десе де, әулиелердің зиратына келген халықтың шариғат шеңберінен аттап, дінге жат әрекеттерге бой алдырмауы үшін және сол жердің тазалығына қарап отыру мақсатында шырақшы тағайындалатын    болған. Мұндай миссия көбіне марқұмның ұрпағы, туысына тапсырылады. Осылайша, шырақшы өлке тарихына, әулиенің халыққа сіңірген еңбегі мен өміріне байланысты деректерді, аңыз әңгімелерді жетік білетін, діни сауаты бар, зиярат жасаушылардың діни-ғұрыптық ісіне жөн сілтейтін адам ретінде қызмет атқарады.

Яғни, шырақшының басты міндеті – халықты білместіктен сақтандыру. Өйткені, дұрыс емес іс-әрекетті көрген екінші бір кісі де оны қайталаса, шариғатқа қайшы амал кейін әдетке айналып кетуі де ғажап емес. Сол себептен, шырақшы кісілердің ниеті, білімі, тақуалығы дұрыс болуы керек. Кейде кесене басында әдепсіз әрекеттерге жол беріліп жатады, шырақшылықты бизнеске айналдырып алғандарды да кездестіріп жатамыз. Бұл, әрине, дұрыс емес.

Имам Матуриди

бізге жат емес

– Ислам атын жамылып, жікке бөлінгендер Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди мектебін екіге бөліп қарастырып, қарапайым халықты белгісіздіктің ортасына салып қоюды көздеуде. Дін саласын зерттеп жүрген ғалым ретіндегі пікіріңізді білсек…

– Расымен де, «Неге фиқһта (құлшылықта) Әбу Ханифа, ал ақидада (сенімде) Матуриди мәзһабын ұстанасыңдар?» деген секілді қитұрқы сауалдар жиі қойылады. Бұлай сауал қою біріншіден – білімсіздік, екіншіден – мұсылман бауырлардың бірлігін бұзу көрінісі. Егер көкірек көзімізді ашып, терең үңіле қарасақ, имам Матуриди мен имам Әбу Ханифаның ұс-танған сенімдері бір екенін аңғарамыз.

Бұл екі ғалымды бөліп-жармауымыздың басты себебіне тоқталайын. Ханафи мәзһабының негізін қалаушы имам Ағзам Әбу Ханифа әуелгіде ақида ілімімен айналысқан. Себебі, ол заманда да «Әһли сунна уәл жамағат» сенім жүйесіне қарсы шыққан Карамия, Муғтазила секілді топтар көп болды. Аталғандармен Имам Ағзам пікір-таластырып, олардың адасқан тұстарын дәлелдеп беріп отырған. «Фиқһ әл-әкбар», «Фиқһ әл-әбсат», «Әл-уасия» сынды еңбектер осыған дәлел. Уақыт өте имам Әбу Ханифа фиқһ саласына ауысып, тынымсыз  ізденді.

Байқасаңыз, имам Матуриди – өз алдына бір жол, не мәзһаб емес, керісінше, имам Әбу Ханифаның ақида саласындағы пікірлерін әрі қарай зерттеп-зерделеп дамытқан тұлға. Өйткені, имам Әбу Ханифа (р.а.) дүниеден өткеннен кейін, кейбір жалған топтарға қарсы жауап беру қажеттілігі туып, ақида (сенім) ілімін өз алдына терең зерттеуге мәжбүрлік туды. Соның нәтижесінде имам Матуриди бертін келе Әбу Ханифаның ақида саласында ұстанған негіздерін өзіне басшылыққа ала отырып, еңбектері арқылы жалған топтардың қателіктері мен адасқан тұстарын дәлелдеп берген.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Нәрбота Мейрамбекқызы

    Секталардың көзiн түбегейлi құрту керек. Халқымыздың өркениетi үшiн жат ағымдардың әрекетi кедергi болуда

  2. Әлішер Болат

    Қаншама жазылып, айтылып келе жатса да, әлі де өзектілігін жоймай отырған тақырып. Өкінішті, қаракөздеріміз бен ел сенім артып отырған бозбалаларымыз белгілі бір топтың жетегінде кетіп жатыр. Діни сауаттылықты арттырамыз дегенмен, радикалды топтардың насихаты мен үгіті сананы улауын тоқтатар емес. Ұлы Абай айтпақшы, жаңа өмірге келген сәби бірден есті болмайды, ол жан-жағына қарап өседі, бейімделеді. Сондықтан, қай сәтте де, ең алдымен, проблеманы жою үшін оның түп-тамырына балта шабу керек. Демек, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген жөн. Керек десеңіз, ғаламтор беттерін де сүзгіден өткізіп, кейбір сайттарға мүлде тыйым салған дұрыс. Қалай болған күнде де, тәнмен қатар жанның да иммунитетін арттыру қажет.

  3. Ақбота Мейрамбекқызы

    Терроризм бүгін-ертең аяқталатын мәселе емес. Кешенді әрі қатаң шаралар керек. Көршілес Өзбекстан секілді біржақты қатаң жазалау шаралары қажет сияқты. Өйткені, дін атын жамылған лаңкестер исламға да, мемлекет тұтастығына да үлкен қауіп төндіріп жатыр.

  4. Қайрат-Сымбат

    Мені мына радикалдардың Түркия, Ресей арқылы Таяу Шығыс елдеріне өтіп кетіп жатқаны мазалайды. Сондықтан, шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуге маңыз беру керек. Егер мен бас полицей болсам, бет-аузын никаб пен паранжаға тұмшалағандарды, шолақ балақ шалбар киіп, қаба сақалы беліне түскен жандарды шекара асыру тұрмақ, көшеде де емін-еркін жүре алмайтындай етіп, қысар едім. Оларға бүгінгідей еркіндік беруге болмайды. Оларды қоғам қабылдамауы керек. Сонда ғана айылын жияды. Нақты нәтижеге қол жеткізе алар едік.

  5. Мерей Оңғар

    Әулиелер мәселесін әбден ойыншыққа айналдырып алдық. Қасиетті бабалар басын бизнес көзіне айналдырып алғандар да бар. Осындай жағдайларды оңтайлы пайдаланған дүмшелер халықты әбден шатыстырып бітті. Осындай сұхбаттардың виденұсқасын желілерде көбірек таратсақ, телеарналарда дін ағарту сағаттарына көбірек назар аударсақ, нақты нәтижелерге жетер едік…

  6. Аслан

    «Діни сенім әр адамның өз таңдауы» дегенді желеу еткен кейбіреулер, Әбу Ханифа мәзһабын қазақтарға таңа беруге болмайды дейтін болып жүр. Біз ең алдымен қазақпыз. Ұлтымыздың ерекшеліктерін, дәстүрін сақтай білуіміз керек. Ықылым заманнан Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған халқымыз «дініміз ислам, кітабымыз – Құран» деп келді. Дәстүрлеріміздің барлығы дінімізден бастау алады. Осы ақиқатты бұрмалап жүргендермен күрес күшеюі керек. Салафизм, уахабизм сияқты ағымдарға заңмен тыйым салынатын уақыт жетті…