Жапония Қазақстанның «Архив — 2025» бағдарламасына техникалық көмек көрсетпек
Atr.kz/23 қазан, 2019 жыл. Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жапонияның Мәдениет істері жөніндегі агенттігінің еліміздің «Архив-2025» бағдарламасына техникалық көмек көрсету жобасы таныстырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасына бірлескен жобаны таныстыруға арналған шара Токио филармониясы хорының екі елдің мемлекеттік әнұранын айтуымен басталды. Токиолық хор Қазақстан Әнұранын толықтай қазақ тілінде айтып шықты.
Айта кетерлігі, Жапонияның Мәдениет істері жөніндегі агенттігі Қазақстанда мұрағат деректерін цифрландыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруға ниет танытып отыр. 2019-2021 жылдарға арналған жапон үкіметінің мемлекеттік бюджеті аясында жобаны жүзеге асыру үшін 33 млн йен (шамамен 330 мың доллар) мөлшерінде қаражат бөлінбек. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде біртұтас электронды кітапханаға жинақталған цифрландырылған кітап, мұрағат және музей қорларының негізінде электронды білім кеңістігі құрылады. Жапон тарабы мұрағат деректерін зерттеу, жазу және сақтау үшін технологиялар беруге және материалдарды цифрландыру әрі зерттеу әдістерімен бөлісуге дайын.
Ал, Қазақстан тарапы археологиялық және мұрағат мәліметтерін беріп, оларды цифрландырады. Мұнан бөлек, Жапонияның Нара қаласының Мәдени мұралар ұлттық институты қазақстандық музей қызметкерлеріне отандық қорларды цифрландыруды ұйымдастыру және мәліметтер базасын электронды көшірмелермен толықтыру ісіне оқытады. Білім беру музей экспозицияларынң мазмұнын сәйкестендіру жайын да қамтиды.
Жапон зерттеушілері Қазақстанға сапарлап, музейлердің дәстүрлі жұмысына жоғары технологияларды енгізудегі тәжірибесін бөліседі. Еліміздің тарапынан Жапонияның Мәдениет істері жөніндегі агенттігіне елордадағы Ұлттық музей серіктес болады.
Айта кетерлігі, 2018 жылдың 21 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда Қазақстанның Тұңғыш Президенті ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажеттігін жазған еді.
«Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек. Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауға тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет», — деген еді Елбасы.