Жаны жайсаң жан еді…
Жайсаң да жарқын мінезді абзал азамат, әріптес аға, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың иегері, «Атырау» газетінің бұрынғы фототілшісі, еңбек ардагері Қайрош Қабдешев 68 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Ол 1949 жылдың 26 ақпанында Қызылқоға топырағында дүниеге келді. Оның орта мектепті тәмамдағаннан кейінгі бар саналы ғұмыры баспасөзбен тығыз байланысты болды. Еңбек жолын 1970 жылы Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінде бастаған Қайрекең баспасөз беттерінде қарапайым еңбек адамдарының бейнесін, жасампаз істерін, елдегі жаңалық-хабарларды фотосурет арқылы жеткізуге асығып жүретін, өз мамандығына шын берілген жан еді. Ол 1972 жылдан бастап облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетімен тығыз байланыс жасап тұрды. Штаттан тыс фототілшісі ретінде Тайсойған мен Бүйрек құмдарын, Сағыз бен Ойыл өңірін жағалай жайлаған малды ауданның еңбек тынысын, шопан-бақташылардың, механизаторлар мен құрылысшылардың еңбегін сурет тілімен сөйлетті.
Қайрош Қабдешев 1994 жылдан бастап, зейнет демалысына шыққанша облыстық «Атырау» газетінде жемісті жұмыс жасады. Талай мәрте облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. Кәсіби шеберлігі шыңдалған, өз ісінің білгірі Қайрекең облыста алғашқылардың бірі болып профессор Тауман Амандосов атындағы сыйлықты иеленді. Кейінгі толқын жастарға ақылшы аға, тәлімгер ұстаз бола білді.
Жан жары Гүлжәмила екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, немере сүйді. Зейнет демалысында болса да редакциямен, қызметтес әріптестерімен байланысын үзген жоқ. Қайрекең сыйлас інілері мен замандастарымен бас қосып, өткен-кеткенді еске алғанды, әңгімелескенді жақсы көретін.
Отбасына түскен қайғыға ортақтаса отырып, Қайрекеңнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын дейміз. Оның бейнесі әріптестерінің есінде әрдайым сақталады.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС, облыстық «Атырау»,
«Прикаспийская коммуна» газеттерінің ұжымдары.
Суреттерімен тарихта қалды
Атыраудан қабырғаны қайыстырып, жүректі бұлқынтқан суыт хабар жетті.
– Досың Қайрошқа, Қайрекеңе уақыт болыпты, — деді таңғы алаң-көбеңде телефон шалған әріптес, сыйлас інім Бауыржан Бердіғалиев.
Ілкіде үнсіз қалдым, тұла бойым мұздады. Тағдырдың ауыр салмағына не шара! Іштей жан досымның ширек ғасырдан астам Қызылқоға аудандық газетінің қалыптасуына бірге атсалысқан жылдары көз алдымнан түйдек-түйдек өтіп жатты.
Екеуіміз Жасқайрат ауылындағы Орлыкөл орта мектебінің 1966 жылғы түлегі едік. Газетке сол кездегі редактор Ізни ағаның қалауымен қатар келіп, орналастық. Ол фототілші мен ауыл шаруашылығы бөлімінде тілші болдым. Содан 25 жыл аудан баспасөзінің редакциясында қызмет атқардық. Ізекең үнемі бізді іссапарларға бірге жұмсады. Бастапқыда жол азабын талай тарттық. Қыс айларында атшанаға мініп малшыларды араладық. Көктемде елтіріге сойылатын қозыларды тасыған трактордың тіркемесінде отыратынбыз. Бірақ, қиындықтарға мойымадық. Берілген тапсырмалар өз дәрежесінде орындалды.
Артында сан-салалы суреттері сақталып қалған досымды өлді деу қиын. Тәубасы мол мұрасы сақтаулы.
Топырағың торқа болғай, қайран Қайрекем!
Жолдас ЖАНҚУАТ,
әріптес досы.
Қызылқоға ауданы.
Азаматтығы биік аға
Қайрош Қабдешевті өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан бері білемін. Кәсібіміздің бағыты бір болғандықтан, жас арамыздың алшақтығына қарамастан, Олег Свидин, Қайрош үшеуіміз тез тіл табысып, достасып, сырлас болып кеттік.
Шүкіршілік етеріміз, Қайрекеңнің фотообъективіне ілінген көптеген туындылар мерзімді басылымдармен шектеліп қалмай, түрлі баспалардан шыққан әдеби-көркем, тарихи-танымдық журналдар мен кітаптарда, шығармаларда, басқа да баспа материалдарында жарияланды. Профессор Т.Амандосов атындағы аймақ басшысының арнаулы сыйлығын алған еді.
Қайрекеңнің жарқын да жайдары жүзі, асыл бейнесі жадымызда әрдайым сақталып, ел-жұртының есінде қалатынына сенімдімін.
Амангелді МУТИГУЛЛИН,
Атырау қаласы.
Ұстаздың ұлағаты
Өзінің таңдаған мамандығына адал жандар әсіресе, мұғалімдер арасында көп кездеседі. Солардың қатарында математика пәнінің мұғалімі Қоныс Мұқанбетқалиев пен қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген Қадиша Әмірғалиеваны атауға болар еді. Екеуі де бұрынғы Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, Қызылқоға ауданындағы мектептерде дәріс берді. Өздері жұмыс жасаған ұжымында үлкен беделге ие болған олар ерлі—зайыпты ретінде бір—бірін толықтырып жүретін. Бір—біріне деген сыйластығы да өзгеше болатын. Екеуі де шәкірт тәрбиелеуде уақытын аямаушы еді.
Ерлі-зайыпты ұстаздар оқушылардың білімін әділ бағалап, ынталандырып отырады екен. Оқушыларды бір-бірінен алаламай, ілім-білімге ынтасы бар шәкірттерінің талантын аша түсу үшін қосымша тапсырмалар беретінімен ерекшеленіпті. Шәкірттерінің бәрін де өз балаларындай маңдайынан сипап, жылы сөзімен аялайтын, ешкімнің ала жібін аттамаған, мамандығына деген адалдығынан айнымаған ұстаздарды әріптестері де, шәкірттері де құрмет тұтушы еді. Олардан дәріс алған шәкірттер экономиканың әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
–«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп Жак Руссо айтқандай, Қоныс ағай мен Қадиша апай шәкірттерінің санасына білімнің алтын дәнін сіңіре білген аяулы әріптестеріміз еді. Ұстаз деген қадірлі мамандықты сүйгендері соншалық, сабақта әр тақырыпты оқушыларға түсіндіруден өзгені ойламайтын, — дейді ардагер ұстаз Батыр Мақымов. –Ашық сабақтары өте жақсы өтетін. Жас әріптестеріне ақыл-кеңестерін беріп, тәжірибесін бөлісуден жалықпайтын. Сабақтарын түсіндіргенде жанарлары жарқылдап тұратын. Олар дәріс берген сыныптардың үлгерім сапасы да жоғары болатын. Таңдаған мамандығына адалдығынан шығар, екеуі де жұмыс істеген ортасында да, ата-аналардың арасында да абыройлы еді. Әсіресе, Қоныс ағай шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің І съезіне қатысты. Жоғары санатты әдіскер мұғалім ретінде 1974 жылдан аудандық әдістемелік кабинеттің, 1976 жылдан облыстық білім жетілдіру институты математика кабинетінің, 1984 жылдан облыстық халыққа білім беру басқармасының штаттан тыс инспекторы болды. «Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі» атанды.
Шәкірттеріне сапалы біліммен бірге тәлімді тәрбие бере алған ерлі-зайыпты ұстаздар алты ұл-қыз тәрбиеледі. Ұлағат дарыған отбасында ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп жетілген ұрпақтарының бәрі де жоғары білім алып, өмірден өз орнын тапты.
Дәулетқали АРУЕВ