Жарнама
Жаңалықтар

ЖАНЫ НӘЗІК, ІСІ БЕКЕМ

«Ащы тер төкпей, тұщы тірлік болмайды» деген қағиданы берік ұстанған Алтынгүл өз қызметіне ерекше ден қойып, еңбекқорлығымен танылып, аз уақыттың ішінде әріптестерінің көңілінен шыға білді. Осы орайда Алтынгүлге артылған қызметтің жауапкершілігі де зор екендігін айта кеткен жөн. Себебі, «ҚазТрансОйл» АҚ – еліміздің бас мұнай тасымалдау компаниясы және оның өндірістік нысандарында жүргізілетін жұмыстардың қауіптілігі де барынша ескерілген. Сәйкесінше, онда сақталуға тиісті еңбек қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптары да өте жоғары. Қазақстандық және халықаралық талаптарға сай келетін қауіпсіздік шараларының орындалуын Алтынгүл басқарма шеңберінде толығымен қадағалайды. Өндірісте тіркелуі мүмкін кез-келген жағдайда тиісті түрде әрекет ету мақсатында төтенше жағдайлардың алдын  алу шаралары да өткізіліп тұрады.

Осы секілді өзінің лауазымдық міндетіне сәйкес, басқарманың еңбек қорғау және өрт қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыра отырып, қоғамдық жұмыстарға да белсенділік танытып келеді. 

Басқармадағы «Жастар қанаты» кеңесінің төрайымы қызметін қоса атқаратын ол түрлі тақырыпта «дөңгелек үстелдер», сайыс-тренингтерді ұйымдастырып, атаулы мерекелердің мекемеде жоғары дәрежеде аталып өтілуіне ұйытқы болып, үлкен мән беріп келеді. Жас мамандардың білім-біліктіліктерін көтеру мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастыру да оның жұмысынан қалыс қалмады.

Сауаттылығымен, жауапкершілігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен ерекшеленген Алтынгүлдің бүгін еңбегінің еленгені болар, бірқатар марапаттар мен мақтауларға да ие. Атап айтқанда, басқарма басшылығы тарапынан бірнеше Алғыс хаттармен марапатталса, республикалық жастар саясатын іске асыруға белсенді қатысқаны үшін Президент әкімшілігі атынан сертификатқа ие болған.

Ел арасында жетімдерге, мұқтаждарға шамасы келгенше қол ұшын беріп, олардың жағдайларына қарасып тұру, реті келсе қамқорлық жасау – ең сауапты істердің бірі және ең ұлығы. Мұндай ізгі амалдар жасау тұрғысында компания тарапынан іске асырылып жатқан шаралар аз емес. Бұл істе басқармадағы жастарды ұйыстырып, аймақтағы аз қамтылған отбасыларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлерге, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне және жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үйі мен мектеп интернаттарына қайырымдылық акциясы аясында қолдау жұмыстарына кейіпкеріміздің қосып жатқан үлесі аз емес.

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылықты ұялатқан бүгінгі кейіпкеріміз туралы әріптестері де оң пікірде.

«Еңбек жолында айтарлықтай жетістіктерімен дараланып жүруінің де бір себебі – оның қалыптасқан түзу тәрбиесі мен тәртібінің жемісі. Қай іс болмасын жауапкершіліктен жалтармайды. Өз қызметін табандылықпен атқара білген Алтынгүл бір тәуліктегі уақытының басым бөлігін жұмыс орнында өткізеді. Жұмыс жайына келгенде ол уақытпен санаспайды. Еңбек қорғау және өрт қауіпсіздігі бөлімінде жалғыз ғана нәзік жанды  Алтынгүлдің ерлермен тең жұмыс істеп жүрген оның еңбекқорлығына тәнтіміз» дейді әріптестері атынан Алтынгүл туралы ойын жеткізген өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау басқармасы бастығының  орынбасары-өнеркәсіптік қауіпсіздік қызметінің бастығы Асқар Қабулов.

Болмысынан ақжарқын, кішіге қамқор, жүрегі адал Алтынгүлдің атқарып жүрген әр ісі көпке үлгі.  Оқу орнын бітірісімен қызметке орналасқан оның алдынан кезіккен қиындықтар да аз болмаған. Алайда, оның ешбіріне мойымаған Алтынгүл бүгін өз ісінің шебері атанып отыр. «Әйел-аналардың қолынан келмейтін іс жоқ» деген қағиданы  жанына серік еткен арудың ендігі уақытта отбасын құрып, аяулы жар, сүйікті ана атану сынды армандары да жоқ емес.

«Қызметте қанша жетістікке жетсек те, әр қыз бала үшін отбасын құрып, оның ұйытқысы бола білу — басты шарт. Сол себепті, тұрмысқа шығып, адал жар атанып, сәби сүйіп, оларды тәрбиелеу – менің басты арманым» дейді Алтынгүл Маратқызы бізбен әңгімесінде. Ол өз кезегінде барша әйел-аналарды айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін де жеткізді.

Кәсіби білгірлігімен жас болса да ұжым арасында беделге ие бола білген Алтынгүлге ойға алған армандарының орындалуына біз де тілектестік білдірдік.

 Тізе берсек, кейіпкеріміз, сан қырлы Алтынгүл Маратқызы жайында ұзақ айтуға болады. Сөз соңында, ең бастысы, жүрегі нәзік болса да ауқымды істі қолға алған, жаны нәзік болса да, іске бекем, оны көпке үлгі ете білген Алтынгүлдей  қазақ қыздары көп болғай дегіміз келеді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button