ӨНДІРІСТІҢ ОЗЫҚ МАМАНДАРЫ

қолдарына алғашқы құжаттарын алды

Атырауда еліміздегі алғашқылардың қатарында ашылған, дуальды білім беру жүйесіне негізделген «Кәсіпқор» республикалық холдингіне қарасты мұнай-газ мамандарын оқыту орталығы-APEC Petrotechnic колледжінде айтулы оқиға болды. Осында «Мұнай-газ ісіне кіріспе» бағдарламасы бойынша дәріс алып жатқан жастарға арнайы дайындалған халықаралық үлгідегі сертификаттар салтанатты жағдайда табысталды.

Мұндай құрметке 10 ассистент пен 44 студент ие болды. Оларды алдымен «Кәсіпқор» холдингі» ұлттық акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова құттықтады.

Келесі сөз кезегін ғасырдан астам тарихы және бай тәжірибесі бар канадалық оқу орнының басшысы, «SAIT Polytechnic»-тің вице-президенті Алекс Захавич еншіледі. Оның айтуынша, біздің Атырау шаһары тәрізді, Оңтүстік Альберта қаласы да сол елдің мұнайлы астанасы аталады екен. Аталған оқу орнының осында орналасуының себебі де, сыры да сонда жатқан болса керек. Ойындағысын осылайша сабақтаған шетелдік мейман одан әрі басқаларына қарағанда бұл оқу орнының артықшылығы көп, мәртебесі жоғары екендігіне  назар аударды.

Әріптесінің айтқан әңгімесін «SAIT Polytechnic» политехникалық институты сыртқы істер басқармасының басшысы Глен Шепперд жалғастырды.

Бұдан соң студенттерді аймақ басшылығының атынан құттықтаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев ойын былайша түйіндеді:

– Табысталып отырған мына құжат – ертеңгі күні мұнай-газ өнеркәсібінің білімді де білікті мамандары болып шығатын сіздерге артылған үлкен сенім, берілген мол мүмкіндік, жүктелген жоғары жауапкершілік. Әрине, бұған мемлекеттік басқару, атқарушы билік органдары да мүдделі. Әйтсе де, түпкі нәтиже өздеріңізге тікелей байланысты, сол жағы әр кез естеріңізде жүрсін! Орынды айтылған тілек пен ұсыныс-пікірді атыраулық «APEC Petrotechnic» колледжі-оқыту орталығының директоры Ермек Күзенбаев та қостады.

Канада елінде бір айлық дайындық курсынан өтіп, қолына ассистент сертификатын алған жастардың кәсіби білімдерін жалғастыра жүріп, осындағы студенттерге дәріс беруге де құқығы бар екен. Теория мен тәжірибені ұштастырудың тамаша үлгісі осы болса керек.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз