Жанұя жәрдемақысы жайлы не білесіз?
Atr.kz/26-ақпан, 2019 жыл. Тұрғындарды қолдау бағытындағы әлеуметтік көмек негізгі алты санатқа бөлінеді.
Елімізде балалы отбасыларды жұмыспен қамтуға арналған шаралар мен жеңілдіктер бар. Мәселен, колледждер базасында 2,5 жыл көлеміндегі тегін кәсіби техникалық білім алу қарастырылған. Яғни, оқу ақысына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шәкіртақы, жолақымен қамтылады.
Сондай-ақ, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының оқу орталықтары мен колледждер базасында қысқа мерзімде курстарда оқытылады. Сонымен қатар, жолақы үшін материалдық көмек және шәкіртақы төлеу қарастырылған. Тұрғылықты мекеннен тыс жерде оқитын бағдарламаға қатысушыларға жатын орын шығыны да өтеледі. Аталған отбасылардың жеке ісін ашу үшін «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту мен шағын несиелеудің жолдары қарастырылған.
Балалы отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мақсатында кәсіби бағыт-бағдар, кеңес беріліп, әлеуметтік жұмыс орындарына тартылады және айлық еңбекақы көлемінен көп емес еңбекақының 35 пайызы мемлекет арқылы субсидияландырылады.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА