Жантерек елді мекенінде жаңа мектеп пайдалануға берілді
Atr.kz/17 қаңтар, 2020 жыл. Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жантерек елді мекенінде алпыс оқушыға арналған типтік жобадағы жаңа мектеп салынып, шәкірттер мен ата-аналар қуанышқа кенелді.
Шағын білім ордасы ғимаратының тұсаукесер салтанатында аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев жұртшылықты құттықтап, мемлекет тарапынан білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп, мұғалімдердің мәртебесін айқындайтын заң қабылданғандығын атап өтті.
Ол №75 мектептің директоры Гүлжауған Сұлтановаға жаңа мектептің символикалық кілтін табыс етті. Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Сисенбай Қабдолов білім ошағынан елдің абыройын асқақтататын азаматтардың тәрбиеленіп шыға беруіне тілектестігін білдірді. Жаңа мектептің лентасы қиылып, қонақтар білім ошағының ішін аралап көрді.
– Заман талабына сай типтік жобадағы мектепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Мұнда асхана, жаттығу залы, медициналық кабинет, ішкі әжетхана, сыртқы спорт алаңы бар. Қазіргі таңда мектепте 55 оқушы білім алуда. Оларға сегіз мұғалім, үш тәрбиеші тәлім-тәрбие беретін болады, — дейді мектеп директоры Гүлжауған Сұлтанова.