
Жаңа Салық кодексінде қандай өзгерістер бар?
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Құжат салық жүйесін жеңілдетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасауды және азаматтардың салық жүктемесін әділ бөлуді көздейді. Бүгін республика Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Атырау облысына келіп, салық төлеушілермен кездесті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды. Сол уақыттан бері заңдағы өзгерістерге байланысты кәсіпкерлер мен кәсіпорын, мекеме есепшілерінен сауалдар көптеп түсуде. Осыған байланысты, біз еліміздің әрбір өңіріне барып салық төлеушілермен кездесу ұйымдастырудамыз, — дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Басты өзгерістердің бірі – салық есептілігінің 30%-ға қысқаруы және салықтардың 20%-ға азаюы. ҚҚС мөлшерлемесі 16% болып белгіленді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін төмендетілген ставка енгізіледі: 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10%. Әлеуметтік маңызды қызметтер мен кітап шығару ҚҚС-тан босатылады.

Жеке табыс салығы бойынша прогрессивті жүйе енгізіледі: жылдық табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар 15% төлейді. Зейнетақы төлемдері ЖТС-тан босатылады, ал мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік шегерімдер 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Кәсіпкерлер үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға мобильдік қосымша арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған. Арнаулы салық режимдері оңтайландырылып, бизнестің берешегі аз болса, есепшоттар бұғатталмайды.

Жаңа Кодекс экономиканың негізгі бағыттарын қамтып, инвестициялар мен қор нарығын ынталандыруға ерекше көңіл бөледі.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ