Жаңа мектеп құрылысы Жамансор ауылында орта білімге қолжетімділікті арттырады
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында жаңа мектеп құрылысы басталады. Бұл жоба «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландырылып, 2 миллиард теңге бөлінді.
Үкіметтің ресми өкілдері хабарлағандай, қазір Жамансор ауылында тек бастауыш мектеп жұмыс істейді, ал жоғары сынып оқушыларын көршілес аудандарға тасымалдауға мәжбүр. Жаңа мектеп құрылысымен ауыл балаларына сапалы білім алу үшін барлық қажетті жағдай жасалады. Бұл шара білім алу мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырады.
Жамансор ауылының тұрғыны Алмагүл Аманова жаңа мектептің құрылысы туралы жаңалықты қуанышпен қарсы алды.
-Бізде тек бастауыш сыныптарға арналған мектеп қана бар. Оны аяқтаған соң, оқуын жалғастыру үшін балаларымызды басқа аудандарға тасуға мәжбүр болдық. Біздің ауылда жаңа мектептің салынатыны туралы жаңалық біз үшін үлкен қуаныш, — дейді ол.
Бұл жобаны білім берудің сапасын арттырып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам деуге әбден болады.
Қ.ШӘКІРОВ