Ноғаев: « Біз кәсіпкерлермен ашық та адал тілдесуге ұмтыламыз»

5 2 Жаңалықтар

Atr.kz/30 қараша, 2019 жыл. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің бизнес өкілдерімен кездесті.

Үш сағаттық кездесуде облыста шағын және орта бизнесті дамыту бойынша әкімге ондаған сауалдар қойылды, –  деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму Басқармасының басшысы Айқын Елеусізов өңірдегі шағын және орта бизнестің экономикалық дамуы бойынша хабарлама жасады. Бүгінгі күнге кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны  –  128,1 мың адамды құрайды, 1 362,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. 2019 жылы мемлекеттік және өңірлік  бағдарламаларға  5 846,5 млн. теңге бөлінді, оның  3 387,8 млн. – жергілікті бюджеттен.  2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына  2 249,5 млн. теңге бөлінді. Күні бүгінге  282 жоба қолдау тауып, 705 жұмыс орны құрылды. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері (2010-2019 жж) өңірде жалпы несие сомасы  – 115,5 млрд.теңге болатын  1 546 кәсіпкердің жобасы қолдау алып,  18 433 жұмыс орны сақталумен  6 576 жаңа жұмыс орны құрылды. Олармен  203,1 млрд.теңгеге жуық өнім өндіріліп, 39,6 млрд.теңгеден астам салық төленді.- Біз өз жұмысымызда кәсіпкерлікті дамытуды қолдауымыз керек. Елбасының, Президенттің тапсырмалары бар. Шағын және орта бизнесті дамыту – бұл салық базасының ұлғаюы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, халықтың  әл-ауқатын жақсартуға бағытталған басқа да әлеуметтік мәселелер, – деді Нұрлан Ноғаев.Статистикалық мәліметтер бойынша, ШОБ  өңірлік жалпы өнімдегі үлесі  – 19% құрайды. Егер бизнестің ТШО және НКОК сияқты жобаларға үлесін есептемесе, бұл көрсеткіш –  38% жетеді.   

  – Біз кәсіпкерлермен ашық та адал сөйлесуге ұмтыламыз. ШОБ қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бизнеске белсенді дамуға мүмкіндік береді. Облыстың геопорталынан өткізіліп жатқан жер аукциондары мен конкурстар туралы барлық мәліметті алуға болады. Бұл арқылы әлеуетті қатысушы аталған учаскенің артықшылықтарын алдын-ала бағалай алады. Кәсіпкерге ақпарат алып, келісім алу үшін мемлекеттік органға барудың қажеті жоқ. Бұл бағытта әлі де жұмыстану қажет. Басты мақсат  –  рұқсат қағаздарын алудағы адами факторды мейлінше азайту. Және оларды беруді тездету. Барлығы да ашық, жариялы болуы қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.               

   Кәсіпкерлер әкімге фермерлік пен мал өсіруге тежеу болып тұрған факторлар туралы айтты : ол суару инфрақұрылымының жетіспеушілігі. Қазіргі  бар суару жүйелері бытыраңқы және техникалық тұрғыдан тозған.Нұрлан Ноғаев өңірде сумен қамтамасыз ету мәселесі шынында да өзекті екенін айтты. Жергілікті билік субсидиялау мәселесін бірнеше рет көтерген, бірақ проблема шешімін таппай тұр. Соған қарамастан, облыс әкімдігі су каналдарының қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыстануда.

Жалпы ұзындығы 1150 шақырым 15 каналдың 14 өңірдің балансына алынды. Бұл каналдарды тазарту, жөндеу жұмыстарын жергілікті  бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік береді.  Облыс әкімімен ашық әңгімелесуге келген бизнес өкілдері өздерінің проблемаларын да айтты, жетістіктерін де көрсетті. Бір кәсіпкер әйелдің «Қазақ қызы академиясы» инновациялық жобасы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және қазақ қолөнерін насихаттауға арналған. Тағы бір кәсіпкер шешендік өнер тренингтеріне мемлекеттік қызметшілерді тартуға әкімнің ықпал етуін сұрады.       

 – Өзінің ойын нақты жеткізіп, әңгімелесе білуге бала жастан баулу қажет және бұл тек мемлекеттік қызметшілерге емес, бәрімізге керек. Заманауи  технологиялардың  дамуының теріс жақтары да бар. Біз тілдесіп, араласудан, кітап оқудан қалып барамыз. Қарым-қатынасты күшейтіп, бір-бірімізді сыйлай білуіміз керек. Біз бүгін сіздермен ашық форматта тілдесіп отырмыз. Проблемалық мәселелерді талқылап, шешу жолдарын іздеу үшін келдім. Сіздерден түскен сигналдарды қабылдап отыру үшін коммуникация қажет. Мен өзімнің әріптестеріме сенемін, олар өз ойларын халыққа ұғынықты жеткізе алады. Және бұндай қарым-қатынас көптеген проблемаларды шешуге мүмкіндік  береді, – деп ой түйді Н.Ноғаев. 

Кәсіпкерлер жер учаскелерін беру, электр қуатына қол жеткізу, өз жобаларын іске асыру бойынша қандай көмектер бар – басқа да көптеген сауалдар қойды. Облыс әкімі барлық көтерілген мәселелер бойынша  оларды  шешу  жолдарын қарастыру  жөнінде  қарамағындағы қызметкерлерге тапсырмалар берді. 

5 1
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз