Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Жалқаулықты жеңіп, бизнес бастауға мүмкіндік береді!

Қазір масылдыққа мастанып, жатыпішер жастардың саны көбейіп бара жатқаны рас. Оның үстіне, карантин де сыныққа сылтау болып тұр. Соларға «кәсіпкерліктің тегін курсына жазыл, бәлкім, грант ұтып аларсың» деп көріңіз. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт екенін айтып ақталады…

«Еңбек» бәрін де жеңбек

2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кəсіптен нəсіп көріп жүрген жандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Оқу курсынан өтіп жатқандардың қай-қайсысы да грант алуға үміткер бола алады. Мұны түрлі сала өкілдерінен құралған арнайы комиссия талқыға салып, бірауыздан шешім қабылдайды. Сол комиссияның құрамында журналист ретінде біз де бар едік. Ақпарат алу кəсіби əдетке айналып кеткен соң ба, əлгі үміткерлердің бизнес бастамаларымен тереңірек танысып, мəнжайына қанығып алдық. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде өткен брифингте Жылыой ауданының əкімі Халел Жамалов ауданда 7 мыңға жақын кəсіпкер барын атап өтті. Соның 6 мыңы нақты жұмыс жасап жатқандар екен.

– Кəсіпкерлік қызметтің дені мұнай саласына қатысты болып келеді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық қажеттілік өнімдерін шығаратындар да бар. 2020 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы 102 адамға грант берілді. Оның 80 пайызы жұмысын бастап кетті. Олардың арасында күнделікті сұранысқа ие шаштараз, наубайхана, асхана, тігін цехын ашып жатқандар жетерлік, — дейді аудан əкімі.

Айтпақшы, жоғарыда атап өткен «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын «Бастау-бизнес» оқу курсы ұйымдастырылып отыр. Бұл да қазір екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға бетбұрыс ретінде жасалып отыр. Əкімнің айтуынша, былтыр 300-ден астам аудан тұрғыны аталған курсқа қалмай қатысып, соның 108-і қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Ендеше, аталмыш бағдарлама далада жатқан батпан құйрық емес. Ынталы жастың ықыласпен еңбек етуіне мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық. Мұны жұмыс іздеп жүрген жастардың қаперіне бердік.

Коронавирус кедергі емес!

«Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасы Жылыой аудандық филиалының директоры Ерболат Төлендиевтің сөзіне сенсек, жағадан алған жұқпалы дертке қарамастан жап-жақсы мүмкіндік жалғасын тауып отыр.

– Былтырғы шілдеден қазан айына дейінгі аралықта 118 адам арнайы курста оқып, ойдағыдай бітірді. Соның 83-і грант ұтса, алтауы жеңілдетілген несие алды. Бəрі де бастаған істерін дөңгелентіп отырған жайы бар. Сондайақ, «Бизнес-кеңесші» деген бағдарлама бойынша да 95 тұрғын кəсіпкерлік негіздерін үйреніп, 25-і бизнес бастап жатыр. Сондықтан, жаңа жылда да тағы 300 адамды оқыту ойда бар, — дейді ол.

« Б а с т ау — б и з н е с п е н » к ə с і б і н жүргізген Айжан Қалбенова Құлсары қаласының қақ ортасынан сұлулық салонын ашыпты.

– Салонда шаш қию, сəндеу жəне маникюр қызметі көрсетіледі. Қай жұмысты да құштарлықпен жасамаса, жемісін жей қою екіталай. Ал, бұл – менің ең сүйікті ісім. Мұны, тіпті, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ армандаған едім. Бұдан басқа, жергілікті қыз-келіншектерді осы қызметтің қыр-сырына үйретіп келемін. Шеберлік сыныптарын да өткізіп тұрамын, — деген Айжан келешекте кəсібін кеңейту үшін жаңа нысандар ашуды да жоспарлап жүр екен.

Біз тұтынушыларды да сөзге тартып көрдік. Құлсары қаласының тұрғыны Марина Əмиева шаштараз нысандарының көбейіп жатқанына дəн риза. Бағасы да қолжетімді екенін айтады.

– Кəсіп ашып, табыс табамын деген аудан жастарына қазір мүмкіндік мол. Тек соны уақытында пайдаланып қалған дұрыс қой. Əйтпесе, еңбек қылмай-ақ, оңай олжаға кенелмек болғандардың «битке өкпелеп тонын отқа жағып» жүргендері бар. Ешкім де біліп тумайды, бəрі де талаптанғанның арқасында, — дейді Марина.

Үйден шығатын шұжық

Келесі кейіпкеріміз үйде отырып-ақ кəдімгі шұжық дайындауды қолға алған. Ол оқу курсына қатысып, грантқа ие болыпты.

– Табиғи жəне адал асқа сұраныс қашанда жоғары. Соны негізге алып, шағын ғана пешпен шұжық пісіруді бастап едім. Енді 555 600 теңге грантқа жаңа үлгідегі құрал-жабдық сатып алдым. Қазір қажетті пеш пен тоңазытқышым бар. Бұл уақытымды үнемдейді, əрі өнім де жоғары сапада дайындалады. Тұтынушылар үйге келіп алып кетеді. Кейде өзім де өнімімді сауда орындарына жеткізіп беремін, — дейді кəсіпкер Гүлжаһан Аязбаева.

Бір қызығы, шұжықтың сыртқы қаптамасы Алматыдан келеді екен. Ал, сойылатын мал – жергілікті жерден. Бұдан екі жыл бұрын массаж бөлмесін ашқан Майра Жолдығұлова да қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіпті. Ол остеохондрозбен ауыратын адамдар үшін таптырмас емдік құрылғы сатып алғанын айтады. Тіпті, əжімді кетіруге де септігі мол. Яғни, терідегі кез келген тыртықты түзеп жібереді. Емделушілердің айтуынша, заманауи құрал денеге ине қадалғандай əсер береді екен. Бұл бір ғана зат емес, бірегей кешен. Сондықтан, бағасы қымбаттау. К ə с і п к е р д і ң е н д і г і о й ы – «Теңізшевройл» бірлескен кəсіпорны ұйымдастыратын грантты ұтып алу. Сол қаржыға жеке ғимарат салғысы келеді. Ал, əзірге мұнайлы ауданда массаж орталығы жоқ.

Тегін оқытып, шәкіртақы төлейді

Былтыр Дилдора Тəңірбергенованың да айы оңынан туып, 500 мың теңгеден астам грант жеңіп алды. Сөйтіп, түрлі тігін машиналарын сатып алып, шеберхана ашқан.

– «Бастау-бизнес» жайлы естіген бойда қатысуға асықтым. Алдымен бір ай сабақ алғаным үшін шəкіртақы да төленді. Көп кəсіпкерлерді қинайтын бизнес-жоспар жасауды үйреніп, оны сəтті қорғап шықтым. Кейін телефон шалған ұйымдастырушылар «сіз грант ұтып алдыңыз» дегенде, қатты қуанып кеттім. Жалдайтын ғимарат тауып, ателье аштым. Қазір түрлі стильде, əсіресе, əйелдерге арналған ұлттық киімдер, қазақы оюмен өрнектелген көрпе-төсектерді тігемін. Қыз жасауын да дайындаймын, — дейді кəсіп иесі.

ТҮЙІН

Бір байқағанымыз, кәсіпкерлердің қай-қайсысы да сапаға қатты мән береді екен. Демек олар бастаған бизнестің болашағы зор, қайтарымы мол болмақ. Ендеше, мемлекет тарапынан ұсынылып тұрған мол мүмкіндікті мүлт жібермейік!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Коллажды жасаған Сая Рамазанова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button