ҚОС АУДАННЫҢ ЫНТЫМАҒЫ

Еліміз өңірлерінің экономикалық қарым-қатынасын, мәдени және шығармашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтеру мақсатында іскерлік байланыстар жасау жөніндегі меморандумға сәйкес Құрманғазы ауданында Исатай ауданының мәдениет күндері өтті.

Аудан әкімдігі ғимаратында Құрманғазы ауданының әкімі А.Барақатов Исатай ауданы басшысы Т.Сұлтанбеков бастаған көрші аудан өкілдерін қабылдады.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде қос аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көрсетілді.

Құрманғазы ауданы әкімі Амангелді Барақатов іргелес аудан өкілдеріне жылы лебізін білдірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткен жетістіктерге тоқталды. «Халық игілігі үшін атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды. Құрманғазы мен Исатай ауданы – ежелден достық қарым-қатынасты берік аудандар. Екі аудан арасында саяси-әлеуметтік, экономикалық, мәдени-спорттық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында түрлі саяси, мәдени шаралар жүргізіліп келеді», – деді Құрманғазы ауданы әкімі. Содан соң Исатай ауданының әкімі Т.Сұлтанбековке Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Ұзақ жылдар облыстың, ауданның ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Жанай Беркалиевке «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков барша құрманғазылықтарды жаңа Қой жылымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Құрманғазы ауданының әкімі А.Барақатовқа Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Ал, ауданның ардагер қаламгері Рахмет Иманғалиевке «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Исатай ауданының көркемөнерпаздары «Нарыннан ескен самал саз» атты концертін қойды. Осылайша Құрманғазы ауданындағы Исатай ауданының мәдениет күні тұрғындарға тамаша кеш сыйлады. Мәдениет үйінің дәлізінде Исатай Тайманұлы атындағы мұражайдың көрмесі, «Аудан қаламгерлерінің шығармалары» атты кітап көрмесі, аудан қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды. Тарихи жәдігерлер мен қолөнер бұйымдары көпшілікті өзіне баурады.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

меншікті тілші,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз