Жалғыз қазақстандықтың жарқын жеңісі
Аtr.kz/24 сәуір, 2019 жыл. Түркия мемлекетінің Анталия қаласында еркін күрестен жастар арасында халықаралық жарыс өтті.
Осымен 22-ші мәрте ұйымдастырылған «Champions» турнирі әлемнің мықты деген балуандарының басын қосып, осы жарыста өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының сапында жалғыз Сырбаз Талғат қана қола медальге ие болып, ел мерейін асқақтатты.
65 келі салмақта сынға түскен Сырбаз алғашқы кездесуінде Румыния спортшысын 10:0 есебімен тізе бүктіріп, екінші белдесуінде жарыс қожайынын дәл сондай есеппен жеңді. Ал, жартылай финалда жерлесіміз тағы бір түрік балуанымен иық түйістіріп, боз кілемдегі негізгі есеп 4:4 бола тұра, төрешілер әділетсіздік танытып, жеңісті жарыс қожайынының қанжығасына байлады. Ал, үшінші орын үшін күресте атыраулық саңлағымыз Әзірбайжан елінің ең үздік деген балуанын 6:5 есебімен жеңді.
Сырбазды бұл жарысқа Аслан Жаманбаев, Нәсіпқали Каукенов сынды жаттықтырушылар дайындады.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ