Билігі мықты елдің тірлігі құтты

21145 6 e beka y t leud baldy ru Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет – маңызды, әрі жауапкершілігі мол сала. Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 3500 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың жұмыс барысындағы азаматтармен қарым-қатынасы, қызмет көрсету сапасы үнемі бақылауда. Аталған сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында биылғы аттестаттаудың қорытындысы, жаңа реформалар, алдағы міндеттер жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловпен әңгімелескен едік.

21145-6-e_beka_y_t_leud_baldy__ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруыжаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында  мемлекеттің басқару тетігін жетілдіру, халықтың әлауқатын арттыру жолының көзі ретінде жаңа реформалар жүргізуді нақты тапсырды. Бұл бағытта Атырау облысында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Иә, Президент өз Жолдауында  мемлекеттік басқару тетігіне баса назар аударды. Жаңа реформалар әруақытта бізге керек. Себебі, дамыған отыз ел қатарына ену үшін біз өзгеріп отыруымыз қажет. Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде саланың оң имиджiн қалыптастыру, оның iшiнде уақытылы ақпарат беру мен азаматтардың өтiнiштерiн қарау, қол жеткiзiлген нәтижелер негiзiнде мемлекеттiк органдардың қызметi туралы оң пiкiрдi қалыптастыру басты бағыт болуы тиiс. Ол үшін мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру және жұртшылықпен байланыстар орнату тиiсiнше негiзгi бағыттар ретінде айқындалды. Осы орайда азаматтарға бағдарлану, кәсiбилiк, шұғыл әрекет ету, ашықтық және қолжетiмдiлiк мемлекеттiк органдар жұмысының негiзгi қағидаттары болып отыр.

Мәселен, кәсібилік бағытында  мемлекеттік басқарудың негізгі тетігі – мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау. «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін аттестаттауды сала қызметкерлерін шыңдайтын тетік болды дей аламын.

Аттестаттау демекші, жуырда аяқталған сынақтың қорытындысы жайында айтып өтсеңіз.

– Кәсіби біліктілігін саралау нәтижесінде аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің 99 пайызының өз лауазымына сәйкестігі анықталды.  Атап айтсақ, кешенді аттестаттаудың жеке құзыреттерін бағалайтын тестілеуден өту кезеңі бойынша облыстың 2280 мемлекеттік қызметшісі өз деңгейінде өтіп шықты. Тестілеу барысында 360 сала маманы өте жақсы, 1794-і – тиімді, 119-ы –  қанағаттанарлық, 7-уі төмен деген нәтижені көрсетті.

Ал, қанағаттанғысыз баға алғандардың болашақтағы тағдыры қалай болмақ?

– ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңының 33-бабының 6-тармағына сәйкес, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеліп соғады. Ал, егер мұндай қызмет болмаған кезде басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылады.  Сол лауазымнан мемлекеттік қызметші бас тартса немесе бос орын мүлдем болмаса, ол атқаратын лауазымынан босатылады. Айта кететін жайт, мемлекеттік қызметші ел заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.

– Салада қандай жаңа реформалар жүзеге асуда?

– Мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын бәсекелестік және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыру тәжірибесі белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл сала қызметкерлерінің беделін көтере отырып, мемлекеттік қызметке тұрушылардың арасында сұранысты арттырады. Ал, оның мансабы  біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алынумен құралады. Соның негізінде мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби жарамдылығын мансабының әр сатысында дәлелдеп отыруы керек.

Мемлекеттік қызметшілерді тоқсан сайын бағалау процесі де жүзеге асырылуда. Яғни, біз оның өз лауазымына сәйкестілігіне әруақытта назар аударамыз. Бұл – мемлекеттік басқару тетігінің жаңа моделі.

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін оңтайландыра отырып, құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын. Осы мақсат халық пен мемлекеттік қызметтің арасындағы көптеген коллизияларды жоя алады, қағазбастылықтан айырып, халықтың уақытын үнемдейтін бірден-бір үдеріс болады.

– Аталған реформалардан күтілетін нәтиже қандай?

– Жаңа реформалардың бірі ретінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдарын атап өтер едім. Қазір біз оны жоюға емес, алдын алуға жұмыстанудамыз. Бұл үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы және ішкі талдау жүргізудің маңызы зор.

Біз күтетін нәтиже әрқашан сапаны және жоғары деңгейді көздейді. Ең басты мақсат – мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру. Мұндай жаңашылдықтан үлкен үміт күтудеміз. Алайда, ауылдағы азаматтардың көпшілігі мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін үйде отырып, электронды түрде алуға болатындығын біле бермейді. Білген жағдайда да олардың барлығы интернет желісімен толық қамтылмағанын ескеру қажет. Елбасының саясатын толыққанды жүзеге асыру мақсатында департамент пен облыстық әкімдік арасында жаңа жоба жасақталған болатын.

– Бұл қандай жоба?

– Оның негізгі мақсаты – облыс көлеміндегі барлық округ әкімі аппараттарына қосымша бір компьютер (сканер, принтер) орнатып, қызмет алушыларға кеңес беру, құжаттарды веб-порталға енгізетін штаттан тыс бір қызметкерді жұмыспен қамту. Сол арқылы электрондық қызметті алуда халыққа қолайлы жағдай жасау. Аталған жұмыстар нәтижелі болу үшін әр адам электронды цифрлық қолтаңбаны алу қажет. Осы мақсатта қазір облыс бойынша толық түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде. Бұл реформа халықтың әл-ауқатын, құқықтық сауатын арттыруға септігін тигізетін болады.

– Мемлекеттік қызмет саласына тартылатын шетелдік кадрлар Атырауға келді ме? Сіздің ойыңызша, шетелдік кадрларды әкелу ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсерін тигізбей ме?

– Шетелдік кадрлар Атырауға әлі келген жоқ. Бірақ, олар агенттікпен тығыз байланыс жасап, ұсыныстарын енгізіп отырады. Айта кету керек, мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның шешімі бойынша шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдай алады. Шетелдік жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарға орналаса алмайды. Ал, олардың қызметтерін мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның келісімімен белгілейді. Мемлекеттік органдар қабылдайтын шетелдік жұмыскерлер қызметінің сапасы үшін дербес жауаптылық мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі.

Салаға жұмысқа қабылдану кезінде шетелдік жұмыскерлер арнайы бекітілген тәртіппен еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруінен өтуі тиіс. Қазір жаhандық бәсекеге қабілетті ел болу үшін біз халықаралық аренадан тәжірибе алуымыз керек. Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге тиіспіз. Сондықтан, шетелдік жұмыскерлерді тарту, кері емес, керісінше оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, мемлекеттiк қызметтiң жоғары беделi мен мәртебесi шет елдердегi мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң маңызды ерекшелiгi екенін ескеру керек. Қазiргi кезде көптеген елдер мемлекеттiк басқарудың ұлттық жүйесiнiң ерекшелiктерiн ескеретiн мемлекеттiк қызметтiң аралас моделiн құруды жөн көредi. Мемлекеттiк қызметтiң көптеген тиiмдi модельдерiнде (Нидерланды, Сингапур, АҚШ, Италия) жоғары мемлекеттiк қызмет институты қолданылады. Ол саяси шешiмдер қабылдауды iске асыру процесiнен ажыратуға бағытталған.

– Салаға биылдан бастап  баллдық жүйені енгізу қолға алынды. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы қандай критерийлер бойынша бағаланады?

– Иә, бұл жүйе «Б» корпусы қызметшілерінің қызметін бағалау, олардың жұмыс тиімділігі мен сапасын, атап айтқанда,  қызметтік этика мен жеке жұмыс жоспарын, лауазымдық міндеттерін сауатты орындауын анықтау үшін жүргізіледі. Сонымен қатар, бұл бағалаудың нәтижесі бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын төмендету немесе қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз бола алады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өткен жылы Атырау облысының  жергілікті атқарушы органдары арқылы 1 674 108 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 92,3 пайызы (1 546 280) қағаз түрінде, 5,7 пайызы (94 488) ХҚКО арқылы жүзеге асырылған. Алэлектронды түрде көрсетілген қызметтің үлесі небәрі екі пайызды (33 340) құраған.

Саланы жетілдіру жолдары:

– Мемлекеттік қызмет саласын түбегейлі жетілдіру+оңтайландыру= жоғары деңгейлі мемлекеттік басқару;

– Мемлекеттік органның жалпы жұмысының тиімділігін арттыру және мемлекеттік ресурстарды ұтымды қолдану;

– Мемлекеттік қызметтің жаңаша реформаларының іске асырылуының міндеттілігі. Бұл – мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейлігі, сыбайлас жемқорлықтың азаюы, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық санасының артуы. Міне, осы мәселелер шеңбері шешілуі тиіс.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз