ЖАЛАҚЫ және ЖОЛАҚЫ
Atr.kz/15 қазан, 2019 жыл. Жақында темір жолда жүру құны он пайызға қымбаттады. Рас, бәріне емес. Ресми ақпаратта айтылғанындай, әлеуметтік маңызды 28 облысаралық бағытта. Бұған Атырау-Маңғыстау пойызы кірмепті. Бірақ, мұнайлы мекен тұрғындары Астана мен Алматыға бармас па? Көршілес Ақтөбемен араласпас па? Немесе басқа қалаға қатынамас па?
Біріншіден, қыста жолаушылар жүрісі сәл саябырлайды. Жазғы уақытта әрібері ағылған адамдар нөпірі теміржолшыларға толымды табыс түсірері кәміл. Енді сол тепе-теңдікті сақтап қалу қажет емес пе? Әйтпесе, жолаушылардан демалыс айларында алынған ақша кеміп кетуі ықтимал. Ендеше, бұл – соны толықтыру тәсілі.
Екіншіден, қыста вагондарды жылыту керектігі туындайды. Қатты отынға сұраныс артады. Неге екені қайдам, соңғы жылдары республикада көмір төңірегінде таусылмас дау пайда болды. Табиғи газ тартыла қоймаған аймақтар салқын түсе өткір проблемаға тап келеді. Қолдан жасалған дерлік қиындық салдарынан көмірдің бағасы да көтеріледі.
Теміржолшылар мұның шығынын да жолаушылар есебінен жаппақ сыңайлы. Үшіншіден, республикада темір жол қызметін басқару неміс маманына тапсырылды. Ал, бұл ұлт өкілі дәлдікті тәуір көреді, шашпашылдыққа жол бермейді. Сондықтан, нақты есептегенде, шынында да, бұл сала өзін ақтамай отырған шығар? Расында да, оның өзіндік құны қымбат болар? Әйтсе де, соны шетелдік жетекші келгенше өзіміздің мықтылар білмегені ме? Өткен жылдар ішінде темір жолдың тізгінін кімдер ұстамады десеңізші. Сонда олар қандай есепке сүйенді екен? Төртіншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Тальго» вагондарынан бас тартқалы отыр. Кезінде мақтауын әбден жетістірген бұл енді нашар болып шыққан секілді.
Ал, 2011 жылдан бері испаниялық компаниямен әріптестік нәтижесінде барлығы 400 «Тальго» вагоны пайдалануға берілген екен. Енді соларды қайда жібермек? Әбден тозғанша жүре тұра ма? Сол жобаға да қыруар қаражат жұмсалды. Мына бастама қанша қаржыны қажет етер екен? Жаңа бағаның оған қатысы бар ма? Қазір қымбатшылыққа көз үйренген заман ғой. Бұл да соның бірі шығар. Бірақ, тұтынушының төлеген теңгесі көрсетілер қызметке сай болғаны жөн еді. Әйтпесе, шілдеде салқындатқышы жоқ вагондарда тұншыққан жолаушылардың обалы кімге? Немесе қыста жолға шыққандар жайлы жүре ме?
Айтпақшы, жақында Ақтөбеге барғанбыз, оң өзгерісті байқамадық. Әлі де біраз шаруа тындыру керек тәрізді. Жолақыға қатысты жабайы жайды такси жүргізушілері де танытып жүр. Қазір «Дина» базары мен темір жол бекетінен облыстың барлық аудандарына жеке көліктер қатынайды. Жүріс бағасын өздері тағайындайды. Сенбі мен жексенбіде қымбаттырақ, басқа күндері арзанырақ. Немесе сол күні рейсте қанша көлік барлығына, жолаушылардың аз-көптігіне қарай құбылып тұрады. Қалтаңыз көтермесе, жолда қаласыз.
Ал, осылардың түсіріп жатқан табысынан қаншалықты салық төлеп жүргендігін облыстық м е м л е к е т т і к к і р і с т е р департаменті біле ме екен? Әлде мұны ұсақ-түйек санай ма? Бұл назар аударуға тұрмайтын сала ма? Алайда, құзырлы орындарға болмашы көрінетін нәрсе халықтың қалтасына батпандай салмақ салуда. Егер салықпен тұқыртып қойса, онда бұлайша бетімен кетпес еді. Шаһардағы әр бұрышта тұрған такси жүргізушілері де жолақыны өздерінше белгілеп алған.
Ауа райының жауындышашынды күндері, кешкілік уақытта көтере қояды. Жыл басында такси көліктеріне есептеу құралдарын орнату жөнінде бастама болған-ды. Тіпті, мерзімі белгіленіп, шарты да жасалды. Бірақ, орындалған жоқ. Бұл мүмкін де емес еді. Сонда осындай ұсынысты қолдаған шенеуніктер не ойлады? Аға ұрпақ жақсы біледі, кеңестік кезде мұндай жабдық такси көліктерінде міндетті еді. Ал, қазіргі жеке меншік иелері оны орната ма? Мүмкін мемлекеттің араласуымен осындай құрылымды қайта қалыптастырып көрсе қайтеді?
Инвестиция тартуға да жағдай жасалар. Жазда баспасөз құралдары Алматыда такси жүргізушісінің шетелдік мейманды әуежайдан қалаға тым қымбатқа жеткізгені жөнінде жарыса жазып жатты. Әлгі жігітті анықтап, көп көлемде айыппұл салуды ұсынғандар да табылды. Сонда «кімнің ақшасын қызғанамыз?» деп те ойлағанбыз.
Сөйтсек, мұндай жағдайға бәріміз де душар болады екенбіз. Бізде де әуежайға қатынайтын жалғыз автобус бағыты бар. Ол да кешкілік жүрісін тоқтатады. Сонда жолаушылар кімге жүгінеді? Жеке көлік иелері осындай тығырыққа тірелген бірлі-жарым адамды аңдиды. Солардың қалтасын қағады. Әуе қатынасын да арзан деуге келмейді. Елбасы тапсырмасымен ашылған арзан ұшақтар қазір ұша ма, әлде жоқ па–шынын айтқанда, оны білмедік. Таныстарымыздың арасынан соған мінгендер де табылмады. Болғанда да мұндай көліктер бәріне жетер ме? Асыққандар амалсыз қымбатына аяқ артады. Сонда ұшақтар билеті де кез келгенге қолжетімді емес.
P.S.
Бұл бағыттағы салыстырмалы деректерді жалғастыра беруге болады. Соның бәрі де тұтынушының пайдасына емес. Жалақы орнында, ал, жолақы көтеріліп барады. Мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдік осы орайдағы шығынды жабуға жұмсалмайды. Әлеуметтік көмектің оған қатысы жоқ. Демек, әркімге көрпесіне қарай көсілуіне тура келеді. Ал, неге еңбекақы еңсені көтеріп жүруге мүмкіндік бермейді?