ЖАЛАҚЫДАН БЕРЕЖАҚ БОЛМАУЫ ТИІС

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылау жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Отырыста еңбекақы төлеудегі кідірістер мен берешектер, оны шешудің жолдары туралы мәселе қаралды. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат Ишай қысқаша баяндады.

Хабарламашының айтуынша, ағымдағы жыл басынан бері облыстық және қалалық прокуратура органдарымен бірлесіп, бірнеше ұйымда еңбек заңнамаларының сақталуына тексерулер жүргізілген. Нәтижесінде, көптеген кемшіліктер анықталған. Мәселен, «Атырау Бас жоспар» ЖШС-нің 60-тан астам қызметкері өткен жылдың желтоқсан айында жалақы төлеуден кідіріс болғандығы жайлы Атырау қалалық прокуратурасына мәлімдеме түсірген. Тексеру барысында аталмыш мекемеде мұндай жағдайдың биылғы қаңтар айында қайталанғандығына көз жеткізілген. Наурыз айының 30-ы күні ғана қызметкерлердің алдындағы жалақы қарызы толығымен жабылған.

Дәл осы тәріздес ұжымдық шағым заңдылықты қадағалаушы органға «Sagat Energy» ЖШС-нің қызметкерлері тарапынан да жолданған. Онда да үстіміздегі жылдың қаңтар айына тиесілі еңбекақының тең жартысы ғана төленгені, ал ақпанда мүлдем берілмегендігі айтылған. Мамыр айының 19-ына дейін қаңтар айындағы қарыз өтелсе, қазіргі уақытта берешектің қалған бөлігі қайтарылуда. Бұдан бөлек, жалақы төлеудегі кідірістер «Заман Энерго» мен «ANACO» ЖШС-терінде де орын алған болып шықты.

Өз кезегінде, жұмыс беруші компаниялар өкілдерінің атап өткеніндей, мұндай фактілердің тіркелуіне оларда атқарылатын жұмыс көлемінің қысқарып, азаюы басты себеп болған. Бүгіндері еңбек ұжымдарында орын алған ахуал тұрақтандырылған.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз