Жарнама
Жаңалықтар

ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН ЖЕР

Алдымен олар Қызылқоға ауданының аумағына кіретін «Мәтен Петролиум» бірлескен кәсіпорнының әкімшілік ғимараты мен жұмысшылар жатақханасы орналасқан вахталық қалашыққа маңдай тіреді. Осында өндіріс басындағы  басшы-мамандармен кездесіп, пікірлесті. Өйткені, Кеңестер Одағының кезінде әскери сынақтарды өткізу үшін ұзақ мерзімге жалға берілген Тайсойған полигонына тиесілі аумақтың бір бөлігі аталған кәсіпорынға қарайды.

Мамандардың мәлімдегеніндей, «қара алтын» қоры бар деп анықталған 2518 гектар жердің осы уақытқа дейін нақты түрде игеріліп, бұрғылау жұмыстары жүргізілгені 1527 гектар немесе барлық көлемнің 40 пайызы көрінеді. Қалғанында да мұнай қорының барлығы болжамдалғанымен оны тереңдей зерттеп, басталған жұмыстарды әрмен қарай жалғастыруға бұл жердің полигонға берілген аймаққа кіретіндігі, заңды түрде ресімделіп, кәсіпорынның иелігіне берілмеуі оны өндірістік мақсатта пайдалануға қолбайлау болып отырғандығын жасырмады.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов осы тұрғыдағы әңгіменің бір бүгін ғана емес, бұған дейін де талай мәрте қозғалып, мемлекет деңгейінде көтеріліп келе жатқанын алға тартты. Еліміз егемендігін еншілеп, мемлекетіміз тәуелсіздігін алған сонау тоқсаныншы жылдардан бастап өзгелері тәрізді Тайсойған полигонында да сынақ жүргізу жұмыстары тоқтатылды. Содан бері де ширек ғасырға жуық уақыт  өткеніне қарамастан мезгілінде қорғаныс мақсатында жалға беріліп қойылған ұлан-ғайыр жер бос жатыр.

Тек ағымдағы жылдың өзінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрліктері өкілдерінің қатысуымен үш мәрте кеңес өткізілген. Олардың бәрінде де мемлекетаралық комиссияның қорытынды-ұсынысы бойынша полигонға берілген жерді қайтару немесе алдын-ала уағдаласқандай, басым бөлігін жергілікті атқарушы құрылымдардың құзырына беріп, көлемін мейлінше шектеу туралы екіжақты келісім-шартқа қатысты процедураларды жетілдіру ойластырылған. Сенат депутатының сөзінен, қазірге дейін өзара түсіністік пен келісім жағдайында қол жеткізілген қадамдардың нәтижелерін сараптап қарағанда, көп ұзамай полигон аумағын пайдалану, заңдастыру мәселесіне соңғы нүкте қойылатынынан үмітті екендігін аңғардық.

Сенатор бастаған топтың  келесі тоқтағаны  «Қайнармұнайгаз» басқармасына қарасты «Уаз» кен орны және Жамансор стансасы болды. Мұнда да алдыңғы жүздесуде басталған келелі әңгіме әрмен қарай өрбіді. Мәтендік әріптестерінің айтқандарындай, тұтастай алғанда, осы төңіректен мұнай қоры бар деп анықталған, қалай болғанда да игерілуге тиісті 25-тей құрылымның санаулысынан ғана «қара алтын» өндіріліп тұрғаны болмаса, қалғандарында жіті барлап, өнеркәсіптік сатыға жеткізу жүзеге аспаған. Және бір білгеніміз, игерілу үстіндегі кеніштердің өзінен де әзірге алынып жатқаны тұзүсті қабатындағы мұнай екен. Енді тұзасты қабатын бағындыру үшін оған қосымша рұқсат пен күш-мүмкіндіктер жұмылдырылуы, қыруар қаражат, яғни инвестиция салу қажет. Игерілетін құрылымдардың схема-картасы да сызылып, дайындалып, есептері шығарылып, тиісті мекемелермен келісімделіп, бекітіліп қойылған. Бұл айтылғандар мен келтірілген деректерді кездесуге қатысып, өзіндік ой-пікірлерімен ортақтасқан «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Айып Сұпығалиев пен «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Абат Құтжанов та растады.

Ертесіне Атыраудан шыққан топ Тайсойғанды бетке алды. Жолда осы селолық округке қарайтын Шиқолтық участогін жайлап отырған жеке қожалық иесі Зұлқожа Молдашевтың қонысына аз-кем аялдадық. Бағымында 500-дей еділбай тұқымды қазақы қой, одан өзге ондаған жылқы мен мүйізді ірі қара малы бар жігіт осында отбасымен тірлік кешуде. Жолдасы Ақмарал, үлкен ұл-келіні Ұшқын мен Жаннат отағасына қолғабыс етіп, ортақ шаруашылықты бірлесіп атқаруда. Күн батареясының көмегімен электр қуатын алып, күнделікті тұрмысына қолдануда. Қалааралық телефон мен ұялы байланыс құралдарын пайдаланып, «Отау-ТВ» арқылы таратылатын телебағдарламаларды ел қатарлы тамашалауда.

Әйтсе де, полигон аймағына енетін елді мекенде тұратындықтан бұлар да, басқасын айтпағанда, меншігіндегі малына керекті анықтаманы, өзге де түрлі әлеуметтік жеңілдіктер, жәрдемақы, көмек тағайындауға керекті құжаттарды өзі қарайтын Тайсойған емес, өзге ауылдардан барып алуға мәжбүр екенін байқадық. «Егер мына өздеріңіз көтеріп отырған, жерді заңдастыру, қайтару мәселесі түпкілікті шешілсе, мұндай мәжбүрліктен арылар едік. Сенатор Сәрсенбай Құрманұлы мен әскери ведомоство өкілдері осыған үлестерін қосып, үмітімізді ақтайтындығына сенім білдіргім келеді», — деді  сұхбаттасымыз.

Дәл осындай мазмұндағы әңгіме округ орталығы Тайсойған селосындағы мектеп үйінде өткен басқосуда да өрісін тапты. Кезекті кездесудің шымылдығын ашқан Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов қысқаша Парламент тынысына тоқталды.

-Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бергі кезеңде (он айда) мұнда 100-ден астам заң жобасы талқыланып, мақұлданды.  Осыған дейінгі кездесулерде айтқанымдай, сынақ алаңына берілген жердің кері қайтарылып, көптің игілігіне айналуына бұдан былай да бар күшімізді салып, мүмкіндігімізді жұмылдырамыз, қолымыздан келгенінше жұмыстана береміз. Айта салуға оңай көрінгенімен, бұның әлі біраз жұмысы, анда-мында жүрісі бар. Шынына келгенде, мұның өзі бір ғана министрлікпен  бірлесіп шешіле қоятын шаруа емес. Тағы да қайталап айтамын, сайып келгенде, бұл – Үкімет деңгейінде мақұлданып, мемлекет басшыларының келісімімен нүктесі қойылатын мәселе. Біртіндеп шешіліп те келеді. Тек шыдамдылық танытып, сабырлылық сақтасаңыздар болғаны, — деп сабақтады ойындағысын сенатор.

Сенат депутатының әңгімесін жалғастырған аудан әкімі Мақсот Мұқанов, ауыл тұрғындары атынан сөз алған Сұлтан Нәсіпқалиев те тайсойғандықтардың осындай көңіл-күйде екендігін жеткізді.

Сапарының соңында Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов пен әскери ведомствоның өкілдері полигон аймағына кіретін елді мекендердің бірі, Индер ауданындағы Жарсуат селолық округіне қарасты бұрынғы Сарымайшағыл, қазірде Бұхар деп аталатын шағын ауылда болып, кейбір мәселелерге байланысты сауалдарға түсінік берді. Осыдан бірнеше жыл бұрын болашағы жоқ елді мекен ретінде танылған бұл ауылда бүгінде 20-ға жетпейтін отбасы, 100-дің үстінде адам тұрады. Өзінің бастауыш мектебі, медпункті, байланыс бөлімшесі де болған. Тіпті табиғи газ құбыры тартылып, жақын арада таза сумен қамтитын ауыз су желісі де жеткізілмек. «Миялы-Индер» тас жолының құрылысы игілікке берілген  күнде ол да осы ауылдың жанымен өтеді. Былай қарағанда, бәрі де жақсы сияқты. Жанға бататыны, жылдан-жылға оқитын баланың саны азаюынан бастауыш мектептің жабылғалы тұрғаны. Оның үстіне, алдында аталған ауылдардағы проблеманың бұл ауылға да тән болып отырғандығы. Азын-шоғын малын бағып, шаруасын күйттеп отырған жерлеріне де, бастарына пана қылып тұрып жатқан үйлеріне де меншік иесі ретінде құқықтары болмағандықтан бұхарлықтар да ешқандай құжатты (ең кішісі дүниеге жаңа келген сәбидің тууы туралы куәлікті, тіркеу кітапшасын) ала алмайды.

Қысқа ғана жүздесу сәтінде ауылдастарының жанайқайын жеткізген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Өтепберген Оразғалиев, ауыл тұрғындары Нұрберді Құлетов, Тұрсын Көпекова, т.б. осыларды жайып салды.  Мұндағы жиынға аудан әкімі Серік Арыстан қатысты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Рахым Қойлыбаев.

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button