Атырауда мобильді топ қоғамдық қабылдау өткізді

Жем орлы а арсы жоба Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтарды жедел қабылдауды жүргізетін мобильдік топ бар.

Жем__орлы____а __арсы жоба

Қалалық әкімдік пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық филиалының бастамасымен «Парасыз болашаққа. Бірге!» акциясы аясында мобильді топ  арнайы автобуспен қала көшелерімен жүріп өтіп, халық көп шоғырланатын орындарда тұрғындармен кездесті. Үгіт-насихат жұмыстары Жұмыскер ауылдық округінен басталып, кейін Балықшы ауылдық округінде, «Мастер дом» дүкенінде жалғасты.

Бұл іс-шараның мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамын орындау. Яғни, халық арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды түсіндіру, соның ішінде, қызмет көрсету барысында туындайтын әкімшілік барьерлерді барынша азайту, азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыру. Мобильдік топ бұл жұмысты ай сайын жүргізетін болады.

Жұмыскер ауылдық округінде өткен қоғамдық қабылдауға келген ауыл тұрғындары жемқорлық фактісімен кездеспегенін айтады. Бірақ, өздерін  толғандырған мәселелерін ортаға салды. Мәселен, Есжан Ақсейітов 40 жылдай ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Алайда, зейнетақының аздығын жеткізді.

– Ауылдық жерлерде еңбек етіп жатқан жас мамандардың кәсіби деңгейде көтерілуі қалай жүзеге асады? Ауылдық округ әкімдігінде де қабілетті жастар еңбек етеді. Енді олардың жолын қалай аша аламыз? – деп сауалын тастады сала ардагері Аманқұл Тілеуғалиұлы.

Сондай-ақ, жол мәселесі, көше жарықтары, жаяу жүргіншілер жолын, емхана салу жөніндегі мәселелер көтерілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Кенжәлиев биыл облыс орталығында 311 көшеге тас жол төселгелі жатқанын хабарлады. Соның ішінде, Жұмыскер ауылдық округінің 32 көшесі бар. Алдағы уақытта қосымша жиырма көшені асфальттау үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ал, көшені жарықтандыру мәселесі бақылауда тұр.

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе – аталған ауылдық округтің таратылатыны.

– Егер бұл ақпарат рас болса, біздің тілегімізді, мұң-мұқтажымызды енді кім тыңдайды? – деді тұрғын Ығалы Мамыртаева.

Бұл сұраққа қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Серік Нысанбаев жауап берді.

– Заң талабы бойынша екі ұғым бар – қалалық және ауылдық аумақтар. Олардың өздеріне тән арнайы критерийлары бар. Қазіргі таңда Жұмыскер ауылдық округінің статистикалық мәліметтері толық қарастырылуда. Бұл жердегі басты мәселе – бұл округті ауылдық деңгейге жатқызатын бірде-бір сипат жоқ. Аумақты ауылдық мәртебеге жатқызу үшін халықтың кемінде елу пайызы ауыл, орман, егін шаруашылықтарымен айналысуы керек, – деп түсіндірді бөлім басшысы.

Балықшы кентінде өткен қоғамдық қабылдауға жазылған Роза Шипенова ұзақ жылғы кезектен кейін алған жерін отбасы жағдайына байланысты сатуға мәжбүр болған. Жерді уақытша мемлекеттік акт бойынша сатып алған азамат бұл аумаққа үй тұрғызған. Алайда, жерге әлі иелік ететін Роза Шипенова тұрғын үй кезегінен де шығып қалып отыр. Бұл жағдайға байланысты жауапты мамандар кеңестерін берді.

Ал, баласын балабақшаға орналастыруға көмек сұраған Нұргүл Беделбекова 2015 жылы кезекке тіркелгенін айтты.

– Қазіргі таңда қала бойынша 2013-2014 жылдары тіркелген балаларды балабақшаға орналастырып жатыр. Содан кейін 2015 жылдың бірінші тоқсанын қамтымақпыз. Ал, сіз тамыз айында тіркелгендіктен, кезегіңіз келесі жылы келеді, – деді осыған орай қалалық білім бөлімінің басшысы Света Аманшиева.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз