Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Жайық сағасының түбін тереңдетуге қанша қаржы қажет?

Жайық, Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету жұмыстарына қанша қаржы қажет? 

Бұл сомаға жүргізілетін жұмыстар ауқымы қандай? Облыс көлеміндегі неше білім беру нысандары күрделі жөндеуден өтті? Қайсысы уақытында тапсырылды? Мойнына алған жұмыстарын уақытылы аяқтамаған мердігерлер бар ма? Осы секілді маңызды мәселелер Amanat партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау комиссия отырысында кеңінен талданды.

Комиссия мүшелері әр мәселе бойынша жауапты мамандарды, оған қоса аталған жұмыстарды жүргізетін мердігер мекеме өкілдерін де тыңдады.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисеннің сөзіне сүйенсек, Жайық өзеніне қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан. Жалпы ұзындығы 12 шақырымды құрайтын тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет аумақтың кейбір жеріндегі тайыздық 30 см. Қазылатын арнаның ені 40 метр, тереңдігі 3 метрді құрамақ. Қажетті қаражат көлемі – 16 млрд. теңге шамасында. Ал, Қиғаш өзенінде тереңдетілуі қажет екі канал бар. Әрқайсысы 5 шақырым болатын каналды қазуға қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасақталғанымен, мемлекеттік сараптама қорытындысы әлі шықпаған.

Қазіргі уақытта бұл бағытта жүргізіліп жатқан өзге жұмыстарды таныстырған салалық басқарма басшысының орынбасары Жайық өзеніндегі 52 шақырымды құрайтын жоспарлы жұмыстардың басым бөлігі қазылса, Қиғашқа қатысты үш кезеңнен тұратын іс-шаралар қарастырылғанын жеткізді. Айта кетейік, түп тереңдету жұмыстары тамыз-желтоқсан айларының аралығында жүргізіледі.    

Жиын қатысушылары қомақты қаражатты бөлуге қатысты негіздемелердің нақты болуы, ақшаның мақсатты жұмсалуы, жұмыс сапасы секілді мәселелермен қоса, осы жұмыстарды жыл сайын тұрақты түрде жүргізіп отыратын мемлекеттік мекеме құру және осы каналдарды пайдаланатын табиғат қорын пайдаланушы компаниялардың да үлес қосуы қажеттігі туралы ұсыныс айтты.

Облыс көлемінде былтыр (2022 жылы аяқталмай қалған жұмыстарды қоса алғанда) 13 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы толық түсіндіріп өткен облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков келісілген мерзім ішінде олардың 5-і толық аяқталса, қалған 8-іне қатысты мердігерлер ісі заң талаптарына сай, сотқа жолданғанын жеткізді. Депутаттар бұл жұмыстар барысында тиісті тараптардың бақылауы, қатаң назарда ұстауы маңызды екенін атап өтті. «Өйткені, құжатта 1 нысан деп тұрғанымен, оның артында балалар тұр. Үш ауысыммен оқу немесе өзге де көптеген қолайсыздықтар туындайды. Сондықтан, істі сотқа жеткізбей, уақытылы, сапалы жүргізілуіне мүдделі болған жөн» деді депутаттар.  

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button