Жайық қауіпті деңгейден асты
БҚО-ның Тайпақ ауылы тұсында Жайық өзенінің деңгейі 42 сантиметрге өсіп, жалпы деңгейі 899 сантиметрді құрады. Қауіпті деңгейден 29 сантиметрге асты. Бұл туралы Қазгидромет РМК облыстық филиалының мамандары мәлімдеді. Олардың мәліметінше, Индербор кентінде де өзен суы қауіпті деңгейден 7 сантиметрге асты. Нақтырақ айтсақ, бір тәулікте 32 сантиметрге көтеріліп, 852 сантиметрге жетті. Ал Махамбет кентіндегі гидропостта 18 сантиметрге артып, 846 см болды. Қауіпті деңгейге 4 см қалды. Сондай-ақ Атырау қаласының гидропостында су деңгейі 10 сантиметрге өсіп, 489 сантиметрді көрсетті. Мұндағы қауіпті деңгей -:5,5 метр. Айтпақшы, Иректі су қоймасынан секундына 141 текше метр су жіберілуде.
Қиғаш өзені Шортанбай ауылы тұсында 3 см, Котяевка мен Ганюшкино ауылдары маңында 2 сантиметрге көтерілген. Волгоград гидроэлектр бекетінен секундына 15 880 текше метр су төгілуде.
Ал Жем өзенінің деңгейі 2 сантиметрге төмендегені тіркелді.
Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ