Жайық АПАТ алдында: салдары қандай болмақ? (жалғасы)
Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл. ATPress.kz сайты редакциясының түсіру тобы «Ақ Жайықты аялайық!» экологиялық экспедициясы аясында Орал қаласында болды.
ТЕҢІЗ ТОБЫҒЫНАН КЕЛСЕ…
Атырау облысының Индер кентінде және Батыс-Қазақстан облысының Чапаев селосында болған түсіру тобы Жайықтың мүлдем тайыздап, апат алдында екеніне куә болды. Орал қаласында көргеніміз де осындай жағдай – тайыздаған өзен, бұрынғы айдынның орнында шошайған аралдар. Мұндай жағдай Жайықтың тармағы – Оралдың тұсынан қосылатын Шаған өзеніне де тән. Жеңіс паркі маңында бірнеше жас жігіттің Шағанды кешіп өткенін көрдік. Облыс орталығынан 15 шақырымда өзендегі үш арал болашақта қосылып, Жайықты мүлдем бөгеп тастауы мүмкін.
СПОРТШЫЛАР ҚАРА УЫЛДЫРЫҚ ЖЕЙТІН…
Оралда Индердің тұрғыны, дзюдодан жоғары ұлттық санаттағы төреші Асқар Бакеновті кездестірдік. 80-ші жылдардың басында аудандық БЖСМ-нің жас жаттықтырушысы Асқар Бакенов Индер ауданындағы «Динамо» базасында республиканың дзюдо бойынша құрама командасы үшін оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға мұрындық болды. Таза ауада қара уылдырық жеп жаттыққан жас спортшылар кейін бүкілодақтық жарыстарда тәп-тәуір жетістіктерге жеткен.
– XIX ғасырда балық уылдырық шашар кезде адамдарды тіпті жағалауға жақындатпайтын болған. Бұл – табиғатты аялаудың көрінісі,-дейді А.Бакенов.
Оның пікірінше, проблема мемлекетаралық деңгейде шешілмесе, Жайық географиялық картадан мүлдем жоғалады. Оның салдары қандай болмақ? Өзен бойында биологиялық және экологиялық жүйе өзгереді. Халық және ауыл шаруашылығы нысандары сусыз қалады. Нәтижесінде, жүздеген мың адам экологиялық апат аймағынан жаппай босады.
«КӨП НӘРСЕ КӨРШІЛЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ»
Отыз жылға жуық өзеннің экологиялық мәселелерімен айналысып келе жатқан оралдық журналист Александр Суетиннің айтуынша, бұл мәселені шешуде көп нәрсе Ресей Федерациясына байланысты болып отыр. Оның пікірінше, Жайықтың жоғары ағысында және ірі тармағы Сакмара өзенінде су қоймаларының болуы – ең басты проблема. Су қоймаларынан су жіберу жүйесі де белгісіз. Онда кесте бар ма, әлде кездейсоқ жасала ма? Александр Суетиннің айтуынша, соңғы жүз жылда су тасуы кезіндегі ең төмен деңгей 1967 жылы тіркелген екен. Ал, биыл одан да төмен болыпты.
«АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН ЕШКІМ ДЕ БІЛМЕЙДІ»
Жайықтың апатты жағдайының себептері туралы сауалды «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялықтуристік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Тарасенкоға қойған едік. Ол көп жыл бойы Жайықтың экологиялық проблемаларымен айналысып келеді. Әсіресе, Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүргенде де осы мәселені белсенді көтерді.
– Өзеннің ахуалын ешкім нақты сипаттап бере алмайды. Себебі, мұнда бірнеше өңір орналасқан. Ресейде – Башқұртстан, Челябинск, Орынбор облыстары. Ал, Қазақстанда, біз – Атырау және Батыс-Қазақстан облыстары жалпы көріністі көре алмай отырмыз,-дейді Е.Тарасенко.
Жайық көктемгі тасқын судан, еріген қардан, таудағы мұздықтардан және жерасты су көздерінен қоректенеді. Өзенде үш су қоймасы бар. Ең ірісі – Ирикли қоймасы. Бұл су режимі құбылмалы Жайықтың ағысын реттеу үшін салынған еді. Кеңестік кезеңде Жайық бойындағы өңірлердің әрекеті реттеліп отырды.
Е.Тарасенконың айтуынша, сол кезде Жайық өзені мәселесімен арнайы айналысатын комитет құрылып, оның құрамына министрліктердің, облыстардың, басқармалардың бірінші басшылары кірген. Өзекті мәселелер сол комитетте талқыланып, шешіліп отырды. Бірақ, одақ ыдырағасын комитет те жойылып, Қазақстан да, Ресей де бұл мәселені назардан тыс қалдырды.
ОН БІР ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ –
– Қазір қалыптасқан жағдай туралы пікірлер көп айтылады. Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, мәселені шешудің бірден-бір жолы – барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру. Соза берсек, проблема асқынып, күрделене түседі, — дейді Е.Тарасенко.
Оның айтуынша, тараптардың басын қосып, бірлесе қимылдауға кедергі жасайтын факторлар бар. Олар – бюрократиялық кедергілер, келісім рәсімдерінің ұзаққа созылуы секілді мәселелер. Басқа да су көздері сияқты Жайықты қадағалайтын ведомстволар талай рет ауысты.
Бұл мәселе 2006 жылы Орал қаласында өткен ҚР мен РФ Президенттері – Н.Назарбаев пен В.Путиннің кездесуінде де талқыланған болатын. Бірақ, тек 2017 жылы ғана (11 жылдан кейін!) Жайық экожүйе ретінде танылып, «Жайық өзенінің трансшекаралық бассейнінің экожүйесін сақтау туралы келісім» атты құжатқа қол қойылды.
Аталмыш келісімге дейін Жайықты сақтап қалу жөніндегі түрлі отандық және халықаралық комиссиялардың ондаған отырысы өтті. Солардың бірінде, яғни, 2012 жылы Орынбор облысының вице-губернаторы Валерий Рогожкин «Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісімдерге қарамастан шын мәнінде ешкім Жайықты құтқарумен айналыспайды» деп мәлімдеген болатын.
ШЕНЕУНІКТЕР СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕ МЕ?
– Келіссөздер ұзаққа созылады. Жауапты тұлғалар мен құрылымдардың жиі ауысуы да кері әсер етеді. Қазір кедергі болатындай ештеңе қалмаған сияқты. Енді өзенді құтқару жолдарын іздестіруіміз керек. Алайда, шешім қабылдауға қабілетті және жасақталған ұсынымдардың орындалмауына жауапты болатын тұлғалар нақты араласпай, нәтиже шықпайды.
Жайықтың тармақтарында, мәселен, Сакмарада рұқсатсыз су қоймалары салынып жатқаны туралы мәселені талай көтергенбіз. Сондай-ақ, жасанды бөгеттер бар. Қараусыз қалған су бетіндегі, су астындағы тат басқан құбырлардың айналасы шөгіндіге толы. Соңғы жылдары арнаны жоспарлы тазалау да тоқтап қалды. Жайылмалық тоғайлардағы бұлақтар жайына қалды. Өзен тармақтары тазаланбайды. Өзеннің төменгі ағысында суды рұқсатсыз немесе ретсіз алу жиі кездеседі, — деп тізбелеп өтті Елена Тарасенко.
– Жалпы, Жайық – жай өзен емес. Бұл – аса күрделі экологиялық трансшекаралық жүйе. Осы проблеманы шешуде үйлестірілген іс-әрекеттер қабылдануын талап етеміз. Бірлескен институционалдық тетіктерді қалыптастыруда осы жылдың өзінде-ақ алғашқы қадам жасалады деген үміт бар. Оралда өтетін ауқымды семинар – кеңеске Жайық өзені ағып өтетін барлық өңірлердің басшылары қатысты.
– Бұрын құқықтық негіз жоқ деп сылтау айтылатын еді. Енді сондай негіз пайда болды. Сондай-ақ, Хельсинки конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелеріміз де бар. Соған сәйкес, барлық жоғары орналасқан су пайдаланушылар өздерінің қимылдарын төмендегі су пайдаланушыларымен келістіруі тиіс. Сондықтан, шұғыл түрде өзара ісқимыл тетігін жасақтау қажет, — деді Елена Тарасенко.
Ал, біздің сапарымыз жалғасады. Келесі бас тірер жеріміз – Орынбор.
Қаршыға КӨШЕКОВ
Суреттерді түсірген:
Арсен БОРАНОВ
Атырау — Индер — Чапаев — Орал
(Жалғасы бар)