Жайық апат алдында: ресейліктердің пікірі және мүдделі сенатор
Atr.kz/25 тамыз, 2019 жыл. ATPress. kz сайты редакциясының түсіру тобы «Ақ Жайықты аялайық!» экологиялық экспедициясын жалғастырып, Ресей Федерациясының Орынбор қаласында болды.
XVIII ғасырда іргесі қаланған Орынбор қамалы ұзақ уақыт Ресейдің оңтүстік- шығыс шекарасын қорғап, сонымен қатар, Орта Азиямен сауда-саттық байланысын қамтамасыз еткен. Кейін қалаға айналған қамалдың негізі үш рет қаланып, Сакмара өзенінің Жайыққа құяр тұсында орын тепті. Қазір бұл – Орынбордың тарихи орталығы. Бұл қала 1920 -1925 жылдарда РСФСР-дің құрамындағы Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің астанасы болған.
Орынбор деген атау Ор өзеніне қатысты қойылған секілді. Себебі, алғашқыда қала осы өзеннің бойында орналасқан екен (Оренбург – орысша-немісше «Орь бойындағы қала» деген мағына береді). Бұл жөнінде орыстың географ-ғалымы Петр Рычков өзінің «Топография Оренбургская» кітабында егжей-тегжейлі мағлұмат берген. «Орь» («Ор») гидронимі қ а з ақ жән е б ашқұ р т тілдерінде «сай», «жыра» деген ұғымдармен мазмұндас. Бірақ, бұл қазақтың «Өр – биік жер» деген сөзімен де байланысты болуы мүмкін.
Алайда, бізді қызықтырғаны – жергілікті топонимика емес, Қазақстан-Ресей шекарасындағы осы ірі қаланың тұсындағы Жайықтың жағдайы. Бұған дейін Индерде, Чапаевта, Оралда көргенімізді «шүкір» деуге болады екен. Орынборда Жайық тартылып қалған деп айтуға болады. Мәселен, қаланың ортасындағы жаяу жүргінші көпірі тұсында өзен жіңішкеріп қана қоймай, оны балдыр басып кеткен. Жайықтың ірі тармағы –Сакмара өзені де құрып барады.
Сол жерде орынборлық- тардың арасында жедел сауалнама жүргізгенімізде, бәрі де Жайықтың апатты жағдайда екенін білетін болып шықты. Қыста Атырауда балықтың жаппай қырылғанын да естіген. Респонденттердің барлығы «өзенді екі мемлекет бірлесіп құтқаруы тиіс» деген пікірді ұстанады. Алайда, сауалнамаға қатысқандар «бұл бағытта әлі күнге дейін жасалған нақты істер жоқ» деп есептейді. Ал, кейбірінің ойынша, Жайықты экологиялық сауықтыруға бөлінген қаражат жемқор шенеуніктердің қалтасын қалыңдатуда.
Орынбордың тұрғындары қатты алаңдаулы екенін көрдік. Ал, шенеуніктері не ойлайды? Өкінішке орай, мұны біле алмадық. Орынбор бойынша су ресурстары бөлімінің басшысы Сергей Ридель өзінен жоғары басшыға – «Нижне-Волжское бассейновое водное управление» деген мекеменің бастығы Фархад Миробидовпен байланысуды ұсынды. Ол су ресурстарының федералдық агенттігімен келісіп алуға кеңес берді. Айтқан уәжі – достас елдер болғанымен, шет елдік журналистермен қарым-қатынас халықаралық байланыстар санатына жатады.
Кейін Ресей Федерациясы ресми билігінің бір өкілімен тілдесе алдық. Ирикли су қоймасында, Магнитогорскіде және Жайық бастау алатын Башқұртстанның Учали ауданында болдық.
Содан Қазақстанға оралып, Жайықтың бойымен жүретін XXIII қазақстандық- ресейлік тарихи-мәдени, экологиялық және спорттық- туристік экспедициясына қосылдық. Бұл экспедиция Орынбор облысының Илецкий ауданында басталып, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына дейін байдаркамен жүзіп барды. «Біздің Жайық» ҚБ-нің басшысы Елена Тарасенко ұйымдастырған экспедиция 1997 жылдан бері Жайықтың мәселесі толғандыратын қ а з а қ с т а н дық т а р мен ресейліктердің басын қосып келеді. Олардың арасында шенеуніктер де бар.
М ә с е л е н , О р ы н б о р қаласы басшысының орынбасары Дмитрий Кулаков Жайықтағы ахуал күрделі екенін біледі. Үкіметаралық келісімге 2017 жылы қол қойылғанын еске салды. Ал, 25-26 шілдеде Орал қаласында өткен семинар- кеңес аясында ғалымдар мен экологтар өзенді құтқару жөнінде ұсынымдарын берді. Бұл ұсынымдар кейін үкіметаралық деңгейде шешім қабылдауға негіз болмақ.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов трансшекаралық Жайық өзенін құтқару мәселесін ресми деңгейде көтермек.
Қаршыға КӨШЕКОВ,
Атырау – Орал – Орынбор
(Жалғасы бар)