Жарнама
Жаңалықтар

ЖАЙСАҢ ЖІГІТ

Ал, осы сырбаз қылық, жайсаң мінез оның бойына қайдан сіңді екен? Қалай дарыған? Әрине, алдымен ата-ана тәрбиесі ғой.  Әйтсе де, мүмкін кіндік қаны тамған, қаланың шуынан тым қашықта, қазақылық қаймағы шайқалмаған шағын ғана Қоныстану селосының қасиетті топырағынан ба? Төрт түлікті түгел өргізіп, халқымыздың салт-дәстүрін кір шалдырмай таза сақтаған Қызылқоға өңірі өрендерін осылай тәрбиелей ме? Қайткенде де, Орынтай өзгелерден осы қасиетімен ерекшеленеді.

Ауылда кішкене кезінен қозы-лақпен араласып өскендігі ме екен, орта мектепті бітірген соң көп ойланбастан Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға аттанды. Жалпы, бүгінде Атырауда ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген алпысты алқымдаған азаматтардың дені-осы оқу орнын тәмамдағандар. Орынтай да оны ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы экономист мамандығы бойынша бітіріп шықты. Содан соң туған жеріне келіп, «Қызыл ту» кеңшарында қызметін бастады.

Жалпы аудан басшылары оның жастармен тез тіл табысып, оларды бастай білетін қабілетіне назар аударса керек. Сөйтіп, көп ұзамай жас маманды аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырады. Сол шақта жастарды талай жарқын іске жұмылдырған комсомолда шыңдалғандар әлі де саптан шыққан жоқ. Олардың бойындағы жалын да өшпеген. Орынтай кейін облыстық партия комитетінде түрлі жауапты қызметтерді атқарғанда да жастық күш-қайратын танытты.

Осы шыңдалғандық оны облыстық атқару комитетіне алып келді. Ол кезде еркін экономикалық аймақ аталатын құрылымның қолға алынып жатқан шағы. Тың нәрсеге тосырқай қарағандар да табылды. Бұл өзі нендей нәрсе? Оны қалай құру қажет? Неден бастау керек? Мұны Орынтай тәрізді шынайы мамандар ғана іске асыратын еді. Олар осы міндет үдесінен шыға да білді. Бүгінде осындай еркін экономикалық аймақтар республиканың барлық өңірінде жұмыс жасайды. Бізде де бар. Ал, оның бастапқы іргетасын қалағандар қатарында Орынтай Кенжетаевтың да есімі аталады.

Ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдарындағы қиындықтар баршаның әлі жадында шығар. Бұрынғы экономикалық байланыстар бұзылды. Зейнеткерлер мен әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын жандар тиісті төлемдерін, жұмысшылар жалақыларын ала алмады. Турасын айтқанда, елде ақша жетіспеді, әр теңгені үнемдеу қажеттігі туындады. Міне, сол шақта Орынтай Мемлекеттік қаржылық-бақылау комитетінің облыстық басқармасына келді. Ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің бас бақылаушы-тексерушісі ретінде уақытпен санаспай еңбек етті. Адалдығымен де, турашылдығымен де танылды. Содан болса керек, араға біраз уақыт салып, яғни 2001 жылы осы басқармаға басшы болып тағайындалды. Мұнда да мемлекеттің әр теңгесінің мақсатты жұмсалуына күш салды.

Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында жүргізілген жекешелендіру науқаны үлкен жауапкершілігі бар жұмыс еді. Осы шақта Атырау аймақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының бірінші орынбасары ретінде Орынтай Кенжетайұлына көп тер төгуге тура келді. Алдымен өздерінің мамандарын үйретті, тың бастаманы ұғындырды. Әйтпесе, олар өзгелерге қалай түсіндіре алады? Бұл науқан да сәтті өтті. Бүгінде жекеменшік ұғымы ешкімге де таңсық емес.

Орынтай Кенжетайұлының ұйымдастырушылық қабілеті Индер ауданына әкім болып тағайындалғанда кеңінен танылды. Бұған дейін Балықшы аудандық әкімшілігінде аппарат жетекшісі, әкімнің орынбасары ретінде жинақтаған біраз тәжірибесі де бар-ды. Сонысы да кәдеге асты.

Жалпы, Индер ауданы – ежелден орталықтың жәрдеміне сүйенген, дотацияда отырған өңір. Қойнауында Менделеев кестесіндегі ен байлықтың бәрі болғанымен, бүгінде толық игерілмей жатыр. Инвесторлар да мұнда келуге асығар емес. Ендеше, өңірді өз өрендерінің өркендеткені жөн емес пе? Орынтай Кенжетайұлы осылай ойлады.

Сөйтіп, осында туып-өскен, кейін түрлі іс тұтқасын ұстаған әр жердегі индерліктерді ауылға жинады. Бұл 2001 жылдың орта шені еді. Елдегі экономикалық ахуал әлі сауығып кете қоймаған. Жаңа әкім жерлестерін халықтың тіршілігін түзеп, тұрмысын жеңілдетуге үлес қосуға шақырды. Бірлесіп іс тындыруға жұмылдырды. Кімнің қаншалықты мүмкіндігі бар? Кім нендей жәрдем жасай алады? Әр салада жүрген индерлік басшылар да әкімнің жұртшылыққа жанашырлық танытып отырғанын жақсы түсінді. Ортақ бәтуа жасалып, көмектесуге уәде байласты.

Қазыналы өңірдің тұрғындары Орынтай Кенжетайұлының қысқа мерзімде осындай істеген істерін, тындырған шаруаларын әлі айтып жүреді. Содан бері де талай әкім ауысты ғой, біраз жақсы ұлдың есімін жадыларынан шығармаған.

Бүгінде Орынтай Кенжетайұлы-Қазақстан Республикасы Халық банкі Атырау филиалы директорының орынбасары. Оған да, міне, тура он екі жыл толғалы тұр. Ал, бұл қызметке тағайындалу да оңай емес. Конкурс сонау Астанада өтеді. Таныс-тамырлыққа жол берілмейді. Орынтай Кенжетайұлы төрт үміткердің арасынан жеңіп шықты.  Мамандығы экономист, тумысынан қаржыгер жігіт банк саласының қыр-сырын жетік меңгерген. Осы уақытта қаншама жасты тәрбиеледі. Олардың бәрі де бүгінде бір-бір тетікті ұстап отыр. Ұстаздарына шынайы разы. Он шақты жыл Атырау аграрлы-техникалық колледжінде алдымен оқытушы, кейін бөлім меңгерушісі қызметінде болған оның жастарға бағыт-бағдар сілтеуде тәжірибесі де мол.

Орынтай жары Рая Декееваны да орнымен тапқан. Облыстық ауруханада дәрігер болып істейтін келіншегі екеуі отбасында бір қыз бен қос ұл тәрбиеледі. Ақмарал тұрмыста, кішкентайлары бар. Үлкен ұл Арман шет елде білім алып, жақында шаңыраққа келін түсірді. Кенжесі Думан – студент.

…Міне, қиырдағы малды өңірдің шалғайдағы шағын ғана Қоныстану ауылында туып, облысқа танымал тұлға атанған Орынтай Кенжетайұлы туралы қысқаша қайырып айтар мөлтек сыр осындай.

Тек Қызылқоға және Индер аудандары әкімдеріне айтар базына бар. Жұрт арасында жайсаң жігіт атанған жан бірінде дүниеге келсе, екіншісінде басшылық қызмет атқарды. Ендеше, сол өңірлердің «Құрметті азаматы» атағына лайық емес пе? Алпыстың асқарына шыққанда осындай сый жасаса, артық па еді? Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне-10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-20 жыл» медальдарымен, ҚР Ұлттық банкінің, өзге де мемлекеттік мекемелердің марапаттарына ие болған жанға енді туған жерінің ілтипаты жетпей тұрған тәрізді.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button