Жайқалып өссін, жас өскін!

snimok 1 Жаңалықтар

Атыраулық жас волонтерлер Геолог елді мекенінде Жайық жағалауын саябаққа айналдыруды қолға алды. Олар аумағы 5 гектарды құрайтын жер теліміне былтыр 4075 көшет отырғызып, күтімін де өздерінің мойнына алды. Бүгінде ағаштар бүр жарып, біраз бой түзеп қалған. Жас табиғат жанашырлары осыншама игі істі қалай атқарып жатыр?

Бұл жұмысқа облыстық жекпе-жек ұлттық федерациясының басшысы, «Азаматтық кеңестің» мүшесі Руслан Күмісқалиев ұйытқы болған. Оның айтуынша, былтыр Атырау қаласының əкімі Қайрат Оразбаев Геолог тұрғындарын қолдап, Жайық жағалауынан саябақ жасау үшін 5 гектар жер телімін бөліпті. Сонымен қатар шаһар басшысы жерді тазалау жұмыстарына қажетті техникамен көмектескен. Электр тогын да жүргізіп, аумақты суаруға арналған сорғы орнатылады. Жергілікті əкімдік жеткізіп берген 4075 көшеттің басым бөлігі Атырау жеріне еш кедергісіз өсе беретін канадалық үйеңкі екен. – Осыншама ағаш көшетін саябаққа егуді мақсат еттік. Көгалдандыру істеріне тұрғындарды тарту үшін Whatsapp əлеуметтік желісінде Геолог тұрғындарына арналған чат аштым. Мұнда мəселенің мəн-жайы айтыла бастағаны сол еді, жас волонтерлер табыла кетті. Атырау аграрлық-техникалық колледжінің І курс студенті Əлижан Асылбаев, Абай атындағы №15 орта мектептің Х сынып оқушысы Тұрарбек Сағат, Қ.Сəтпаев атындағы орта мектептің Х сынып оқушысы Жүсіп Дайыновтар осы іске белсене атсалысуға ниет білдірді. Былтыр наурыздан бастап көшеттерді отырғыза бастаған олар күтімін де өз мойындарына алды. Жаз бойы суарып, арамшөбін тазартып отырды. Нəтижесінде биыл көшеттердің барлығы бүршік жарып, айналаға ерекше сəн беруде, – деді Р.Күмісқалиев. Биыл волонтерлер 1580 талға арналған орынды қазып дайындады. Оған Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің І курс студенті Жақсылық Ғалымжанов пен Х.До смұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІ курс студенті Алмас Рашит белсене қатысты. Елді мекенді көгалдандыруға балалардың əрқайсысының қосқан үлесі зор. Олардың осындай игі іске жұмылғанына ата-анасы да қолдау білдіріп отыр. Бір таңғаларлығы, балалар отырғызған ағаштар ешқандай мінсіз жайқалып өсуде. Жасалған істі Ретропарктың басшысы, білікті агроном Татьяна Лигай, басқа да білікті мамандар оң бағалап отыр. Қазір бұрынғы əдіспен жүріп келе жатқан суару жұмыстарын енді тамшылатып суару əдісіне көшіру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Көгалдандыру жұмыстарына айрықша ден қойған волонтерлер мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Олар Геологтағы бүгінге дейін мүлдем қараусыз қалған ескі саябақтың орнын қалыпқа келтіруді де қолға алыпты. Аталған саябақ Руслан Күмісқалиевке 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Ол қазір жас волонтерлермен бірге жер телімін тазартып, айналасына қоршау жұмыстарын жүргізуде. Содан кейін бұл жерде де ағаш отырғызу жұмыстары жалғасады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз