Жарнама
Жаңалықтар

«ЖАЙДАРМАН»: ӘЗІЛ МІНДІ ТҮЗЕЙДІ

— «Жайдарман» ойынында айтылған әзілдердің бәрі де орынды. Жалпы, шындық тікелей сол күйінде айтылса, қабылдануы қиын. Сондықтан, өмірдің қиындығын, кемшіліктерді жеңіл әзілмен жеткізіп жүрген «жайдарманшы» жастарға облыс әкімі атынан, Атырау жұрты  атынан ризашылық білдіремін. Бейбіт елде өмір сүріп жатқан әрбіреуіміз қабілет-қарымымызға қарай еңбек етуге талаптанғанымыз дұрыс. Себебі, жастар өздері қалаған бағытта белігілі бір кәсіп ашып жатса қолынан қақпаймыз, керісінше, қолдаймыз. Сол сияқты, жастар ойларын сахна төрінде әдемі етіп айтса неге қолдамасқа?! — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Маусымның ең маңызды ойынын «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен жүргізді. Әзіл додасында биылғы маусым ашылғалы бері үздік өнерлерімен көзге түскен ылғи мықтылар бақ сынады. Атап айтқанда, Маңғыстау облысының «Боранқұл», Батыс Қазақстан облысының «ҚазИИТУ», Қызылорда облысының «Қармақшы», «Аралас», Ақтөбе облысының «Фемида», жергілікті командалардан Қызылқоға ауданының «Сағыз», Құрманғазы ауданының «Құрманғазы жастары», Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының «Өнерпаз» және «Амиго», «Гранд» аталған командалары қатысты.

Соңғы уақытта «Жайдарман» жастарының әзіл әлемі өз қатарластарымен бірге үлкендердің де қызығушылығын тудырып келеді. Қоғамдағы осал тұстарымызды да, қалт еткен қуанышты да, бір сөзбен айтқанда, айналада болып жатқан оқиғаларды әзілге сыйдырып, астарлы ой айтуға талаптанған қадамдары сәтсіз емес. Оған дәлел, көңілді тапқырлар клубы арқылы өнерімен танылған кейбір жастардың есімін бүкіл ел таниды. Командалардың қатарынан мұнайлы астана атынан республикалық «Жайдарман» ойындарында өнер көрсетіп жүрген қызылқоғалық «Сағыз» командасын атауға болады. Олар көпшілікті ауылға арнаған әзілдерімен баурап келеді. Кубок үшін таласқа түскен өнерлі жастар арасында да «Сағыз» құрамасы өнерімен ерекшеленді. Олардың ауыл жастарының жұмыссыздығын, пәтер жалдап қалада жүрген күйін, жөнделмеген жолдың жырын айтуы – көңілдегі ойды дөп басқандай. Әдемі ойын өрнегін көрсете білген «Сағыз» командасы қазылар алқасының шешімімен Әкім кубогына ие болды. Сондай-ақ, 200 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал, Батыс Қазақстан облысының «ҚазИИТУ» командасының ойыншысы Қабдол Тілеков «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы бойынша филиалының директоры, ақын Қойшығұл Жылқышиев: «Көңілді тапқырлар ойынын бүгінгі қалыптасқан жеңіл-желпі әзіл деп емес, ежелден келе жатқан қазақтың төл өнері деп қабылдаған дұрыс. Себебі, ойды, кейбір даулы мәселені астарлы әзілмен жеткізу бұрыннан бар. Жастардың қазіргі беталысы жақсы. Талапты жастардың бәріне сәттілік тілеймін», — деп оң бағасын берді. Ал, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи: «Бүгінгі таңда «Жайдарман» – ойын емес, жастардың қозғалысы. Қазірдің өзінде Атырауда «Жайдарманның» айналасында үш мыңнан астам жас жүр. Оларды ешкім жетелеп алып келмеді, талантты жастар өнер ортасын өздері іздеп келуде. Өнерлі жастардың әркез болашағы жарқын болатынына сенемін», — деді. 

Жалпы, барлық командалардың ойыншылары да өткір әзілдерімен көрінді, қоғамның өзекті мәселелерін ашық әрі тапқыр жеткізуге тырысқандай. Ең бастысы, «Жайдарман» командаларына әнді де айтатын, биді де билейтін, көркемсөзді де келістіріп жатқа оқитын жастар топтасқанын көрдік.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button