Жарнама
Жаңалықтар

Жағадағы бөгет кімге бөгет болды?

Бүгін әлеуметтік желіде Атырау қаласында Жайық жағасының облыстық әкімдік ғимараты жағындағы аумақтан бөгеттерді алып тастап жатқандығы туралы бейнежазба тарады. Мұның анық-қанығын білмеген жұртшылық «осымен ертегі аяқталды» деген дақпырт әңгіме айта бастады. Ал, шын мәнінде мамандар осы аумақта «ән салатын» субұрқақтың орналасқанын, соның электр желілерін тасқын суынан қорғау үшін банкерлердің есігін бекітіп жатқанын айтты. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін топырақ толтырылған қапшықтар қайта қойылатын болады.

«Арнаулы автобаза» директоры Алмас Ізтілеуовтың айтуынша, бастапқыда бөгет тұрғызған кезде «ән салатын» субұрқақтың трансформаторлары ашық қалып қойған. Сондықтан, арнайы мамандар келіп, трансформаторлар орналасқан бункерлердің есіктерін құрылысқа пайдаланатын «көбікпен» бекіткен. Сол кезде топырақ толтырылған қапшықтар орнынан алынған.

Ал, Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейнежазбада Сұлтан Бейбарыс ескерткіші маңындағы пирстың алдындағы қапшықтарды орнынан алып жатқандығы көрсетілген. Жедел штаб өкілдері бұл бөгеттің жағадағы басқа да орналасқан қапшықтардың деңгейінен төмен тұрғызылғандығын анықтаған. Қазір оны түзетіп, қатарға қайта қойып жатқан көрінеді.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button