Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«ЖАБАЙЫ БАЗАРДЫ» жағалаған кімдер?

АУЫЗЕКІ ТІЛДЕ «ҚҰЛБАЗАР» АТАЛЫП КЕТКЕН БҰЛ МЕКЕНГЕ МАҢДАЙ ТІРЕП, ОЛ ЖЕРДЕГІ ЖҰМЫСШЫЛАРМЕН ТІЛДЕСІП КӨРДІК. ҚҰЛАҚҚА ТҮРПІДЕЙ ТИЕТІН БҰЛ ТІРКЕСКЕ ОЛАРДЫҢ ДА, ҚОҒАМНЫҢ ДА ЕТІ ҮЙРЕНІП КЕТКЕН ТӘРІЗДІ.

ІСІНІП СӨЙЛЕЙТІН «ІРІЛЕР»…

Облыс орталығындағы «Дина» базарының артқы жағынан сөмке асынып, жұмыс іздеген жандарды күнде көреміз. Тепсе темір үзетін, қазақтың «мен, мен» деген жігіттері жақындасаң қаумалап, қоршай кетеді. Бірімен бірі таласып, анталай жүгірген топтың қоятын алғашқы сауалы «жұмыс бар ма?». Таңнан қара кешке дейін тапқан нәпақасы күнкөрістеріне жете ме? «Екі қолға – бір күрек» дегенмен, ел қатарлы еңбек ете алмай, таңның атысыкүннің батысы көлікке телміргенінде тапқан табысы қаншалықты? Біреудің жалшысы болуға құмартатын олар тұрақты жұмысқа орналасуға неге ынталы емес?

Жексенбі күні сол маңдағы жалдамалы жігіттермен әңгіме құрған болатынбыз. Байқауымызша, жұмыстың қадай түрiнен де қашқақтамайды. Ақысын төлесең, жұрттың ауласындағы қарын аршып, шарбағын тазалап береді. Жүздерін жел қақтаған жұмысшылар қысы-жазы басқа да тірлікпен өз несібесін теріп жүр екен. Бұрындары бұл маңнан ер адамдарды көретінбіз, қазір әйелдер де жолға қарап телміреді. Машинасының терезесін ғана түсіріп, ісініп сөйлеген «ірілерге» еріп кетуге асық. Бұғанасы қатпаған бозбаланы да, сақалын боз шалған жігіт ағасын да, нәзік жандарды да осы жерден табасыз. Дені ауылдан келген ағайындар.

– Менің бұл арадан нәпақамды тауып, күнелтіп жүргеніме бірнеше жыл болды. Көбіне жаз айларында жұмыс қызу жүреді, табысымыз да қомақты болады, бала-шағамыздың шай-пайына жетеді. Қазіргідей қыстың суығында жұмыс табыла бермейді. Әрине, қара жұмыстың қиыны рас, дегенмен оған бойымыз үйренген. Ауыр жұмыстарға 6000-7000 теңге көлемінде ақы алсақ, шарбақтың қарын аршып, тазалап бергеніміз үшін 5000 теңге сұраймыз. Жаздыгүні арам шөптерді жұлу, жүк көтеру сынды жеңіл қызметтерімізге 3000-4000 теңге көлемінде аламыз. Бұл жерде, әсіресе, аудандардан келгендер жүреді, — дейді өзін Алмабек деп таныстырған жігіт ағасы.

Ол Құрманғазы ауданының тумасы екен. Жақында су желісін қазған еңбегіне тұрақты клиенті 45000 теңге ұстатқан көрінеді. «Питакта» мұндай мол қаражатты бір күнде табу мүмкін емес» дейді табысына риза болған ол.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Материал жазу барысында Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарымен де тілдескен болатынбыз.

– Жастардың жұмыспен қамтылуы өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжілісте сөйлеген сөзінде айтқан «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобалары – жұмыссыз жастар үшін үлкен мүмкіндік. «Жастар практикасы» алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында орта кәсіптік және жоғары оқу орындарын аяқтаған жастар үшін жұмыс берушілерден түскен сұраныстары бойынша алған мамандықтарына сәйкес ұйымдастырылады. Биыл 825 жасты жастар практикасына жіберу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа 379 046,0 мың теңге қаражат бөлінген.

Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғашқы жұмыс өтілін жинап, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Аталған жоба бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, 29 жастан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатарындағы жұмыссыз жандар үшін ұйымдастырылады. Бұл жоба бойынша кемінде 24 айға тұрақты жұмысқа орналасады, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.

Оның айтуынша, жалдамалы жігіттердің дені тұрақты жұмысқа тұруға құлықсыз. Өйткені, олар күнделікті ақшаға үйренген.

ҚАРЫЗ КҮЛІП КІРЕДІ…

«Көпшілік адамның мойнында несиесі бар. Мен де солардың қатарынанмын. Жұмыста қысқартуға ұшырағанымда несием төленбей қалған. Оған үстемеақы қосылып, әбден қиналып кеттім. Қазір банкінің «қара» тізіміндемін. Жұмыс жоқ емес, бар. Еңбекақымның тең жартысын несиеге ұстап қалады. Ол ұсталған қаражаттан несием өтеліп жатса жақсы ғой. Үстемеақы мен айыппұл ғана төленеді. Не несием өтелмейді немесе отбасыма жетпейді. Сондықтан, жұмысты тастап, осы жерді «паналауға» тура келді. Ал, мына жұмыста қыстыгүні табыс аз. Күн жылына бастағанында күніне қалтаңа 5000- 7000, кейде тіпті одан да жоғары табыс түседі. Бастысы, ешкімге тәуелді емеспіз. Алайда, кей сәттерде тұрақты жұмысқа орналасып, тиесілі жалақыңды алған да дұрыс болар деген ой келеді» деп әңгімеге араласты бетін күн қақтаған қара бала.

Бұл жерде жоқшылықтың тауқыметін тартқан жандар ғана жүрмейтін болып шықты. Әйелінің базарларда бутиктері бар ер адам да осы маңды біраздан бері айналшықтап жүр екен. Бас ауыртқаннан гөрі, қара жұмыс жасап, күнделікті табыс тапқанды қалайтындары да кездеседі.

«КЛИЕНТКЕ» ТАЛАС

Ауыр жұмыс түрлеріне жер қазу, үй көшіру, цемент тасу жатса, жеңіл түрлеріне шарбақ сыпыру, шөп жұлу, бақша суару, қар аршу секілді міндеттер кіреді. Басты талап – жұмыс соңына қарай келісілген ақыны қолдарына ұстату. Әне, жігіттер жүрісін баяулатып, тежегіш шамы жанған көлікке тұра ұмтылды. Жартылай ғана ашылған терезеге үймелеп, өзара келісіп жатыр. «Клиенттерінің» тілін тауып, тамырын басқандар ілесіп кетті. Нарық заманының басты талабы да осы. Әркім қолынан келгенше өз күнін көруде. …Есімін айтудан бас тартқан жас бала мектепті күні кеше бітірген екен. Жоғары оқу орнына құжат тапсырмапты.

«Ата-анамның мені оқытуға шамасы жетпеді. Үйде жеті баламыз. Мен үшіншісімін. Бұл жерге келуімнің себебі де осы, азын-аулақ табыс тауып, күндікшемізді айыру. Алғашында жұмыстан кейін аяқ-қолым, белім ауыратын. «Клиенттерге» таласатындары да қызық көрінетін. Қазір сол «тартыстың» бел ортасында өзіміз жүрміз. Бастапқыда күн ұзаққа тұрып, соқыр тиын да таппайтын кезім болды. Бүгінде тұрақты «клиенттерім» бар, керек кезде телефон арқылы шақырып алады» дейді ол.

КҮНЕЛТІСІН «ҚҰЛБАЗАРДАН» ІЗДЕГЕН…

Көше бойында тұрған әйел адамдарға жақындағанымыз сол еді, бәрі өре түрегеліп, қоршап алды. Сұрақтарын төпелетіп қойып жатыр. Не айтарымызды білмей аңтарылып тұрып қалғанымызда өздері бастырмалата «әктеу ме?», «тазалау?», «коттедж бе, әлде квартира ма?» деп сұрақтың астына алды. Бірі жеңімізден, енді бірі сөмкемізді тартқылап, «мені ал, мені ал» деп сүйрелей жөнелді. Екі қатарлы коттеджді жуып, тазалаудың бағасы бір адамға 10000 теңге екен, «үш адам барамыз» деп шетке қарай алып шықты пысықайлауы. Ана шеттен бір-екі жас қыз ымдайды. «Бізді ал» дегені болар.

Осылайша, жасы егде тартқан Райхан апамен 7000 теңгеге келістік, «6-7 жылдан бері осы жерде нәпақамды тауып жүрмін. Қай жұмысыңды да тиянақты орындаймын. Өзімнің бірекі адамыммен барамын. Әрқайсымызға жеті мыңнан берсеңіз болды» деп әңгімесін айтты көңілі жайланған апай.

Көлігімізге жақындай бергеніміз сол еді, көпшіліктің ортасында ымдаған жас қыз жанымызға келді.

«Біздер жаспыз, жұмысымызды таза, тез жасаймыз. Бізді неге алмадыңыз?» деп ренжіді. Олардан үш бөлмелі пәтерді әктеудің құны қанша болатынын сұрағанбыз. Досы екеуінің 35 000 теңгеге әктеп, соңынан жуып-тазалап, бір күнде бітіріп беретіндерін айтты. Сұрастыра келе білгенім, бұл жердегілердің жартысынан көбі Өзбекстан елінен, арасында Шымкент пен облыс аудандарынан екен. Лаланың жасы 46-да.

«Базар артында жалдамалы қызмет етіп, балаларыма ақша жіберіп тұрамын. Бірақ, биыл пандемия, елдегі кешегі Төтенше жағдай кезінде жұмыс болған жоқ. Қазіргі кезде көбіне жеміс-жидек, көкөніс сататындарға жалданамыз. Жүк көлігімен келетін көкөніс, жемістерді сорттап, тазаларын бөлек шығарамыз. Ол үшін бұрын 5000 теңге төлейтін, қазір 3000 теңгеге еріп кете береміз. Отбасыма ақша жібермек түгілі, жалдамалы пәтерімнің ақысын төлей алмай, қарызға да әбден баттым» дейді ол.

Ал, Шымкенттен келіп, жалдамалы жұмыс жасап жүрген Айнұрдың айтуынша, бұл мекенде көптен жүрген «апатайлар» өзі секілді жаңадан келгендерге күн бермейді. Тапқан клиенттерін тартып алып, дымсыз қалдыратын көрінеді. Тіпті, ұрып, көзін де көгертіп қойған.

– Кешелі бері үш жалдамалы жұмысшы жігітті жалдап, біраз шаруамды жасатып жатырмын. Бұрын ағайындарымның балаларын шақырып алатынмын. Дегенмен әркімнің өз жұмысы бар, сенбі, жексенбі күндері олардың қолдары тие бермейді. Қашанғы жалынамын, кейін майда-шүйде шаруаларымды осы жігіттерге жасатамын. Алдыңғы апталарда шарбақ іштерін тазалатқанмын. Жұмыстарын тиянақты атқарады. Бүгін есік алдындағы сарай ішін сылатуға қыз балаларды алып отырмын. Жолдасым да, өзім де жұмыстамыз, сондықтан жалдамалы жұмысшылар қызметіне жүгінуге тура келеді, — дейді Ғалымжан атты жігіт ағасы.

Иә, өмір атты шырғалаңы мен шырмауы көп жолда әркімнің өзіне бұйырған, маңдайына жазылған несібесі бар. Біреулер тойып, енді біреулері тоңып секіреді. Жақсы мен жаман, ақ пен қара сынды сызықтардың қатар жүретіні тәрізді жоқ пен бар да қоғамдағы қарамақайшылықтардың бір көрінісі ме деп те ойлайсың… Бұл – тағдыр, тағдырдың жазуы.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button