Жарнама
Жаңалықтар

Елдің амандығы – бәрінен құнды

Қаңтар оқиғасы мемлекеттіліктің қаншалықты осал, ал тұрақтылық пен амандықтың қандай құнды екенін айқын көрсетті. Яғни, басты байлығымызды жоғалтып алу өте оңай екен. Мемлекетімізді сақтау, оны бағалау өте маңызды.

Мемлекет пен қоғамның бірін-бірі ести білуі де зор мәнге ие. Жергілікті билік бұқараның сұраныстарына, олардың қажеттілігіне жедел әрекет етіп, наразылықтардың артуына, олардың қарсылыққа айналуына жол бермеуі тиіс. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын орын алған оқиға да осы себептен бастау алған еді. Яғни, Қазақстанның батыс облыстарынан басталған автомобиль отыны ретінде пайдаланатын газ бағасының өсуіне қарсы басталған бейбіт наразылық мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған арандатушылардың араласуымен жанжалға ұласты. Адамдар қаза болды, жараланды, мемлекеттік мекемелерге, бизнес орталықтарына көп зиян келді. Рас, бұл оқиға бірлігімізге, тұтастығымызға сызат түсу қаупін тудырды. Қаншама шаңырақты қайғыға душар етті. Алайда, уақыт көші тоқтамасы анық. Осынау қаралы күн өткен тарихқа айналды.

 Қаңтар қасіретінің қайталануына жол бермеу үшін проблеманы туындаған сәтінде бірден шешіп, халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне мониторинг жасау, шынайы өмірлік сұраныс пен әлеуметтік желілердегі наразылық көңіл-күйді ажырата білу қажет. Азаматтардың нақты проблемаларына назар аударып, мәселелерді шешу, халықтың әл-ауқатын арттыратын жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қолдау керек. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елде 23 мың не жұмыс жасамайтын, не оқымайтын жастар бар деп айтты. Алайда, Үкімет Жолдауда айтылған осы пікірді зерттеген жоқ. Қоғам белсенділерінің көрсетуінше, қазақ жастары үшін екі-ақ жұмыс қолжетімді. Олар – күзетші және такси жүргізушісі. Басқа жұмыс жоқ. Мектеп бітірген жас жоғары оқу орнына түсе алмайды. Талап қиын, кедергі көп. Көлік жүргізу куәлігін алу, оқуға түсуден де қиындау. Қоғамдағы тыныштық әлеуметтік, тұрмыстық тұрақтылыққа байланысты. Міне, осыны мықтап есте ұстау керек.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН, профессор, тарих ғылымдарының докторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button