ЖАҒАЖАЙ – ҮНЕМІ БАҚЫЛАУДА

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің судан құтқару қызметі тәртіп сақшыларымен бірігіп, жағажайдағы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында рейд ұйымдастырды.

 

Атырау қалалық судан құтқару стансасынан бастау алған рейд барысында Атырау спорт кешені мен Тұрғындар қалашығы маңындағы жағажайлар тексерілді. Мұнда халықтың қауіпсіздігі біршама сақталған. Әр жағажайда екі судан құтқарушы алмасып, тәулік бойы қызмет етеді. Суда жүзу шегі 200 метр деп белгіленген.

Айта кетерлігі, суға түсу кезінде қауіпсіздік қағидаларының өрескел бұзылуы, тыйым салынған жерлерге суға түсу, пирстан секіру, жасөспірімдердің қараусыз қалуы – судағы қайғылы жағдайлардың туындауына негізгі себеп.

Атырау қаласы бойынша белгіленген тоғыз қауіпті аймақ бар. Рейд барысында бұл жерлерде балалардан басқа үлкендер де кездесті. Судан құтқару қызметінің мамандары мен полицейлер қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Атырау қалалық судан құтқару қызметінің басшысы Мәмбет Өтеулиевтің айтуынша, биылғы жылы бүгінге дейін бес адам суға батқан. Абырой болғанда, оның төртеуі құтқарылған. Бір бала қайтыс болған. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауда бүгінге дейін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен, облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірлескен 27 рейд жүргізілді. Сондай-ақ, Дамбы, Еркінқала, Жамбыл елді мекендерінің тұрғындары арасынан 24 ерікті құтқарушы оқытылып, дайындалды.

Бұдан басқа, құтқару жасағының қызметкерлері «Атырау» орталық  жүзу бассейнінде балаларға жүзудің негізгі тәсілдері мен суда өздігінен қозғалу, тұру элементтерін үйретеді. Биыл құтқарушылардың көмегімен 338 бала жүзу ережелерін меңгерді.

Жалпы, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және облыс су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін қайта құрылған жедел-құтқару жасағының 10 автокөлік, 32 жүзу құралы, жалпы есеппен73бірлік жеке құрамы дайындалыпты.

Биыл Атырау қаласындағы екі жағажайға «Сәрсекен» жеке кәсіпкерлігі иелік етуде. «Қауіпсіздік шаралары да мерзімінен бұрын қолға алынды. Судан құтқарушылар кезекшілікпен қызмет етуде. Жағажайдың жайлы болуы үшін балаларға арналған ойын алаңқайлары салынуда. Биыл жағажайларда 750 адам интернеттің сымсыз желісін пайдалана алады. Алдағы уақытта оның пайдалану мүмкіндігін арттырамыз. Көгалдандыру жұмыстары қалыс қалмай, 1500 тал егілді. Жақын күндері ересектерге арналған теннис, волейбол алаңдары пайдалануға беріледі» дейді кәсіпкер Р.Мұсағалиев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз