Жарнама
Жаңалықтар

ЖАҢА КӘСІБИ СТАНДАРТ

Алқалы жиындағы алғашқы  әңгіме мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексі» төңірегінде өрбіді. Жаңа заңның  ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Алмаз Кәрімжанов баяндады.

— Өздеріңізге мәлім, Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында атап өтілгеніндей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде 60-қа тарта жаңа заңнамалық акт күшіне енді. Солардың бірі де бірегейі мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексі»  болып табылады. Аталған құжат «Жалпы ережелер», «Мінез құлықтың жалпы стандарттары», «Қызметтен тыс мезгілдегі мінез-құлық стандарттары», «Қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары», «Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеу»  атты тармақтардан тұрады. Сондай-ақ, кодексте  басшы және төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілердің міндеттері де белгіленген.

Осыларды қысқаша баяндаған Алмаз Кәрімжанұлы  кодекстің қабылдануымен байланысты тағы бір жаңа институттың құрылғандығына тоқталды. Ол «Әдеп жөніндегі уәкіл» деп аталады. Бұл туралы Ережеде бекітілгеніндей, уәкілдің негізгі функцияларына  консультациялық көмек көрсету, құқықтық әдеп нормаларын бұзудың     профилактикасы, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және моральдық-әдептілік мәдениетін қалыптастыру, уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау, т.б. міндеттердің кіретіндігі атап көрсетілген.

Актив жиналысында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұхит Избанов «нақты 100 қадамнан» тұратын Ұлт жоспарының алтын арқауы саналатын бес тұғырлы реформаның біріншісі «Мемлекеттік аппаратты  кәсібилендіру» деп аталуы да тектен-тек еместігін айтты. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның да негізінен  мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталғандығын алға тартты. Құжатта басымдық берілген мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын бәсекелестік және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыру тәжірибесінің де ТМД елдері арасында Қазақстанда алғашқы болып қолға алынғанын атап өтті.

Сайып келгенде, жұмыс тәжірибесінің болуы кез-келген мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болып табылады және де ол конкурстық негізде ғана жүзеге асырылады. Жаңалық ретінде айтарымыз, ендігі жерде мемлекеттік қызметке мемлекеттік емес сектордағы басқарушы азаматтар мен шетелдік менеджерлер де тартылады. Осылайша, ашық конкурсқа қатысып, кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен мақұлданған үміткерлер мемлекеттік қызмет құрылымдарына жұмысқа қабылданады.

Тағы бір өзгеріс – мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесінің оның біліктілігі мен атқаратын қызметінің сипаты, ауқымы мен нәтижесі ескеріле отырып, тиісті заң шеңберінде бекітілетіндігі. Ал, жоғары нәтижелерге қол жеткізгендеріне бонустар төлеу жағы да қарастырылған. Соңғысын 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу межеленген. Елбасының халыққа Жолдауында атап көрсетілгеніндей, үстіміздегі жылдан «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жоғарылатылғанын, олардың жаңадан белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі кешенді аттестаттау жолымен анықталып отыратындығын айта кетуіміз керек. Мемлекет басшысының мақаласында атап өтілгеніндей, аттестаттау кезеңінде мемлекеттік қызметке орналасуға конкурстар өткізуге мораторий жарияланады.

Актив жиналысында жас мемлекеттік қызметшілердің атынан Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Елдана Асылханова сөз алды. Жаңадан жұмыстарына кіріскен мемлекеттік қызметшілердің бір тобы салтанатты түрде Ант қабылдады.

Дәулетқали  АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button