Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жұрттың “Фейсбукта” немен айналысатыны белгілі болды

«Facebook», «Instagram», «Whatsapp», «BKонтакте». Бұл желілер қазір жас талғамайтын болды. Оған жіпсіз байлан-ғандардың қатарында еңбектеген баладан, егде жастағыларға дейін бар…

zavisimost-ot-telefona

Бизнестің көзі

Мойындау керек, әлеуметтік желінің пайдалы жақтары да көп. Бұл арқылы адамдар таныстарын, достарын, әріптестерін тауып, олармен ұдайы байланыста болады.

Ол арқылы өз бизнесін жүргізіп отырғандар да аз емес. Өйткені, желі біткен ақпарат алмасудың жедел әрі тиімді жолы. Әр адам өз ақпаратын еш шығынсыз жариялай алады. Мәселен, өнер жұлдыздары жеке немесе шығармашылық өміріндегі жаңалықтарымен бөліссе, ақын-жазушыларымыз сиясы кеппеген шығармаларын жариялап отырады. Желідегі топтарға тіркеліп, өз ойларыңызбен бөлісіп, қажетті ақпарат алмасуға да болады.

Елімізде кеңінен танымал «Instagram» желісі – жарнама үшін де  ең оңтайлы әдіс. Бұл желіде бүгінде түрлі компаниялар, дүкендер, тіпті, газет-журналдар мен телеарна, радиолардың да арнайы парақшалары бар. Бірі «Instagram» арқылы өнімдерін жарнамаласа, енді бірі өздеріне жұмысшы іздеуде осы желінің көмегіне жүгініп жатады. Тіпті, қазір мекемелерде әлеуметтік желілердегі парақшаларды жүргізіп отыру үшін арнайы мамандар жұмыс істейді.

Әрине, әлеуметтік желі жұрттың жұмысын өрге домалатып жатса, қуанамыз. Алайда, соңғы кезде «арзан әрі тиімді ақпарат көзі екен» деп, желілерде жөн-жосықсыз жаңалықтарды жариялай беру де жұртты жалықтыра бастады.

Мәселен, зерттеу нәтижесінде әлеуметтік желілерде қазақстандықтар көбінесе мәдениет, әдебиет, бұқаралық ақпарат құралдары, медиа, спорт және отбасылық қызықты мағлұматтарды жиі оқиды екен, бірақ, отандастарымызды білім беру мен автокөліктер туралы ақпараттар аса қызықтырмайтын  болып шықты.

Мысалы, «Инстаграмды» жай суреттер мен бейнежазбаларды жариялап қана қоятын желі деп қарау қате. Біріншіден, бұл желіні негізінен әншілер, асабалар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметтегі белгілі азаматтар жұмыстарына тегін жарнама ретінде пайдаланады.

Екіншіден, «подписчиктер» жинап жарысады. Бұл да бір қазіргі заманның маңызды трендіне айналды. Сондықтан, әлеуметтік желілерге әуестенгенде де өзімізге тәрбиелік пайдасы бар, жұмысымызға қажетті желіні таңдаған жөн секілді.

513564_original

Тәуелділік туғызады

Желінің тәуелділік туғызатын зиянды жақтары да бар. Бүгінде әлем халқының 60%-ға жуығы бетпе-бет тілдесуден гөрі, ғаламтор арқылы сөйлесуді жөн санайды екен. Әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден аластатады. Мұның нәтижесі әсіресе, жастар арасында күрделі мәселеге айналып отыр.

Ғалымдардың зерттеулерінде «Инстаграм» желісінің қолданушылары күйзеліске ұшырататыны айтылады. Мамандардың пайымдауларында, «ВКонтакте» желісі – суицидке апаратын жол» деп аталған. Жасөспірімдер арасында белең алып тұрған суицидке осы желідегі кейбір ақпараттардың әсер етуі де мүмкін-ау деген ойға жетелейді. Сол себепті, елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні қолдануына заңмен тыйым салынуы қажет деген пікір айтыла бастады.  Осындай бастама көтерген депутаттар «жасөспірімдер ата-анасының рұқсатынсыз ғаламтордан жеке парақша ашпауы тиіс» деген ұсынысты да алға тартып отыр.

Өйткені, соңғы кезде ғаламторда суицидті ашық насихаттайтын сайттар мен жат ағымды дәріптеушілер көбейген. Өзіне-өзі қол салған балалардың саны бойынша Қазақстан әлемде үшінші орыннан түспей келеді.

Статистикаға жүгінсек, жастардың 49,2%-ы – әлеуметтік желіні күнделікті, 19,7%-ы – аптасына бір рет және 9,1%-ы айына бір рет парақтап отырады екен. Бұл деректер ата-аналарды қатты алаңдатуда. Әлеуметтік желіге жіпсіз байлану – дәрменсіздікпен бірге, дененің физикалық жағдайына да кері әсер етеді. Мысалы, 15 жастағы бала күніне 4 сағат экран алдында отырса, физикалық күшке шамамен 1 сағат қана уақыт бөледі екен.

d73174c8b6cf4d281f8a591688c55680

Сіз не дейсіз?

Гүлшат ҚАНАТОВА, балалар психологі:

Дүниетанымды тарылтады

– Психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, әлеуметтік желілер, ғаламтор, жалпы ұялы телефонның  балалар мен жасөспірімдерге кері әсері мол. Яғни, бала таңнан қара кешке дейін ұялы телефон мен компьютерге үңіліп, әлеуметтік желілерді парақтап отыратын болса, оның қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендейді. Адамдармен араласып, тілдесуден де қалады.

Айналада болып жатқан дүниенің барлығын әлеуметтік желілерден табуға дағдыланса, ол өмірде ізденісті тоқтатады. Соның әсерінен жасөспірімдердің дүниетанымы да тарыла бастайды. Ата-аналар кішкентай балаларының технология тілін жақсы меңгергенін мақтанышпен айтып жатады. Бірақ, баланы кішкентайынан ғаламторға тәуелділікке үйретпеу қажет. Кейде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар анайы бейнежазбалар орналастырып, суреттер салып жатады. Мұның да жас балалардың психологиясына кері әсер ететінін ескерген жөн. Сондықтан, ата-аналар балаларының әлеуметтік желідегі парақшаларын үнемі бақылағандары дұрыс.

 

Зүлпат  ІЗБАСҚАНҚЫЗЫ,

Атырау қалалық №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Оқу үрдісіне кедергі келтіруде

– Қазір оқушылардың басым бөлігі ұялы телефонға тәуелді. Ата-аналар да балаларын қатардан қалдырмауды ойлап, қымбат ұялы телефондар алып береді. Сондықтан, оқушылар кейде сабақ үстінде де әлеуметтік желілерге кіруді әдетке айналдырып алған. Сабақ үстінде оны пайдалануға тыйым салсақ та, балаларды  одан  алшақтату  қиын болып барады.

Өз кезегінде бұл жайт білім беруге кедергі келтіруде. «Әлеуметтік желілерге хабарлама келіп қала ма?» деп елеңдеген оқушы мұғалімнің айтқанын тыңдай бермейді. Сөйтіп, жаңа тақырыпты түсінбей қалады. Ал, ең соңында оқушылардың сауатсыздығы үшін ұстаздар айыпты болып шығады. Мұндай жағдайда ата-аналар балаларын қадағалап отырса екен деген тілегім бар.

Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі сленг, яғни қолданушылардың жазу стилі әдеби тілді шұбарлайтыны да өз алдына үлкен проблемалық мәселе.

 

Әйгерім ӘЛІМЖАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің PhD докторанты, мультимедиа маманы:

Әлеуметтік желі – белсенді коммуникация алаңы

– «Аз ғана жылда желіге жабысқан жастар мен ақыл-ойын ортаға салатын белсенділер неге көбейіп кетті?» деген орынды сұрақ туындайды. Оған әрине, ғаламтордың қарқынды дамуы, жоғары технологиялардың мүмкіндіктері әсер етуде. Бұл – бүкіл әлемде бар құбылыс. Дегенмен, аз уақыттта біздің елде жастар психологиясы өзгеріп, желісіз отырып, тұра алмайтын, санасы  әлеуметтік желідегі түрлі жарнамаларға байланған жас ұрпақты қалыптастырып үлгерді.  Енді осы саладағы  мәдениетті  дамытудың  бір жолы халыққа интернет сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, мультимедиалық құралдардың артықшылықтарын онлайн курстар арқылы оқытып сіңіру қажет. Сонда ғана әлеуметтік желінің жетегінде кетпей, ғаламтордан өзіне қажеттісін ғана алатын ұрпақты тәрбиелейміз. Ол үшін мектеп табалдырығынан бастап жоғары оқу орнына дейін арнайы курстар ашу керек. Интернет сауаттылығымыз артпай, желі туралы оңды-солды пікірлер толастамасы анық.

 

Фархад  ӘБІЛОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

журналистика бөлімінің  студенті:

Ғаламторды тиімді пайдаланамын

– Әлеуметтік желілердің мен үшін пайдасы көп. Алыста жүрген бауырларыммен, достарыммен еш қиындықсыз хабар алысамын. Құжаттар жіберу қажет болса да, суретке түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Әлеуметтік желілерге тәуелді жандардың қатарынан емеспін. Бірақ, күніне бірнеше рет «Instagram» және «ВКонтакте» желілеріне кіріп тұрамын.

Халықаралық «Facebook» және «Whatsapp» ғаламтор әлемінде кеңінен таралған. Статистика бойынша,  қазақстандық интернет қолданушылардың 62,4%-ы  – «ВКонтакте», 25,9%-ы – «Мой Мир»,  22,7%-ы – «Одноклассники» және  95%-ы – «Instagram», 6%-ы басқа желілерді қолданады екен.

Абай Ақмұрзиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button