Жарнама
Жаңалықтар

ЖҮРЕК СОҒЫСЫ ЖАҢЫЛМАЙДЫ

 

Ота жасау жеңілдей түсті

Мамандар елдегі өлім-жітімнің 54 пайызын жүрек-қан тамырлары ауруларымен тікелей байланыстырады.  Соның салдарынан жылына мыңдаған адам көз жұматын көрінеді. Осындай қауіпті цифрларды төмендетуге мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі озық технологиялардың жұмысымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен ТШО компаниясының  бас  директоры Тим Миллер танысты. Облыстық кардиохирургия орталығының бас дәрігері Марат Қонысов жұмыс істегеніне бір ай болған электрофизиологиялық зертхананың көмегімен он бес операция жасалғанын айтты. «Біз еліміз бойынша мұндай зертханаға  қол жеткізген төртінші облыс болып табыламыз. Жыл аяғына дейін осындай елу ота жасау көзделуде. Басты ерекшелік – электрофизиологиялық зертхананың көмегімен жүректі тоқтатпай ота жасауға мүмкіндік бар» деді ол. Алғашқы көрсеткіштерге ризашылығын білдірген аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев заманауи құрылғылардың облыстық кардиологиялық орталыққа әкелінуі – болашаққа жасалған үлкен қадам екендігін атап өтті. «Енді тіпті жағдайы ауыр деген науқастардың орталыққа, басқа елге баруына қажеттілік жоқ. Кардиохирургия саласындағы барлық қызмет түрлері облыстық кардиологиялық орталықта көрсетілетін болады» деген ол өңір басшылығы атынан ТШО компаниясына алғыс айтты. Тағы бір жаңалық, алдағы жылдары кардиоорталыққа жапсарлас ғимарат салынып, онда науқастарға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетілетін болады.

Бас демеуші Тим Миллер облыс халқының саулығын сақтауға ТШО компаниясының қайырымдылық жолмен үлес қосып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. «Атырау облыстық  денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жұмыс істей отырып, біздер аймақтағы өткір тұрған проблемалармен кеңірек таныстық. Соның нәтижесінде облыстық кардиологиялық орталық, облыстық балалар ауруханасы және жеті ауданның орталық ауруханалары қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді» деген ТШО компаниясының бас директоры Тим Миллер сол жабдықтар бойынша арнайы оқудан өткен мамандардың халық саулығын сақтауға үлес қосатындарына сенім білдірді.

Аудандарға – аудиометр құрылғылары

ТШО компаниясымен арадағы байланыстың 1996 жылдан бері қарай сәтті жалғасып келе жатқандығын атап өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дина Камелова әлем бойынша жүрек-қан тамырлары ауруының көрсеткіші жоғары екендігіне тоқталды. «Бұл проблема елімізде, облысымызда да өткір тұр. Сондықтан, заманауи жаңа технологияға негізделген жабдықтардың облысымызда жұмыс істеуі өңірлік медицинаны жаңа деңгейге көтереді. Есту қабілетінде ақауы бар балалардың көбеюі де бізді алаңдатқан мәселелердің бірі еді. Енді міне, облыстық балалар ауруханасына арнайы құрылғы алынды. Жеті ауданға жаңа туған баланың есту қабілетін анықтайтын аудиометр құрылғысы тапсырылмақ. Бұл сырқат балаларға кешенді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді» деді ол.

Облыстық кардиохирургия орталығының бас дәрігері Марат Қонысовтың айтуынша, АҚШ елінде жасалған электрофизиологиялық зертхана – жүрек қағысындағы өзгерістерді қарқынды емдеуге мүмкіндік береді. Кардиохиургия саласындағы ең озық технологиялардың бірі саналатын мұндай зертхананың басты ерекшелігі, ол ағзаға мейлінше күш түсірмей отырып жүректі емдеуге жол ашады. «Яғни, электрофизиологиялық зертханадан алған ем әдеттегі дәрілік терапиядан жоғары нәтижелілігімен және қандайма бір асқынуға ұшырау қаупінің төмен болуымен ерекшеленеді» деді ол. 

Озық технология орталықты аймақтық деңгейге көтерЕді

АҚШ – Нидерланды елдерінің бірлескен түрде жасап шығарған 128 кесінділі компьютерлік томографы – компьютерлік томография саласындағы соңғы жаңалықтарды жинақтаған озық технология саналады. Мұндай компьютерлік томографты жасап шығарудағы басты мақсат – аппарат арқылы жасалатын зерттеулердің нәтижелілігін мейлінше арттыру болған еді. Енді міне, атыраулық кардиохирургтардың қолына тиген құрылғы емделушінің компьютерлік томография кабинетіне кірген уақытынан циклдың толық аяқталғанға дейінгі мерзімін мейлінше оптимизациялайды, яғни жеңілдетеді. Нәтижесінде құрылғы жоғары сапалы компьютерлік томография суретін алуға мүмкіндік береді. Барлық жүйесі мейлінше дамытылған құрылғы емделушінің ағзасын қарқынды режиммен сканерлейді. Мұндай функциялар сайып келгенде, ауру көзін ерте кезден анықтауға, асқынудың алдын алуға, сол арқылы қатерлі дертті толық емдеуге мүмкіндік береді.

Тапсырылған жабдықтардың ішінде Германияда жасалған кардиохирургиялық операцияларды жасауға арналған бейне-эндоскопиялық кешен де бар. Мұндай кешеннің кардиохирургия саласында қолданылуы – операциядан кейінгі кезеңде ағзада орын алған проблемалар туралы мәліметтерді жедел жинақтауға, ағзадағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді екен. «Жалпы алғанда, аталмыш құрылғылардың облыстағы бас кардиохирургиялық орталықта қолданысқа енуі – интервенционды кардиология, аритмология, жүрек-қан тамырлары және абдоминальды хирургия, сәулелі  диагностика салаларын дамытуға, қан айналымы жүйесіндегі ауруларды тереңінен зерттеуге мүмкіндік береді» дейді мамандар.

Атап өткен жөн, облыстық кардиологиялық орталықтағы операциялар негізінен тегін жасалады. Ота бойынша барлық шығындарды мемлекет толығымен өз мойнына алған. Ал, жаңа құрылғылардың облыста жұмыс істеуі – орталықты аритмияны емдеудегі аймақтық деңгейге көтеріп отыр. Және де науқастарға бұдан былай кардиология саласындағы тың бағыттар бойынша қызмет көрсетілетін болады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button