ЖҰМЫСШЫ – МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ
Былтырғы қыркүйек айынан бастап Қазақстанда алғаш рет мұнай-газ саласына жас мамандарды даярлайтын бірегей жоба іске қосылды. Жоба әлеуметтік аз қамтылған топтағы жастар үшін он ай мерзім ішінде тегін және сапалы білім алып, кейін жұмысқа орналасуға немесе «APEC Petrotechnic» орталығының негізгі бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруға мүмкіндік береді. Жоба шетелдік мекемелер, ұлыбританиялық «Бритиш Кансил» және америкалық «Специализит Петролеум Технологис» серіктестерімен бірлескен түрде жүзеге асырылады.
— Оқыту ағылшын тілінде STEM бағдарламасы бойынша жүргізіліп, жалпы кәсіптік пәндер, мұнай-газ өнеркәсібіндегі математикалық талдаулар және химиялық үрдістер оқытылуда. Теориялық және практикалық дәрістер модулі бойынша «Glycol Contractor Dehydrator simulation», «GOSP simulation», «Refining-modules», «Standard Valves», «Virtual flow loop Trainer», «Xmass Tree Vаlve Configuration» стимуляторларының көмегімен жүргізіледі, — дейді колледж директоры Ермек Күзенбаев.
Оқу бөлімінің бас менеджері Виктория Варавинаның айтуына қарағанда, арнайы пәндерден сәтті өткен курс тыңдаушылары арнайы сертификаттарға ие бола алады. Атап айтқанда, жалпы бұрғылау, ұңғыманы бұрғылау негіздері бойынша үш сертификат, ұңғыманы бақылау, ұңғымада, бұрғылау қондырғысында жұмыс жасауға жіберілу, қауіпсіздік техникасы бойынша бір сертификатқа ие болады екен. Ол сертификаттар кейіннен жұмысқа тұруға толық мүмкіндік береді. Бұл дегеніңіз – кез келген мектеп немесе колледж, тіпті университет пен институт түлектері небәрі он айлық курстан кейін дайын маман болып шығады деген сөз. Жас ерекшелігінде айтулы шектеу жоқ. Он бірінші сыныпты аяқтаған оқушыдан елу жастағы ересек адамға дейін оқуға тілек білдіргендер ағылшын және математика пәндерінен тест сынағын тапсыра алады.
Бір атап өтерлігі, мұнда оқу тегін негізде жүргізіледі. Төрт мезгіл тамақтану, кең жатақхана ғимаратымен қамтылған орталықта мәдени-спорттық үйірмелер де жұмыс жасайды. Соңында жиналғандар оқу сыныптарын, шеберханалар мен зертханаларды аралап, жас кәсіби мамандарды даярлау үрдісімен толығырақ танысты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген
Ерлан Алтыбаев.