Жүлдегерлердің жұлдызды сәті

Жүлдегерлердің жұлдызды сәті Білім

Облысымызда өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Шараның жабылу салтанатында жүлдегерлерді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев құттықтап, ізгі тілектерін арнады, ғылым жолында ізденіп жүрген жастарға сәттілік тіледі. Бір топ оқушыға Алғыс хаттар табысталды.

%d0%b6%d2%af%d0%bb%d0%b4%d0%b5%d0%b3%d0%b5%d1%80%d0%bb%d0%b5%d1%80%d0%b4%d1%96%d2%a3-%d0%b6%d2%b1%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d1%8b-%d1%81%d3%99%d1%82%d1%96

Қазылар алқасының төрайымы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша институтының кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрзила Сәрсенованың айтуынша, биыл додаға 659 оқушы қатынасып, блімдерін таразыға салған. Әрине, жарыс болғаннан кейін бәсеке орта қалыптасатыны белгілі. Облыстық пәндік олимпиада бұл жолы да өңірімізде талантты жастардың көп екендігін байқатып отыр. Атап айтсақ, қатысушылардың 155-сі – ІІІ, 102-сі – ІІ, 56-сы – І жүлделі орындарды иеленді.

– ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Біз білектің күшіне  сенген заманда да жауға беріспедік, ғылым өрлеген кезеңде де ешкімге есе жібермеуіміз керек. Дарынды жастарға қыран құстай қанаттарыңыз талмасын деп тілеймін, – деген Нұрзила Сәрсенқызы жеңімпаздарды анықтайтын сәт туғанын хабарлады. Сонымен, ІІІ дәрежелі дипломды облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова табыс етті. Ағымдағы оқу жылы Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясынан түлеп ұшқалы отырған Ақерке Сәкембай химия пәні бойынша осындай дипломмен марапатталды. Бұған дейін де түрлі деңгейдегі сайыстарға қатынасып жүрген ол сауалдарға мүмкіндігінше нақты жауап беріп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Білім додасы болғаннан кейін жеңіліс те болады. Бұл жолы орын алмаған қатысушыларға сайыстың соңы еместігін айтқым келеді. Келешекте жеңімпаз қатарынан көрінуге тілектеспін», – дейді біз тілдескен Ақерке.

Ал, облыстық мектептер арасынан «Үздік олимпиадалық команда – 2017» номинациясы бойынша ІІ орын облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия, І орын облыстық білім инновациясы  лицейіне берілді. Қала, аудандағы білім ордалары бойынша осындай номинациямен ІІ орынға Махамбет ауданы, І орынға Атырау қаласының командалары лайық деп танылды.

ІІ дәрежелі дипломды облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов тапсырды.

%d0%b6%d2%af%d0%bb%d0%b4%d0%b5%d0%b3%d0%b5%d1%80%d0%bb%d0%b5%d1%80%d0%b4%d1%96%d2%a3-%d0%b6%d2%b1%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d1%8b-%d1%81%d3%99%d1%82%d1%96-2

– Осыдан бірнеше жыл бұрын осындай пәндік олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген бірқатар балалар бүгінде бүкіл облыстың тізгінінен ұстап келеді. Тіпті, бірнешеуі сол білімдерін шетелде жетілдіріп, түрлі қызметтер атқаруда. Сіздер де осындай биіктен көрініңіздер, – деп шынайы лебізін жеткізді.

Олимпиадаға қатысушылар атынан сөз алған Данияр Әділов республикалық сайысқа жолдама берілген жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған облыстық білім беру басқармасына алғысын білдірді.

– Облыстық білім инновациясы лицейінің түлегімін. Биыл география пәнінен ІІ орынды иелендім, былтыр да осы межеден көріндім. Жалпы, жарысқа 28 оқушы қатынастық. Ұзақ дайындалғандықтан шығар, өзіме олимпиада сұрақтары жеңіл болды. Жастарымызға әрі қарай да еліміздің туын көкке желбіретуге тілектеспін, – деді ол.

І дәрежелі дипломды облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов табыстады. Салтанатты жиын барысында Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясы, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка колледжі өнерпаздары кештің әрін келтіре түсті.

І орынды жеңіп алған 11-сыныптың 13 оқушысына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Алғыс хат тапсырып, олимпиада қатысушылары мен ұстаздарды құттықтады.

– Аймақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» анықталатын жарыс ұйымдастырылды. Оған облысымыздың барлық аудандарынан, қаладан оқуда озат оқушылар келіп, бағын сынады. Лайым да, білімде, ғылымда, өнерде  жетістіктері мол ұл-қыздарымыз көп болсын. Адам баласы тумысынан атқаратын істе бәсекелестікке қабілетті болып, қатарларынан оқ бойы озық тұрғысы келетіні белгілі. Абайша айтсақ, «адам адамнан арымен, рухани құндылығымен артық».

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұрпақ болашағын ұдайы назарда ұстап келеді. Қазіргі бәсекелестік заманында жаһандану процесінде рух пен білім күшті болуы керек. «Боламын деген елдің баласы он бесінде баспын дейді» демекші, кезігетін кедергілерді уақыша деп түсініп, алға нық қадам жасау керек. Ал жастарды қолдауда біз өз тарапымыздан барлық жағдай жасаймыз, – деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз